Жаңалықтар

Ұлы Даладағы ұлы ерлік

Иә, Ұлы Далада ұлы ерлік жасалды. Ұлы Дала деп отырғанымыз – Нұр-Сұлтан қаласындағы көше. Осы көшедегі көпқабатты үйдің сегізінші қабатының терезесінен құлағалы тұрған 3 жасар қызды Сәбит ШОНТАҚБАЕВ есімді азамат құтқарып қалды. Ол – Қызылордадан Елордаға нәпақа тапқалы келген көпбалалы әке. Көзсіз ерлікке барып, періштені құтқарған сәтте қасында Сағи ЖЫЛҚЫШИЕВ есімді досы болған.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, еліміздің түпкір-­түпкірінен қапелімде көп ойланбай ерлікке барып, аядай қыздың өмірін сақтап қалғанына риза болған ел­жұрт алғыс айтуда. Сәбиттің ерлігіне тәнті болған депутат Ғабит Сәтмағамбетовтің жеке қоры мен «G­-Park» құрылыс компаниясы бірлесіп, астанадағы «Рио­-де­-Жанейро» тұрғын үй кешенінен 3 бөлмелі пәтер сыйлады.
Қос батыр Нартай Аралбайұлы жүргізетін Ұлттық арнадағы «1001 түн» бағдарламасына эксклюзивті сұхбат берді. Бағдарламада қордың өкілі Айнұр Оспан пәтер кілтін табыстады.

Қор директоры, депутат Ғабит Сәтмағамбетов Сәбиттің кішкентай бүлдіршінді құтқарып қалған видеосын көрген. Өзі қызмет бабымен шет елде жүргендіктен қордың басшысы Айнұр Оспанға хабарласып: «Айнұр, ақпараттың бәрін анықта. Қаһарманымыз пәтерсіз жүрген болса, біз өз тарапымыздан қол ұшымызды созайық» депті. Ал, Айнұр ханым өзі пәтерлі болғандай қуанып, бірден Сәбитпен байланысқа шығып, барлық деректерін жинақтап, қажетті шаруаны тындырыпты.

Сәбит пен Сағи шулы жағдай орын алған сол көпқабатты үйге көрші тұрады екен. Жол­жөнекей өтіп бара жатып, оқиғаға куә болған. Жағдайға қанық болған олар, көп ойланбай 8­ші қабатқа көтеріледі. Есігі ашылмаған, үйде бала жалғыз екенін ұққан олар, 7­ші қабаттағы пәтер арқылы сәбиді құтқарыпты.
Сәбит бірден терезеден шығып, баланы аяғынан ұстап, тартып, қағып алады да, Сағиға береді. Ал, Сағи осы сәтте Сәбиттің аяғынан мықтап ұстап тұрған. Екі жігіт өз өмірлерін қатерге тігіп, ерлік жасады. Осы тұста Сәбиттің жүректілігі мен білектілігін айрықша атап өтер едік. Себебі, баланы бір қолдап қағып алуға да білектің күші мен түкті жүрек керек. Өзі қоса құлап кетуі де мүмкін еді. Оны ойлапжататын уақыт болмағанын айтады Сәбит. Осы сәтті бейнежазбадан мұқият қарап шықтық. Шындығында, ерлік деп айтуға тұрарлық іс. Бір аяқтың ұшында тұрып, бір қолмен баланы қағып алу екінің бірінің қолынан келмесі айдан анық.
– Өз тарапымыздан Сәбиттің отбасына тиісті көмек көрсетеміз. Білімі мен тәжірибесін ескере отырып, Локомотив зауытының («Локомотив құрастыру зауыты» АҚ) директорымен Сәбитті жұмысқа орналастыру туралы келістім. Бұрын ол осы сала бойынша ҚТЖ­-да жұмыс істеген, мамандығы – вагон шаруа­шылығы. Бұл салада тәжірибесі бар.

Сол сияқты отбасын Елордамызға көшіріпәкелу туралы ұсыныс жасадым. Сәбит 4 бала (үш ұл, бір қыз) өсіріп отыр. Жұбайының жұмысқа тұруына, ал балаларын мектепке және балабақшаға орналастыруға көмектесеміз. Осылайша, ресми түрде жұмыс істей отырып, қызметтік тұрғын үйге үміткер бола алады. Сондай­ақ, өзге де тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады. Демеушілер есебінен отбасының несиесін өтеуіне көмектесеміз, ал жазғы уақытта балаларына Бурабайға жолдама береміз. Қала тұрғындарын сақтық шараларын толық сақтауға, балаларын қараусыз және үй терезесін ашық қалдырмауға шақырамын, – деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасына Нұр­-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.

Сәбит – Қызылорданың Жалағашынан, Аққұм ауылының тумасы. Жасы – 36­-дағы азамат пәтер жалдап тұрады екен. Пәтерлі болғанына біз де қуандық.

Бейнежазбадан анық көрінеді. Досы Сағи Сәбиттің аяғынан ұстап тұрып, баланы терезеден ішке кіргізіп алған. Осылайша, Сағи Жылқышиевке де Нұр­-Сұлтан қаласынан екі бөлмелі пәтер берілетін болғанын естіп, тағы толқыдық. Бұл жаңалықты белгілі блогер Дәулет Мұқаев Instagram­-дағы парақшасына жазды.

«Сүйінші, ағайын! GBG құрылыс компаниясы Сәбиттің досы Сағиға 2 бөлмелі пәтер сыйлайтын болды. Бағанадан бері уайымым Сағи болып еді. Енді, әділдік орнады. Ал, біз қор тарапынан екі үйге де жөндеу жұмыстарын жасап береміз. Кең пейілді жандар аман болсын», – деп жазды блогер.
Ал, Алаштың аймаңдай ақыны Қасымхан Бегманов: «Сәбит Серікұлы Шонтақбаевқа «Халық Қаһарманы» атағын беруді ұсынамын. Бұл ерлік санамызды дүр сілкінтті. Сәбит бүгінгі күннің Ертөстігі! Туған жерімізді мәңгіқорғап тұру үшін қазақ даласында жүздеген, мыңдаған Ер Төстіктер өсіп шығуы керек. Ерлік жасау – біздің қанымызда бар қасиет. Сан алуан келеңсіз оқиғалар еңсемізді түсіріп тұрған жауапты кезеңде осы екі азаматымыз­ дың ерлік ісі Жаңа Қазақстанның жастарына үлгі болатыны анық», – деп жазды әлеуметтік желіде.

Сағи Жылқышиев пен Сәбит Шонтақбаев бір­біріне құда болып келеді екен.
«Қорқыныш болды, кішкентай баланы ала алмай қалсақ, Сәбиттің аяғы тайып кетсе, екеуміз де кінәлі боламыз деп ойладым. Аяғы тайып кететінін білдік те, аяқ киімін шешіп алдық. Байлайтын жіп, жеңіл материал іздеп едік, табылмады. Сәбитті бар күшіммен ұстап тұрдым. Бөпені қолыма алғанымда дауысы шықпады, «шок» жағдайында болды, – дейді Сағи.

Сағи – 3 баланың әкесі. Ол да Сәбит секілді астанада жұмыс жасап, ақша табуға келген. Сондай­ақ, осы батыл әрекеті үшін Сәбит Шонтақбаев Төтенше жағдайлар министрлігінің «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Төсбелгіні бірінші вице­министр, генерал­лейтенант Ибрагим Күлшімбаев табыстады.

– Азаматтық қорғау жүйесінің қызметкерлері көппәтерлі үйлердің терезесінен балалардың құлауына байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізсе де, ондай оқиғалар әлі де тіркеліп жатыр. Өкінішке қарай, жыл сайын 120­дай оқиға тіркеледі. Биыл бес айдың ішінде республика бойынша 26, соның ішінде Нұр­Сұлтанда 6 оқиға болған. Бүгін Сәбит Серікұлы бір баланы аман алып қалды, – деді И.Күлшімбаев.
Ал, Сәбит Шонтақбаев жасаған ісін ерлік деп санамайды.
– Мен оны ерлік деп санамаймын. Әрбір азаматтың парызы деп білемін. Менің айтарым – осы, барлығыңызға рақмет, – деді Сәбит.
Осылайша, Ұлы Даладағы ұлы ерлік рухымызды бір сілкіп тастады.

Жәлел ШАЛҚАР.

 

Басқа материалдар

Back to top button