Жаңалықтар

Әлемде не әңгіме?

ПУТИНМЕН СӨЙЛЕСЕ АЛМАДЫ

Қазіргі кезде Ресейдің Украинадағы әскери операциясы жалғасып жатыр. Екі жақтың да шығыны аз емес. Әсіресе, Украинаның шығысында қирамаған қала қалған жоқ деуге болады. Соған байланысты әлем жұртшылығы алаңдап отыр. Италияның бұрынғы Премьер-Министрі Сильвио Берлускони Ресей президенті Владимир Путинге Украинадағы әскери операция басталғаннан бері екі рет телефон шалып, телефонды көтермегенін айтқан. Ол Украинадағы жағдайды өте қауіпті деп атаған. «Кейінгі кездері мен Путинмен сөйлеспеген едім. Біз жақсы жолдас болдық. Осы операция басталған соң екі рет телефон шалдым, екеуіне де жауап бермеді. Осыдан соң мен қайта телефон соққан жоқпын», – дейді Берлускони Миланда өткен референдумнан соң журналистерге берген сұхбатында. Бұрын Сильвио Берлускони мен Владимир Путин бірнеше рет кездескен, олар бір-бірін достармыз деп атаған. 2015 жылы Берлускони Қырымда болған кезінде «Ресейдің тамаша бір бөлшегі екен», – деп атапты. Бірақ, ресми Италия Қырымды Ресей өңірі деп мойындамаған. Сәуірде Сильвио Берлускони Владимир Путиннің Украинадағы соғыс операциясын бастау туралы шешіміне реніш білдіретінін мәлімдеді, Ресей армиясы әскерінің қылмысын айыптады.

ШЕГІРТКЕНІҢ ҰНЫ ҰНАЙ МА?

Ресейде кәдімгі шырылдауық шегірткеден ұнтақ өндіретін ферманың алғашқы кезегі іске қосылды. «Ол ұнтақтан ұн, нан, макарон және тіпті, спорттық тағамдар өндіруге болады», – деп хабарлады «МИР24» телеарнасының тілшісі Ян Веденев. «Кәдімгі печенье. Шын айтып отырмын. Оның ешқандай ерекше дәмі жоқ», – деп тамсанады ол. Бірақ, шегіртке ұнынан дайындалған сұлы печеньесінің құрамы ерекше екен. Онда шегіртке ұны 30 пайыз, аздаған шоколад бар. Мұндай пісірілімнің құрамында глютен жоқ, ал ақуызы еттің құрамындағыдан үш есе көп. Новосибирск шегіртке фермасында дайындалған ұнтақтан жоғарыда аталғандардан басқа батоншалар мен фитнес-печенье дайындау көзделуде. Шегірткені жармалардан, сүйек ұнынан және витаминдерден дайындалған азықпен қоректендіреді. Әзірше олар қолмен өңделіп жатыр, келешекте автоматты желілер орнатылатын болады. Бір шағын ғана бөлменің өзінде жүз мыңдаған шегіртке өсіріледі екен. Олардың көбеюі үшін қолайлы жағдай жасалады. Қазіргі кезде бір жарым айдан соң пайдалануға жарамды болады дейді. Енді оны ғалымдар бір айдың ішінде өсіп жетілетін жағдайға жеткізуді ойластырып жатыр. Келесі жылы Новосибирск шегіртке фермасының өнімі жаппай сатылымға шығарылмақ.

НАТО-ҒА ҚАШАН КІРЕДІ?

Швецияның Премьер-Министрі Магдалена Андерссон жуырда өткен баспасөз мәслихатында ел үкіметінің басым дауыспен НАТО-ға мүше болуға шешім қабылдағанын хабарлады. Олар тиісті өтінімді Хельсинкимен бірлесіп беретін болды. Өйткені, Финляндия да Солтүстік Атлантика альянсына кіруге тілек білдіріп отыр. «Біз қазір қауіпті жағдайда тұрмыз, – деді Швецияның Премьер-Министрі Магдалена Андерссон.

– Швеция мен Финляндияның НАТО-ға кіруі Ресейге ұнамауы мүмкін. Біздің алдымызда қиын уақыттардың күтіп тұрғанын білеміз, біз оған дайынбыз, оны біз елді алаңдату үшін емес, елдің назарын аудару үшін айтып отырмыз. Келе жатқан қиындықты бүкіл дүние жүзі біліп отыр». Бұл екі елдің НАТО-ға кіру процесі, Politico басылымының бағалауына қарағанда, өтінім берген сәттен бастап оны мақұлдағанға дейін бірнеше аптаға созылуы, тіпті ол маусым айының аяғында Мадридте өтетін альянстың саммитіне байланысты жылдамдатылуы да мүмкін. Финляндия мен Швеция жөнінде консенсус бұрыннан бар, басылымның сөзіне қарағанда бірнеше жылдар қажет болған Балтық жағалауы елдеріндегідей емес. Балтық елдерінің НАТО талабына сәйкес келуі үшін альянстың көптеген мүшелерінің сеніміне кіруі қажет болған. Бұл екі елдің демократиялық жағынан жаман аты шықпаған, армия және әскери-техникалық дайындық деңгейі 30 елден тұратын блоктың жағдайын бұрынғыдан да нығайта түсуге жағдай жасайды. НАТО-ға енген елдерге Ұжымдық қорғаныс туралы келісімшарттың бесінші бабы ықпал ететін болады. Бұл егер НАТО-ға мүше елге сырттан қауіп төнген жағдайда басқа мүше елдер оған көмекке келуге даяр болады деген сөз.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button