Қарағандыда Халыққа қызмет көрсету орталығы мен авто ХҚКО фронт-кеңсесі ашылды
Қарағандыда Халыққа қызмет көрсету орталығы мен авто ХҚКО орналасқан фронт-кеңсе ашылды. Аталған кеңсе Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат МУСИН мен облыс басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕККЕ таныстырылды.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін екі ХҚКО-да Connection Point деп аталатын өзіне-өзі қызмет көрсету алаңдары ұйымдастырылған. Келушілер оператордың шақыруын күтпей-ақ электрондық қызметтерді өз бетінше алады. Ол үшін мұнда смартфондар орнатылған, Wi-Fi, принтерлер бар. Электрондық учаскелерде кеңесшілер де жұмыс істейді.
– Жаңа ХҚКО-ларда біз қызмет көрсету үдерісін өзгерттік. Біріншіден, олар Кайдзен принциптерін қолдана отырып, халық ағынын ескеріп, аймақтарға бөлінді, дұрыс орналастырылды. Келушілерге смартфондар арқылы көбірек қызмет көрсету үшін Connection Point өзіне-өзі қызмет көрсету секторларының жұмысын толығымен қайта жасадық, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Сүйеніш Әбілдин фронт-кеңсені таныстыру барысында.
Сондай-ақ, Connection Pointте Egov-тан топ-қызметтерді табуға және оларды жеңілдетілген форматта пайдалануға мүмкіндік беретін арнайы BI-модуль бар. Орталықтардың операциялық залдары үш түрлі секторға бөлінген: экспресс-аймақ, әлеуметтік қызметтерді ұсыну аймағы және жайлылық аймағы. Енді мемлекеттік қызметтерді ұсыну кезінде келушілер бірден олардың мәселелерінің күрделілігі мен жеделдігіне қарай бөлінеді. Сонымен қатар, жаңа фронт-кеңседе «қағазсыз ХҚКО» жобасы іске асырылуда. Операторлар бұдан былай клиенттерден қағаз өтініштер беруді талап етпейді. Сондай-ақ, өтініштер қабылданғаннан кейін берілетін қағаз қолхаттары мен қағаз жеткізгіштердегі нәтижелер жойылады. Оның орнына клиенттер SMS алады.
– Бүгінгі таңда қағаз айналымы сегіз мемлекеттік қызмет көрсету кезінде қысқартылды. Жақын арада тағы да 30 қызмет көрсету кезінде қағазды пайдаланудан бас тарту жоспарлануда, – деп атап өтті Сүйеніш Әбілдин.
Жаңа цифрлық фронт-кеңсе 134-ші есептік квартал, 709-құрылыс мекенжайы бойынша орналасқан. Мұнда мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету үшін, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, оларға арнайы шақыру батырмасы орнатылған. Жеке терезе жұмыс істейді. Балалары бар келушілер үшін ана мен бала бөлмесі және ойын бөлмесі де қарастырылған.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.