Жаңалықтар

Тілеуіміз бір Тілекең еді

Тілеубек ЗЕЙНЕШЕВ – Егіндібұлақ, Қарқаралы аймағының тумасы, бәріміз мақтан ететін ерекше азамат болатын-ды. Өте бір білімді-білікті, байсалды көркем мінезі бар, парасатты жан еді.

Сурет Т.ЗЕЙНЕШЕВТІҢ жеке мұрағатынан

Көп азаматтардың ішінде жүріс-тұрысы ғана емес, аса бір талғаммен киім киісі де, қалың бұйра шашы толқынданып, аққұба жүзі ерекше нұрланып жүретін, жігіттің сұлтаны дейтіндей тұлғасы айрықша есте қалды. Сөйлеген кезде де, асықпай, әр ойын анық жеткізіп, «мен осындаймын» деп, маңдайы жарқырап тұратын еді. Қарқылдап шын жүрегімен күлгенде, маңайына шуақ шашып, сол шуағымен баршаны жылытып тұратын. Сыры мен сымбаты келіскен, жан-жақты көркем мінезі бар, айтар сөзін тыңдата білетін, ел сыйлаған, елін сыйлаған біздің Тілекең болатын.

Біз жерлес болғанымызбен де, алғаш қызметке араласқан жылдары ол кісі Егіндібұлақ жағында, мен Қарқаралыда болдым. Тілекеңнің менен сәл ғана үлкендігі болатын. Ол кезде жақын араласатындай мүмкіндік болған жоқ. Менің ең бірінші кездесіп, танысуым ол кісімен облыстық партия комитетінде болған еді. Ол кезде Алматыдан жоғары оқу орнын бітіріп келген, жалындап тұрған жас маман ретінде жұмысын ауыл, ауданда бастап, облыстық партия комитетіне қызметке келген кезі екен. Ол уақытта мен Қарқаралыда қызметтемін, сонда Қарқаралыға Тілекең басшылардың тапсырмасымен біздің жұмысымызды тексеруге келеді ғой. Сол келген кездерінде елмен емен-жарқын араласатын, ешқашан бір дауыс көтеріп, қатты сөйлеу деген жоқ. Алғаш осылай танып-білдім.

Кейін әрине отбасымен де араласып, қызмет барысында қатар жүрдік десек болады.

Мен Клараны бұрыннан білетінмін, Қарқаралыда екі мектепте қатар оқыдық. Клара қазақ мектебін, мен орыс мектебін бітірдім. Келбеті көз тартарлық, сұлу қыз болатын. Міне осындай үлбіреп тұрған, айрықша арудың мектеп бітірісімен мал шаруашылығына баруы таңданарлық болғанымен, ол кезде қалыпты жағдай cаналатын. Жастарды осылай бірер жыл жұмыс істеген соң ғана жоғары оқу орнына қабылдайтын. Сөйтіп арман қуып, Алматыға барған Кларамен қалай танысқанын және әдемі де ақылды қызға ынтыққан талай жігіттердің ішінде өзінің бағы жанғанын Тілекең үнемі мақтаныш етіп, арасында қалжыңын қосып айтып отыратын.

Тіпті, сол жылдары айдай ару Клара қызға Нұрсұлтан Назарбаев та көңіл аударған екен. Екеуі Қазақстан комсомолының 1962 жылы болған Х съезінің делегаты болып, жалпы фотосуретте қатар тұрғанын көргенбіз. Бірақ, арудың өзін таңдағанына осы уақытқа дейін таңданатынын жасырмай, ерекше риза көңілмен еске алатын. Осы әңгімені жақын жүрген отбасылық дос-жолдастары да қалжыңдап: «біздің Тілекең болашақ Президентпен де бәсекелес болып, бағы жанып кеткен азамат» дейтін. Кейінгі жылдарда Тілекеңмен кездесіп қалғанда Нұрекең де қалжыңдап, «Қалың қалай, Клара қалай?» деп үнемі сұрап жататынын талай естідім. Әзілдесіп, шын ниетпен қарқылдап күлетіндеріне куә болатынмын.

Шынында да Тілекең мен Клара екеуі өте жақсы, үлгілі отбасы болды. Өсіп-өнген, сүйікті балалары мен немерелері бар. Ең кенже қыздары жастық шақтағы өздері тәрізді әп-әдемі, сұлу бойжеткен бұл күнде.

Ал, енді жұмыс бабына келетін болсақ, Тілеубек Ережепұлы бірнеше ауданда жемісті еңбек етті. Және қай ауданға басшы болып барса да, ең алдымен сол ауданның әлеуметтік саласына айрықша көңіл бөліп, халқына қамқор болатын. Қандай шара болса да, оның мәдениетті өтуін ерекше қадағалап, талап қоя білетін. Елдің жағдайын жасап, жергілікті жұрттың мұң-мұқтажына құлақ асып, қолынан келгенше көмек беруге тырысатын. Мен енді өзім мәдениет саласында болғандықтан, жергілікті басшылардың мәдениет пен өнерге деген көзқарас, қолдауларына мән беретінмін. Егіндібұлақта еңбек етті, Мичурин, Молодежный, Бұқар жырау аудандарын басқарды, сонда сол жерлердің көркіне, мәдениетіне, тіпті тазалығына айрықша көңіл бөлетін, өзі де тынымсыз еңбек етіп, өзгелерден де жұмысына деген сондай жауапкершілікті талап ететін. Тілекеңнің өз болмысы, табиғаты өнерге, мәдениетке өте жақын еді. Ептеп домбыра шертіп, әдемі әндерді беріліп тыңдап отыратын сәттерінен жан тебіренісін аңғаруға болатын. Кейбір сәттері аяқасты келіп қалған өзгеше ой-шумақтарын қағазға түсіріп, жолдап тұрушы еді. Сол суырыпсалма шумақтардан ол кісінің жанының тазалығы, туған жерге, өскен елге деген жанашырлық қасиеті, сағыныш сезімі сезілетін. Әсіресе Қазыбек би (бұрынғы Егіндібұлақ) ауданының жабылып қалғанына жаны ауырып, өзін мазалаған ойларын қағазға түсірген қысқа-қысқа жазбаларын маған жолдағаны есімде қалыпты.

Өткен жылы ғана Халықаралық әйелдер күніне орай телефоныма былай деп, бір шумақ құттықтау жазып жіберген екен:

«Құтты болсын мереке,

Кетпесін үйден береке.

Денсаулық берсін Сізге,

Бақытты болыңыз өмірде!»

Әрі қарай: «жаңа ғана жаздым», деп соңына қолын қойған.

Мен оны уақытында оқымай қалып, ескерту алған жайым бар, міне енді сол бір шуақты сөздерін, әдемі әзіл-қалжыңдарын сағынып отырмыз.

Тілеубек Ережепұлы еңбек еткен аудандарда аудандық мәдениет бөлімдерін басқарып, қызметтес болған Бұқар жырау ауданындағы Сәуле Шибаева, Мичурин ауданындағы Люба Аубакирова, Егіндібұлақта кітапхана директоры болып, кейіннен Қарқаралының мәдениет бөлімін басқарған Раушан Жылтыбаева сияқты мәдениет саласының ардагерлері осы уақытқа дейін «Тілеубек Ережепұлы әкім болғанда бізді қандай керемет қолдаушы еді» деп, қимастықпен, көздеріне жас алып тұрып еске алады. Шындығында ол кісі кітапханалардың жағдайына, мәдениет үйлеріне көп көңіл бөлетін, кем-кетігін толтыруға күш салатын. Сол жылдары Бұқар жырау ауданында кітапханаларда, мәдениет үйлерінде көптеген тың жобалар жүзеге асырылып, ел игілігіне жұмыс істейтін. Көркемөнерпаздар ұйымдарының өсіп, қалыптасуына, олардың киімдері, сахналық шешімдері бәрі-бәріне мұқият қарайтын еді. Ол кісі жұмыс істеген кейінгі екі аудан да көпұлтты халық мекендейтін жерлер ғой, солардың бәрін алаламай, тең көріп сыйлайтын, олар да Тілекеңді қатты құрметтеуші еді. Қай жерде болса да адамдарды маңайына үйіріп алып, барлығымен де тіл табыса білетін.

Тілеубек Ережепұлы өзі еңбек еткен бірнеше ауданның Құрметті азаматы атағына ие болды, соны кейбір кісілердің қалжыңға сүйеп болса да, «Бір адам қалай бірнеше ауданның Құрметі азаматы болады» дейтіндерін құлағымыз шалып қалып жүрді. Егер сол ауданның азаматтары өздері құрметтеп-сыйласа, сол елге еңбегін сіңіріп, қолтаңбасын қалдырып, лайықты болып тұрса, «Құрметті азамат» атағын қалай бермеске, мен оны дұрыс деп есептеймін, еш артықшылығы жоқ.

Тілекең мен Клараның шаңырағында болғанда, үлкен бір бөлме толған кітаптар мен неше түрлі кітап-альбомдарды, сирек энциклопедияларды, сарғайған хаттарды көріп, таңқаласыз. Тілекең оларды қабырғаға жәй ғана жинап қоймаған, әрқайсысын оқып, ой түйген, рухани азық алған білімді азамат еді. Қазір көп адам, әсіресе жастар «шаң жинайды» деп, кітаптан қашады ғой, ал ол үйде «білім бұлағы – кітапқа» деген құрмет ерекше болатын. Тілекең зейнетке шығып, қалаға біржолата орныққаннан кейін де қарап жатпады, Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесін басқарды. Зейнетте жүрген аймағымызға белгілі азаматтардың басын қосып, жастар тәрбиесіне араласып, қоғам өмірінің тыныс-тіршілігінен тыс қалмай, ақсақалдық ақыл-кеңестерін аямайтын. Қалалық кеңеске жетекшілік етіп жүргенде еліне елеулі ардагерлерге құрметтің бір белгісі ретінде «Қарағанды қаласының Құрметті ардагері» деген медаль (белгі) жасатып, сонымен үлкендерімізді марапаттап отырсақ деген ойы болатын. Бір күні әлгі айтылған медальдың эскизін өзі сызып, «қайсысы дұрыс болар екен», деп бірнеше жобасын салып жіберіпті. Әрқайсында өзіндік мән-мағына бар, эскиздердің қай-қайсысы да терең ойдан, жоғары талғамнан туғаны көрініп тұрды. Тілекең сырқаттанып жүргеніне де қарамай, осы жобасын жүзеге асырып, Құрметті ардагердің белгісін соңындағы қалың жұртына құдды бір өзінен естелік болсын дегендей қалдырып кетті.

Біздің Тілекең достыққа берік, туған-туысқа мейірімді, аса бауырмал жан еді. Туған ағасы басшылық қызметтерде болған, елге белгілі азамат Сарқан ағай қайтыс болған кезде ол кісінің қиналғаны сондай көп уақытқа дейін өз-өзіне келе алмай жүрді. Шығарып салғанда да, асында да дауысы дірілдеп, жүрегінен толғанып сөйлеген сөздері есімде сақталып қалыпты. Кейінгі кездері ағасын қатты сағынатынын айтып, нәзік бір сезіммен ол кісі туралы көңіл толқытарлық естеліктер айтып отырушы еді…

Міне, енді тілеуіміз бір Тілекеңнің өзі де сағынышқа айналып, мәңгілік мекенінде тыныстап жатқанына да жыл толды. Жаныңыз жәннат төрінен орын алып, рухыңыз пейіште шалқысын!

Жан жарыңыз Клара ұрпақтарыңыздың Сіз көре алмай кеткен қызық-қуанышына бөленіп, отыңызды өшірмей, немерелеріңіздің тілеуін тілеп отыр. Алла оларға ұзақ ғұмыр берсін!

Рымбала ОМАРБЕКОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Басқа материалдар

Back to top button