Аймақ

Мектеп саны артып келеді

Жаңа оқу жылы басталды. Алайда, шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Соған қарамастан, өңірде мектеп тапшылығын жою үшін білім ордалары салынып, пайдалануға берілді. Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК пен облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВАНЫҢ қатысуымен өткен қоғамдық кеңесте мәлім болды. Одан бөлек, кеңесте мектепке дейінгі және орта білім беру жағдайындағы мәселелер көтеріліп, көптің талқысына түсті.

Мектеп саны артып келеді
Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Елдегі білім саласын дамытып, деңгейін көтеру Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында баса айтылып келеді. Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасын жүзеге асыру мақсатында өңірде біршама жұмыс атқарылуда.

1 қаңтардан бастап 1 215 орынды балабақша ашылды. Жыл соңына дейін 640 орынды балабақша ашуды жоспарлап отырмыз. 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті көтеру қажет. Сондай-ақ, білікті кадрлармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді. Тәрбиешілердің 60%-дан астамында біліктілік санаты бар. Былтыр 894 тәрбиеші жаңа нысан бойынша аттестациядан өтіп, жалақылары 50%-ға дейін өсті, – деді Гүлсім Шабданқызы.

Ваучерлік жүйеге дайындық мақсатында төлемге арналған электрондық шот фактуралар модулі енгізілді. Бұдан былай ата-аналар ақпараттық негізде жинақталған төлемдерін автоматты түрде электронды шот фактураларын алып, көріп отыра алады. Бұның бәрі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жасалған тиімді қадам.

Жыл басынан «Табыс формуласы» жобасының нәтижесінде өңірдегі 50 білім ордасы білім сапасының төмен шкаласын көрсеткен. Алдағы уақытта олқылықтардың орнын толтыру үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, оқушыларға жайлы жағдай жасау үшін бірқатар жұмыс қолға алынды. Нәтижесінде «11»а ықшам-ауданынан жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ал, Теміртауға №12 мектеп қазан айында қолданысқа беріледі.

Бұқар жырау мен Қарқаралы аудандарында 2 мектеп апаттық жағдайда. Құрылыс басқармасының мамандары арнайы тексеру жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта жаңа мектептің құрылысы басталады. Оған жауапты мердігер компания да анықталды. 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 17 мектеп бой көтереді, – деді басқарма басшысы.

Биыл 143 білім беру ұйымын жөндеу жұмыстарын өткізу үшін 5,5 млрд. теңге бөлінген. Оның 3,2 млрд. теңгесі күрделі жөндеу жұмыстары үшін. Оқушыларды әлеуметтік қолдау жұмыстары да жүйелі іске асуда. Биыл бұл жобаға өзгеріс енгізіліпті. Бұған дейін әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға қажетті киім-кешек берсе, биыл ата-аналарының есепшотына әр оқушының киім және оқу құралдары үшін ақшалай қаражат аударылды. Осыдан екі жыл бұрынғы бекітілген ереже бойынша әр балаға – 33 мың теңге. Алайда, биыл бұл сома 37 389 теңгеге өсіп, 10 мыңнан астам балаға үлестірілген.

Сондай-ақ, кітап мәселесі өңірде толығымен шешілді. Осы үшін 2 млрд. теңге бөлініп, әр мектепке жеткізілген. Ыстық тамақ пен автобус мәселесі де оң шешімін тапты. Балаларды жалпы білім беру үрдісіне қосуға ерекше көңіл бөлінуде.

Жоғарыда айтылған дүниелер жыл басынан бері орындалып келе жатқан жұмыстар. Алайда, күрмеулі мәселелер де жоқ емес. Жиынға қатысқан қоғамдық кеңес мүшелері туындаған мәселелерге пікірлерін білдіріп, оны шешу жолдарын талқылады.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button