Жаңалықтар

Запасқа шықты сарбаздар

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлеріне қарасты «Астана» өңірлік қолбасшылық әскерлерінің 06708 әскери бөліміндегі Материалдық-техникалық қамтамасыз ету батальонының жеке құрамы запасқа шығарылды. Өткен жылдың көктемінде ғана әскер қатарына шақырылып, қатарға қосылған сарбаздар бір жыл бойы Отан алдындағы азаматтық борыштарын абыроймен атқарып, өздерінің туған үйлеріне қайтатын күнге де жетті. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне – 30 жыл толу қарсаңында запасқа шығатын мерзімдік қызмет әскери қызметшілерге арналған салтанатты жиын болып өтті.

Сурет интернеттен алынды

Салтанатты іс-шараны 06708 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Д.Жұмабеков ашты. Ең бірінші кезекте, саптық алаңға көп жылдық тарихы бар 06708 әскери бөлімінің Жауынгерлік Туы енгізілді. Мінберге көтерілген Приозерск гарнизонының бастығы, 06708 әскери бөлімінің командирі подполковник Әбеков Жасұлан Садуұлы сөз сөйлеп, әскери бөлімнің әлеуетін көтеру мен жауынгерлік даярлық деңгейін ілгерілетудегі аянбай тер төккен сарбаздарға бөлімнің жеке құрамы атынан шексіз алғысын жеткізді. Лауазымды тұлға подполковник Жасұлан Садуұлы өз сөзінде: «Сіздер өткен жылы қатарға қосылып, біздің әскери ортада өздеріңіздің Отан алдындағы азаматтық борыштарыңызды адал атқардыңыздар. Алдағы өмірде де дұрыс таңдау жасай алатындарыңызға сенімім мол! Баршаңызға табыс тілеймін, жолдарыңыз болсын!» – деп, шын ризашылығын жеткізді.

Бөлімнің жеке құрамының алдында сап түзеген запасқа шығатын әскери қызметшілер салтанатты түрде бөлімнің Жауынгерлік Туымен қоштасу рәсімін бір кісідей атқарып, жеке құрам алдында асқан ұйымшылдық танытты.

Мінберге жиналған құттықтаушылардың легін жеке құрамға тікелей басқарушы, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету батальонының командирі подполковник Салимов Марат Пардаходжаевич бастап берді. Сонымен бірге, бөлім сержанты 2-ші сыныпты сержант Қорабаев Нұрлан Қойшыбайұлы және запасқа шығатын сарбаздар атынан қатардағы жауынгер Ихан Еламан Мақсатұлы сөз сөйледі.

Сарбаздарға әскери қызмет пен жауапты міндеттерін орындау кезінде дұрыс бағыт-бағдар берудегі Материалдық-техникалық қамтамасыз ету батальонының командирі подполковник Марат Салимов, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету батальонының штаб бастығы майор Нұрзат Есмаханбетов және Материалдық-техникалық қамтамасыз ету батальонының командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары майор Бірлік Чебиков есімдерін ерекше атаған жөн.

Ал, запасқа шығатын мерзімдік қызмет әскери қызметшілердің арасынан өздеріне берілген бұйрықтар мен жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде қатардағы жауынгерлер Кәрім Берік Керімтайұлы, Постников Алексей Александрович және Расим Алибек Мусилимович асқан жауапкершілік танытып, әрдайым үздіктер қатарынан ерекше көзге түсті.

Саптық алаңда запасқа шығатын әскери қызметшілерге зор құрмет көрсетіліп, олардың әрқайсысына фотоальбом мен естелік фото және әскери өмірден есте қаларлық бейнежазбасы бар дискілер табыс етілді.

Аталған іс-шара соңынан запасқа шығатын сарбаздар естелік суретке түсті.

Думан ҚҰРМАНҒАЛИЕВ,

Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы.

Басқа материалдар

Back to top button