Жаңалықтар

Театр мерейі – ел абыройы

Қарағанды өңірінде екі бірдей қасиетті қарашаңырақ бар деуші еді. Оның бірі ормандай оқырманы бар қолыңыздағы «Орталық» болса, екіншісі Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры. Биыл аталмыш театрға – 90 жыл. Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ұжымы торқалы тойдың қарсаңында «Арқадағы өнердің Ақсарайы» атты әдеби-сазды кеш өткізіп, театр ұжымын жастармен жүздестірді. Шараға театр басшысы Құрман ҚАЛЫМОВ және театр ардагерлері мен жас актерлер қатысты.

Суреттерді түсірген автор

1932 жылы ашылған театр – «Жұмыссыз жастар» театрынан бастау алған. Сол уақыттан бері қарашаңырақтан елге белгілі режиссер мен актерлер басқа да білікті мамандар қанаттанды. Ал, сол аға буынның салып кеткен сара жолы бүгінде жас ұрпаққа – үлкен жол. Бүгінде театрда үлкеннің ізін басып жастар өсіп келеді. Келген қонақтарға көрермен сауал қойып, кездесуді еркін форматта жалғастырды.

– Бүгінде театрдың алмаған асуы, бағындырмаған биігі жоқ. Сондай абыроймен 2019 жылы театр академиялық мәртебесіне ие болды. Бұл атаққа елдегі қазақ драма театрларының ішіндегі екіншісі болып қол жеткізді. Биыл театрдың 90 жылдығына орай біршама жұмыстар жүргізілуде. Шерхан Мұртаза ағамыздың «Театр көбейсе, түрме азаяды» деген сөзі бар. Театр адамның ой-өрісін, сауатын арттырып қана қоймай, апталап оқитын кітапты бір жарым сағаттың ішінде санаға сіңіріп береді. Жас кезімде «өскенде актер боламын» деген арманым болатын. Өсе келе сол желік басылып, «Театр актері боламын. Театр басқарамын» деген арман пайда болды. Егер мен театр саласына келмесем, түбі мәдениет саласында жүрер едім. Не болмаса сурет салып, бейнелеу өнері мамандығын меңгеретін бе едім?! Негізі 9-сыныпқа дейін «Суретші боламын» деген арманның жетегінде жүрдім. Интернатта оқып жүргенімде бос уақытымның бәрі сурет салумен өтетін. Сөйтіп, 1995 жылы Көкшетауда Шаяхмет Құсайынов атындағы музыкалық қазақ драма театры ашылды. Өзі қаланың бір шетінде еді. Алғашқы қойылымға интернаттың балаларын шақырды. Баратын көлік жоқ. Бәрімізді солдаттарша сапқа тұрғызып, жаяу алып баратын. Сол уақытта театрдың қандай болатынын, актердің жұмысын көріп қызығушылығым арта түсті. Содан кейін әр қойылымына қалмай баратын болдым, – деді Құрман Өмірбекұлы.

Бүгінгі жастардың аяқ алысы жөнінде театр ардагері Кеңес Жұмабеков:

– Сәкен Сейфуллин театры қазақ руханиятының, оның ішінде өнер саласының – мәуелі бәйтерегі. Өңірдің мәдениетін қалыптастыруда өлшеусіз еңбегі сіңген бірден-бір театр бұл. Қиын кезеңдер мен ауыр дәуірді бастан өткеріп, бүгінге жетіп отыр. Қандай заман өтсе де, театр сақталып қалды. Және сақталып қала бермек. Мына біз жүрген жол – кешегі марқасқалардың салып берген жолы. Бүгінде театр ұжымының 85 пайызы – жастар. Олардың бойынан актерлікке деген қызығушылығы ғана емес, осы саланы әрі қарай дамытып, жаңа қырынан көрсеткісі келетін жастардың өсіп келе жатқанына мақтанамын. Ал, табиғи талантымен бірге еңбекқорлығы, құштарлығы ұштасқан жастардан болашақ көруге болады. Әлем елдерінің алдында біздің театрды көрсете алатын ұрпақ өсіп келеді. Мен соған қуанамын, – деді. «Болашақ – жастардың қолында» дейміз. Бүгінде жас та болса бас болып жүрген театр режиссері және көркемдік жетекшісі Айдын Салбанның орыны бір төбе. Талай қойылымға жетекшілік етіп, елдің алғысын арқалап жүрген жанның театр саласына қосқан үлесі де ауыз толтырып айтарлық.

– Бүгінде елге танымал режиссердің бірі, марқұм Рүстем Есдәулетовпен бала-шағымыз бірге өткен. Сол уақытта бәріміз «Театр актері боламыз» деп армандап едік. Алайда, әке-шешеміздің шешімімен 11-сыныптан кейін медицина саласына оқуға түстім. Бірақ, оған ешқандай өкінішім жоқ. Бәріміз оқу бітірген соң Рүстем Өскемендегі облыстық театрға режиссер болып келді. Кейін директор лауазымына тағайындалды. Сол уақытта Рүстем мені театрға шақырған-тын. Ал, мен ойланбастан сахнаға шығып кеттім. Мамандықты адасып жүріп тапсам да, нақты таптым. Өзім Шығыста өскен баламын. Қарағанды жұртының театрға деген қызығушылығы, сүйіспеншілігі мені қатты таңқалдырды. Қаракөз көрермен көп мұнда. Лық толы залды көргенімде кеудемде мақтаныш сезімі билейді. Аға буын өкілі бізге үлкен байлық, сара жол қалдырып кетті. Енді сол ағаларымыздың еңбегін еш кетірмей, шығарған биігінен құлатпай сақтап тұру – бізге жүктелген міндет. Сондықтан, театр жастары үнемі ізденісте жүруі керек. Әрине, жас болған соң әрқайсымыздың дамытатын, үйренер тұстарымыз жетерлік. Сондықтан, жастарға артылған міндет – үлкен, – деді Айдын Салбан.

Жиын барысында «Арқадағы өнердің Ақсарайы» атты кітап көрмесі таныстырылды. Кітапхана қорында баспасөз беттерінде шыққан дүниелерден бастап, ТМД елдері мен КСРО кезіндегі театрлар, тіпті, әлемдегі театрларға байланысты кітаптар қойылған.

Ербол ЕРБОЛАТ. 

Басқа материалдар

Back to top button