Алпысовтардың «Қазақстан неге Норвегиядай емес және Қазақстанды қалай гүлдендіреміз?» атты кітабының тұсаукесері өтті
Ардақты азамат, білікті заңгер Серік АЛПЫСОВ ағамыз жақында ғана дүние салған еді. Соңында үлкен аманаты қалған. Ол ұлы Мейір АЛПЫСОВПЕН зерттеп жазған «Қазақстан неге Норвегиядай емес және Қазақстанды қалай гүлдендіреміз?» атты кітабының оқырманмен қауышуы. Негізі зерттеу жинағының тұсаукесерін өзі жоспарлап, жақын-жуығына шақырту жолдап қойыпты. Жаратқан сол жоспардың жолын қиды. Өкініштісі, кітаптың тұсаукесері бас авторсыз өтті.
Белгілі заңгер Болат Сыздық кеш шымылдығын түрер сәтте: «Осы шараны өткіземіз дегенде біраз азаматтың қолдауын сезіндік. Облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесіне үлкен алғыс айтқымыз келеді. Автордың өзі тұсаукесер кешін тамыз айының ішінде өткізгісі келді. Өйткені, жұрт айтып жатыр. «Қырқын, жылын неге күтпеді?» деп. Өсиетке байланысты өткізіп отырмыз» деді. Иә, бір параққа өсиет жазып кетіпті. «Қазақстанның неге Норвегия болмағанын түсіндірдік. Норвегия болу үшін не істеу керегін айттық. Қалалар өсті, оң-солын таныды. Бірақ, қоғам әлі дұрыс даму жолына түспей тұр. Мені Қарағандының бір жеріне қойыңдар. Алысқа апарудың қажеті жоқ» деп. Өмірінде елін ерекше сүйген азамат өсиет қағазының өзіне де қазақ қоғамының деңгейіне алаң білдіріпті. Біз бұдан Серік ағаның еліне деген ұлы махаббатын аңғарамыз…
Сонымен, зерттеу жинағында не жазылды? Біздің елдің экономикасын Норвегия елімен салыстыра отырып, әжептеуір кенжелеп қалғанын нақты санмен, дәлелмен жеткізеді. Кітап авторының бірі Мейір Алпысов слайд арқылы көпшілікке қысқаша таныстырып өтті.
– Елдің сұрайтын сұрағы «неге Норвегия?» дейді. Өйткені, екі елдің де экономикасы мұнайға негізделген. Норвегия мұнай арқылы өркендеді. Бізде солай болуымыз керек еді. 2013 жылдан бастап біз Норвегиядан көп өндіреді екенбіз мұнайды. Ал, халқымыздың өмір сапасында бұл көрініп отырған жоқ. Қазақстанда ауылшаруашылығы саласындағы орташа айлық – 105 000 теңге. Ал, Норвегияда бір күнде 70 000 теңге табады. Ал, ұлттық қорының сомасы 1,3 трлн сомаға жетсе, біздің қор әлі 57 млрд-та қалып отыр, – дейді автор.
Одан кейін автор «Неге олай?» деген сұрақтың жауабына тоқталды. Себебі былай екен. Қазақстан өндіріс құралдарын емес, дайын өнімді көп алады екен. Норвегия өз мұнайының 70 пайызын өзі өндіреді. Ал, Қазақстанның өз мұнайындағы үлесі тек 29,5 пайыз ғана екен.
Сонымен қоса, біздің елде өнім өндіру тиімсіз. Банктен беретін несиенің базалық мөлшерлемесі 9 пайыз. Қазір 14 пайыз болып кетті. Ал, Норвегияда 0 пайыз. Міне, осы секілді себептерге тоқталады. Қалғанының бәрі зерттеу жинағында.
Кітапта енді не істеу керегіне де тоқталады. Кедейлікпен күрес, адал бәсеке, мықты парламент және сөз еркіндігі жол ашатынын ашық айтады.
Ұлы Мейір Алпысовтың айтуынша, кітапты шығаруды биыл көктемге жоспарлаған екен. Алайда, Серік Алпысов ағамыз асығып қаңтарда беріп жіберіпті баспаға. Әзірше орысша нұсқасы жарық көрген. Қазақшаға аударылып жатыр. Ағылшын тіліне де аудармақ ниеттері бар.
Мейір Алпысовтың баяндамасынан кейін кітаптың тұсауы салтанатты түрде кесілді. Алғашқы құттықтау сөзді ғасыр адамы Темірғали Көкетаев айтты. Бауырының азаматтық келбетін, елін, жерін сүйген кең жүрегін, өзін, сөзін сағына еске алды. Жаңа жинақтың ел экономикасына тигізер пайдасына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, экономика саласының білгірлері, құқық қорғау саласының қызметкерлері, қоғам белсенділері сөз сөйлеп, ел экономикасын өркендету жолында өз ойларын ортаға салды.
Кітап авторы М.Алпысовқа қала әкімі Ермағанбет Бөлекбаевтың Алғыс хаты табысталды. Отбасы атынан Серік Алпысов ағаның асыл жары Шәрбан апай шараны өте жоғарғы деңгейде өткізуге үлес қосқан Болат Сыздыққа, шараға қатысқан көпшілікке айрықша алғысын жеткізді.
Мемлекеттік қызмет ардагері Ниханбай Омарханов жаңа кітаптың ұлтқа қызмет қылып жүрген әр азаматтың жұмыс үстелінде тұруы тиіс деп баға берді. «Ел экономикасының өркендеуіне үлес қосатындар оқып шықса» деп тарқасып жатты кешке жиналғандар. Иә, кітаптың терең зерттеу, парасатты пайыммен жазылғанын түсіндік…
Қасымхан ҒАЛЫМ.