Ресми

Қазақстанда 1500-ден астам педагог-ассистент жұмысын бастады

Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі мектептерде 1 500-ге жуық педагог-ассистент өз қызметін бастады. Олардың 142-сі Қарағанды облысына тиесілі. Мұндай мамандар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көбірек көңіл бөліп, мектепке бейімделуге көмектеседі. Сол себепті, педагог-ассистент мамандары инклюзивті білім беруде сұранысқа ие.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында білім беруді қолжетімді және инклюзивті етуді тапсырды. Президент әрбір оқушының сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасау қажеттігін баса айтты. Сондықтан, оқу-ағарту министрлігінің шешімімен мектептерде педагог-ассистент лауазымы енгізілді.

«Былтыр ел мектептерінде осындай 700 педагог жұмыс істесе, осы оқу жылының басында олардың саны 1 500-ге дейін көбейді. Педагог-ассистенттер ерекше балалармен жұмыс істеуде ерекше рөл атқарады, олар балаларды бағыттап, бейімделуге көмектеседі. Бұл ерекше қажеттіліктері бар балалар туралы болғандықтан, педагог-ассистенттер техникалық қолдау да көрсете алады. Мысалы, бала өздігінен қозғала алмаса маман көмекке келеді. Сондай-ақ, балаға дефектологтың көмегі қажет болса, педагогикалық қолдау көрсетеді», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, педагог-ассистент ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жеке білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысады. Оқу бағдарламалары ерекше балалардың қажеттіліктеріне қарай бейімделеді. Педагог-ассистенттер балаларға өткен материалды меңгеруге көмектеседі. Мамандар мектеп қабырғасында ерекше балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қажетті жағдайлардың сақталуын қадағалайды.
Министрлік алдағы уақытта мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, балабақшаларда педагог-ассистент лауазымын енгізуді қолға алмақ.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button