Қарағанды қашықтан оқытуға дайын ба?
Төртінші тоқсанда оқушылар қашықтан білім ала бастайды. Ал, оған Қарағанды облысы дайын ба? Ұстаздар мен оқушылар қажетті гаджеттермен қаншалықты қамтылған? Интернеті жоқ шалғай ауылдарда тұратын балалар қалай оқиды? Бұл сұраққа облыстық білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев жауап берді.
Басқарма басшысының айтуынша, облыс аумағындағы 123 шағын жинақты мектепте оқитын 7 624 бала келесі аптадан бастап сабаққа барады. Олар дәстүрлі оқу үрдісін жалғастыра бермек. Бірақ, мұндай мектептерде санитарлық бақылау күшейтіледі. Сабақтар екі ауысымда өтеді және кабинеттік жүйе жойылады.
Ал, 4619 бала «Ел арна» және «Балапан» телеарналары арқылы білім алады. Бұл сабақтар интернетте де қолжетімді. Яғни балалар түсінбеген жерін қайталап көре алады. Сонымен қатар, Қазпошта арқылы қағаз түріндегі материалдарды жолдау іске қосылмақ. Тағы бір айта кетерлігі, қашықтан оқыту материалдарын радиодан да тыңдауға болады.
Интерактивті платформаларда 187 198 бала тәлім алмақ. Бұл санаттағы балалар компьютерлермен, гаджеттермен және интернетпен толық қамтамасыз етілген.
- 12 мыңнан астам оқушының және 2 мыңға жуық педагогтың компьютерлері болмады. Бұл мәселені біз мектеп балансындағы 14 мыңға жуық компьютерлерді уақытша пайдалануға беру арқылы шештік. Жергіліктік бюджеттен 1049 планшет және 150 компьютер сатып алынды. Көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 1915 бала демеушілік қаражат пен бюджет есебінен интернет байланысымен қамтамасыз етілді, – деді Есенғазы Иманғалиев.
Интернет арқылы білім беру sdot.bilimal.kz, daryn.online, sabak.kz, google.classroom.com. сияқты автоматтандырылған платформаларда өтеді. Сондай-ақ, skype, zoom және WhatsApp мессенджерін пайдалану жоспарлануда.
-
Әр мектеп өзіне ыңғайлы бірнеше платформаны таңдап жұмыс істей алады. BilimMediaGroup, DarynOnline сияқты білім беру сайттарына кіру тегін. Осы платформаларда оқыту дайын сабақтарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Олар арқылы мұғалімдер оқушыларға тапсырмалар жіберіп, сол жерде кері байланыс алып, сондай-ақ тестілеу жүргізе алады. Бүгінгі күні барлық оқушылар мен педагогтарға логиндер мен парольдер тарату бойынша жұмыстар аяқталды, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Мектебі жоқ ауылдың балалары не істейді? Қазіргі таңда облыс аумағындағы 125 ауылда мектеп жоқ. Ал, ол жерлерде 2105 оқушы тұрады. Бұл балалар қалай білім алмақ?
Есенғазы Иманғалиевтің айтуынша, мұндай ауылдарда тұратын 1477 бала интернет арқылы қашықтан, 105 оқушы теледидар және Қазпочта арқылы білім алады. Сондай-ақ, 453 бала дәстүрлі оқыту үрдісі жалғасатын мектептерге тасымалданады. Бұдан бөлек, 70 бала туыстарының үйіне орналасқан. Олардың 15-і қашықтан, 55-і дәстүрлі оқу арқылы білім алады.