Қараусыз бала қабырғамызды қайыстырмасын
Жаның жабырқап, жүрегің «зырқ» ете қалатын ақпараттан көз сүрінеді қазір. Әсіресе, бүлдіршіндерге қатысты уақиға тым көбейіп кетті. Күні кеше жұмыла іздеген Қостанай облысындағы Мәдина есімді бес жастағы баланың денесі судан табылды. Анасының үміті үзілді. Құлыншағын құшағына қысқан кезде өзегімізді өрт шалды. Бұл ғана емес, суға кеткен бала үшін де, терезеден құлап кеткен бейкүнә бүлдіршін үшін де жанымызды қоярға жер таппай, бармақ тістеп келеміз. Бұның бір ғана себебі бар. Бейқамдық. Қараусыз қалған баланың қоғамға нала екенін әлі түйсіне алар емеспіз…
Бала қауіпсіздігіне келгенде шылбырды бос қоюға болмайтынын ата-ананың ұғатын кезі жетті. Өйткені, еліміздің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан түрлі оқиғалар баланы бақылаусыз қалдырудың соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін екенін сан мәрте көрсетті. Біздің облыста да бала жоғалту фактісі жиі тіркеліп тұрады. Мәселен, соңғы 7 айда 71 бала жоғалған. Барлығы табылып, ата-анасымен аман-есен қауышты. Былтыр 60 бала жоғалып, табылыпты. Мамандар көбіне үлкендердің қарауынсыз қалғаннан жоғалады дейді. Көрші ауладан немесе үй ішіне ескертпей туыстарына, достарына кетіп қалады-мыс. Қарағанды да із-түссіз жоғалып кеткен бала жоқ. Құдайға шүкір. Дегенмен, жаман айтпай, жақсы жоқ. Баланы барынша көзден таса қылмау керектігін айтып дабыл қағады құқық қорғау органы.
Енді қараңыз, әлемде әр алты сағат сайын бір бала жоғалады екен. Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының мәліметіне сүйенсек, жыл сайын Еуропа елдерінде 70 мың бала, АҚШ-та 1,5 млн. бала, Ресейде 15 мыңға жуық бала із-түзсіз кетеді. Біздің ел алпауыт мемлекеттердегі халық санынан едәуір аз болсақ та, балалар мен жасөспірімдердің жоғалу көрсеткіші кем түспей тұр. Елімізде жыл сайын 1,5 мыңға жуық бала жоғалады.
Баланы қараусыз қалдырмау деген тек, баланы жоғалтпау деген ұғыммен шектелмейтіні анық. Баланың көз ілестірмейтін жылдамдығын бәріміз жақсы білеміз. Соңғы кездері терезеден құлап кетіп, жазым болатын балалардың саны да артып бара жатыр. Мұндай жазатайым жағдай тағы да балаларды көзден таса қылғандықтан орын алуда. Биыл Сәтбаев, Балқаш, Шахтинск қаласында 4 бала терезеден құлапты. Абырой болғанда аман-сау. Мұның өзі «аһ» ұрғызатыны анық.
Облыстық полиция департаменті ұсынған дерекке сүйенсек, суға кеткен балалар саны да көп. Былтыр облыста 3 бала суға кетсе, биыл 11 баладан көз жазып қалыппыз. Ел бойынша есепке жүгінсек, 40 бала қыршын кетіпті. Төтенше жағдайлар қызметінің айтуынша, қайғылы жағдайлар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан, арнайы жабдықталмаған жерлерде шомылып, балаларын қараусыз қалдырып кететіндіктен орын алады.
– Айналып келгенде мұның бәріне ата-ана кінәлі. Баласына жауапсыз қараудан. Қалада балалар көп жоғалады. Көрші аулаға ойнап кетеді. Бала болған соң солай ғой. Соны ата-аналар біле тұра, алаңсыз жүреді. Біз өз тарапымыздан түрлі профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырып отырамыз. Баласын екі-үш мәрте жоғалтып, іздеген ата-анаға іс қозғаймыз. Мұндайға салғырт қарайтындар да бар. Сонымен қатар, өзен, су қоймаларында рейд жүргіземіз. Соған қарамастан, биыл балалардың суға кетуі тыйылмай тұр, – дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің инспекторы, аға-лейтенант Жанар Серікбайқызы.
«Бала – болашағымыз» дейміз, бірақ, өзіміз солардың сақтығына мән бере қоймаймыз. Амандығына аса қатты алаң емеспіз. Жылдың бір күнінде ғана емес, әр күнінде балаларды қорғауымыз керек. Сосын қараусыз қалған бала жазатайым қабырғамызды қайыстыратынын ойлануымыз керек. Мұны да бір мәрте ғана ойлау орынсыз, күнде көкейімізде жүргені жөн…
Қасымхан ҒАЛЫМ.