Төкен ӘЛЖАНТЕГІ: “Жаңаарқа вальсінің” бағын ашқан – Қарақат”
«Әннің де естісі бар…». Көпшіліктің аузында жүретін сондай әннің ғұмыры әрине, ұзақ болады. Оның өзінде зор талғам, биік өремен жазылса. Арқа жерінің, әсіресе, Жаңаарқа тойының шымылдығы дәл осы әнсіз түрілмейтініне біз кепілміз. «Нұр тұнған өмірі, Құлпырған өңірі, Өзгеден тұратын дара дархан, Атыңнан айналдым, Жаңаарқа…». Бұл – Жаңаарқа жұртшылығының бейресми әнұраны. Осы әнге құлақ түрсек, Арқа атырабы, ондағы жайсаң жұрт, елге деген сағыныш өріле береді, өріле береді. Биыл «Жаңаарқа вальсіне» 40 жыл толыпты. Жазушы, ән авторы Төкен ӘЛЖАНТЕГІ ағамызды әңгімеге тартқанбыз. Осы әннің
тарихына терең бойлайық деп…
– Аға, бүгінгі таңда көзіқарақты оқырман Сізді қабырғалы қаламгер ретінде жақсы таниды, қадірлейді. Осы бір әннің сәтті шығып, ел аузынан түспей орындалуынан-ақ, сіздің сазгерлік қабілетіңіздің сәулелі екенін анық байқауға болады. Білуімізше, Сіз мәдениет саласында да еңбек етіпсіз. «Жаңаарқа вальсі» әніңіздің жарық көруіне тікелей септігі тиген шығар деп ойлаймыз. Сол кезге шегініс жасасақ…
– Рақмет, Қасымхан. Дұрыс ойладың. «Сабақты ине – сәтімен» дейді қазақта. Егер дәл сол мезгілде, дәл сол қарбалас шақта аудандық Мәдениет үйіне жұмысқа ауыспасам сазгерлік қырым ашылмай қалар ма еді, кім білген. 1982 жылдың жаз айында Мәдениет үйіне жұмысқа орналастым. Ең әуелі автоклуб меңгерушісі, кейіннен «Жаңаарқа» ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі міндетін атқардым. Дәл сол уақытта республика төңірегіндегі ансамбльдер астанаға сапар шегіп, өз деңгейлерін Алматы көрермендері мен сарапшыларының талқысына салып жатқан болатын. Осыған орай, ансамбль ұжымына ауданның мәдени хал-ахуалын танытуға жол ашылған-ды. Жаңаарқа, әрине, өнерден кенде жер емес. Игілік Омаров, Көлмағанбет Нұрмағанбетов, Байзақ Сейілов, Жарұлла Шайхин, Қайрат Байбосынов, Қарақойшы Мұхамедин сияқты алдыңғы буын өкілдерінің есімдері бұл кезде Республикаға белгілі болса, олардың өкшелерін басып келе жатқан талантты жастардың өнері де жұртты елеңдетіп отырған. Міне, осы жастардың басын қосу, оларды қалың бұқараға насихаттау ансамбльдің басты мақсатына айналған еді. Осы арада аудандық Мәдениет үйінің директоры Мәруаш Еленбаеваның білімі мен біліктілігі, тәжірибесі өнерпаздарға үлкен демеу болғаны сөзсіз. Негізгі бағдарламаның бағыт-бағдарын айқындағанда біз Мәкеңнің ақылына жүгінгенімізді алға тартамыз. Сөйтіп, концерттік бағдарламаның өзегі етіп кәдімгі үйлену тойын алғанымыз күні кешегідей. Келін түсіру, беташар, қонцерттік қойылым – бәрі-бәрі қазақ тойын жария етіп тұрды. Беташарда аудан экономикасы, сол экономиканың негізін қалаушы еңбеккер халықтың арасынан үздіктер көшін бастаған майталмандарымызға сәлем салу арқылы біз өңіріміздің тірлік-тынысын танытсақ, концерттік бағдарлама өнерпаздардың өнерін жұртқа жайып салды. Бұл бағдарламаның және бір ерекшелігі – сахнаға көтерілген өнерпаздар бұдан әрі де сыртқа шығып кетпей, сахна сәнін жоғалтпауға үлестерін қосатын еді. Яғни, сахна үнемі адамдармен әспеттеліп, ұлттық өнердің көрігіне айналатын. Әрине, әншілер әнін айтып, бишілер биін билеп, күйшілер күй төкпелеген концерт соңына қарай және бір жаңалық енгіздік. Жаңадан үйленіп жатқан жас отау иелері бағдарламаның соңғы сәтінде сахнадан сырғып кете берген жоқ, жиналғандар алдында олар да өз өнерлерін көрсетті, яғни қосылып «Ғашықтар әнін» шырқады. Бұл кәдімгідей көрермендерін толқытты…
– Дәл осы шақта туған шығар ән. Бұған дейін мәдени жиындардың, сауық-кештердің шымылдығын түретін Жаңаарқа туралы ән болмады десеңіз, біз иланар едік…
– Міне, бізді қинаған осы сәт. Жыр мен әннің мекені Жаңаарқа туралы дәл осы мезетке дейін бір ән жоқ екен ғой. Ал, әлгі финалды қалай қорытындылаймыз? Жас жұбайлар әнімен бәрін аяқтай салсақ, көрермен разы болар ма? Киелі өңірге шорт кесілген бағдарлама неге керек. Таңдайға басқан тәттісін жоғалтып алғандай әсерге бөленбей қайтсін… Иә, дәл бұлай жауырды жаба тоқуға болмайтын еді. Сонда не істесек болады? Салмақ сценарий авторы маған түскені белгілі. Шешім таппай қатты қиналғанымды жасырмаймын. Сондай күндердің бірін де, кезекті дайындықтан кейін, жолдастар жақында ғана сәбилі болған Серғазы Зекенов деген өзі палуан, өзі өнерге жақын досымыздың үйіне көңіл көтеруге бара қалдық. Кәдімгі қазақы қоржын үй. Бір бөлмеде біз, бір бөлмеде аяқ-қолын енді ғана бауырына алған досымыздың келіншегі. Мына қызықты қараңыздар: шай ішіп отырғанда мен өз-өзімнен сырғақтап, қолыма тиген домбыраны айналдыра беріппін. Бір әуеннің нақышы пернелерге қонақтаған сияқты. Бірақ, не ырғақ? Біле алар емеспін. Дастархан басында әзіл-қалжың. Мен сытылып, келесі бөлмеге өттім. Дастархан жиналғанда досымыздың келіншегі де осы бөлмеге кірді. Ол бесік тербетеді, мен домбыраны шерте түсемін. Ең әуелі қайырма дайын болды. Ырғаққа сәйкес буындарды шығарып сөзін жазып шықтым. Сосын, әуен нышаны пайда болды. Ештеңеге алаңдайтын емеспін. Сөз құрап әлекпін. Ұзын сөздің қысқасы сағат таңғы үш кезінде бәрі дайын болды-ау деймін. Енді әуенді ұмытпауға тырысуым керек. Өйткені, нотадан мақұрыммын ғой. Ұйқы шала. Ертеңгі дайындыққа жиналғанда көптің алдында түнгі шыққан әуенді ыңылдай отырып орындап бердім. Ансамбльдің музыкалық жетекшісі Алтын Сейфуллин байқаймын менімен бірге ыңылдап отыр. Ақыры сол ыңылдың соңы әуенді оркестрге салып жіберді. Міне, «Жаңаарқа вальсі» осылай туған еді. Бұл – 1982 жылдың күзгі мезгілі-тін. 1982 жылдың 7 қазан, яғни Кеңес дәуірінің Конституция күнінің құрметіне дайындалған «Жаңаарқа» газетінің мерекелік бетінде ән сөзінің жарияланғанын ұмытпаймын. Бұл ән әуелгіде тойларда жиі айтылып жүрді. Жаңаарқа тойында «әу» дегеннің бәрі шапан киеді. Дүкеннің бірден-бірге көшіп жүретін қыдырма шапаны емес, кәдімгі қолдан сырылған Жаңаарқа шапаны.
– Бәрекелді, аға. Сол сәтті көз алдымызға елестетіп салдыңыз. Бұл әннің ел арасына кең таралуына аяулы әнші қарындасыңыз Қарақат Әбілдинаның да ықпалы тиген шығар. Ән әншінің қолына қалай тиді, үлкен сахнаға қалай алып шықты?
– Бірде Алматыға Жазушылар одағының съезіне бара қалдық. Сонда ақындар Абзал Бөкенов, Бақтыбай Аманжолов, Ғалым Жайлыбай және мені Қарақаттың әпкесі Қымбат Әбілдина үйіне қонаққа шақырсын. Бардық. Жақсы отырыс жүріп жатты. Ақындар желпініп алған, бәрі таудан құлар селдей өлең оқиды. Мен роман оқымаймын ғой, отырмын тып-тыныш. Солай отырғанымда көзіме домбыра түсе қалды. Қымбатқа алдырып «Жаңаарқа вальсін» шырқап қоя бермеймін бе. Айналам тына қалған. Ән аяқталғанда жаныма Қымбат келді. «Тағы бір айтыңызшы?» деді қолқа салып. Ақындар аң-таң. Тағы бір орындап шықтым. Мына кереметке қараңыз. Үйде кішкене қыз бала жүрген. Жанарынан өнерге деген тәнтілікті байқау қиын емес еді. Сөйтсек, сол бала Қарақат екен ғой. Күләш Бәйсейітова атындағы музыкалық мектебінің алтыншы класс оқушысы екен. Осы баланың өтінішімен, әрине, Қымбат өлеңнің сөзін жазып беруімді өтінді. Мен қарындасымыздың меселін қайтармадым. Бір-екі күнде біз ауылымызға қайттық. Уақыт арасында мына отырыс ұмытыла бастады. Бірде, Қазақтардың құрылтайы болып жатқан шама-ау деймін. Ертеңгілік жолдасымыз екеуіміз шай ішіп отырғанымызда қабырғаға ілінген радио самбырлап қоя берді. Қарақат баламыз. Құрылтайға менің әніммен шашу шашып жатыр. «Елде жүрген ағамыз Төкен Әлжановтың «Жаңаарқа вальсі» әнін тыңдаңыздар дейді. Мәссаған! Домбырамен сүйемелдей айтты. Кейіннен оркестрге салып жібергенде мүлдем жаңа рең пайда болды. Дәл осылай құлпырады деп ойламаппын. Қандай әннің де бағы орындаушысына байланысты дейтін сөздің жаны бар. «Жаңаарқа вальсін» кеңістікке алып шыққан – Қарақат Әбілдина.
– Жақсы ән жарыққа шықса, қолқа салатындар көп. Түрлендіре орындаушылар да табылады. «Жаңаарқа вальсі» әнін әуелете шырқаған бірнеше әншінің нұсқасында жиі тыңдадық. Тіпті, әніңіздің әуелеп Қытай асқанынан да хабарымыз бар…
– А-а-а, иә. Бірде мынадай жай орын алды. 2000 жылдардың бас кезі болатын. Сыртта жүргенімде қалта телефоным шыр етті. Көтерсем белгісіз бір адам амандық-саулықтан кейін жөн-жосығымды сұрайды: «Төкен Әлжанов деген сіз бе?», – дейді. «Тыңдап тұрмын», – дедім нақ түскенін меңзей. «Кешіріңіз. Біраздан бері іздеп, бүгін өзіңізбен сұхбаттасып тұрғаныма қуаныштымын». «Жайшылық па?», – дедім енді мен қызығушылық таныта. «Не десем екен…», – ол ойланғандай біршама бөгеліс тапты. «Сізге бір қолқа салайық деп телефон шалғанымыз…». Енді менің қызығушылығым артты. «Құлағым сізде?». Бейтанысым жағдайды түсіндіре бастады: «Мен «Гәкку» тобының продюсері едім. Қытайда тұратын бауырларыңыз сіздің «Жаңаарқа вальсі» әніңізді репертуарларына қосуды қалап отыр. Егер, мүмкіндігіңіз болса тыңдап көрсеңіз, сонсын рұқсатыңызды берсеңіз деп едік». «Жақсы», – дедім. Олар телефонға әнді қосты. Тамаша! Сағыныш басым. Туған жерге, атақонысқа деген сағыныш, әрине. Сөйтіп, әнім аспан асты елінің жастары дауысымен де шырқала бастады. Бір қызығы, топтағы үш әншінің бірінің дауысы тура Мейрамбек Бесбаевтың дауысынан айнымайды екен. Соны тыңдағандар көпке шейін орындаушысы Мейрамбек деп шатастырудан танбады. Содан бері қырық жыл өте шыққан, ә? Адам сенбес уақыт. Бәрі күні кешегідей-тін. Иә, әннің шыққанына тура қырық жыл. Шүкір, абыройсыз емес. Осы күнге шейін Қазақстанда ғана емес, Қытай, Моңғолия өлкесіндегі әншілердің орындауында телевидение, радиодан орындалып тұрады. Басқа да шет елде Қарақаттың орындауында шырқалғаны маған мәртебе.
– Әсерлі әңгімеңізге алғыс білдіреміз, Аға. Әніңіз секілді өзіңіздің де ғұмырыңыз шуақты, ұзақ болуын тілейміз…
Әңгімелескен Қасымхан ҒАЛЫМ.