Жаңалықтар

Тарихшы Ерғазы Төлеудің “Алтын тұғырлы алыптар” атты кітабы жарыққа шықты

Қолымда – «Алтын тұғырлы алыптар» ғылыми-танымдық кітабы. Қолға алғаннан-ақ сыртқы мұқабасының өзі кітапты оқуға жетелейді. Авторы – белгілі тарихшы ғалым, журналист, ұлағатты ұстаз, «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» белгісінің иегері Ерғазы ТӨЛЕУ. Бұған дейін Ерекеңнің «Тәуелсіздік тамыры», «Қыран қазақ», «Шолпан жұлдыз» секілді еңбектері жарық көрген. Кітап қазақ баспасөзінің Арқадағы қарашаңырағы «Орталық Қазақстан» газетінің 90 жылдығы аясында қолға алынған «Ortalyq Qazaqstan» кітапханасы» сериясымен «Мағауия СЕМБАЙ атындағы журналистерді қолдау қоры» қоғамдық қорының демеушілігімен шығып отыр. Жоба авторы – «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы Ерсін МҰСАБЕК.

«Арко» баспаханасында басылған кітаптың жуырда тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Дүркіреп өткен тұсаукесер рәсіміне тарих ғылымдарының докторы, профессор, археолог Мадияр Елеуов, тарих ғылымдарының докторы, профессор «Қазақ жылқысының тарихы», «Қазақ тазысы» сынды сүбелі еңбектердің авторы Ахмет Тохтабаев, кәсіпкер Жеңіс Итбаев, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов, «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабек және басқа да жанашырлары, бауырлары, оқырман қауым қатысты.

– Бәрімізге белгілі кезінде тарихымыздың тамырына балта шабу әрекеттері болған. Ал, сен ұлттық тарихымыздың тамырына қан жүргізуге барынша атсалыстың. Қазір де қасиетті Тәуелсіздігіміздің тамырына балта шабу көріністері орын алуда. Міне, осылардың бәріне басқа амалдармен қатар қаламмен де тойтарыс беруге болады. Осы миссияны іргелі еңбектеріңмен зиялы қауым өкілдерінің ішінде аянбай атқарып жүрген тарихшының бірі өзіңсің. Сонымен қатар, республикалық ғылыми басылымдар мен баспасөзде жарияланған, ки елі Тәуелсіздіктің тамырын әріден ұлттық мүдде тұрғысынан зерделеген ғылыми-танымдық сипаттағы мақалаларың арқылы ел тарихын көпшілік жұртқа танытудағы еңбегің де ерен. Қаламың қарымды болсын, досым! Алдағы уақытта да тың ізденіс тілейміз, – деді өз сөзінде Жандос Қожахметұлы.

Туынды 3 бөлімнен тұрады. «Ғұрпымды ғұннан іздесем…» атты алғашқы бөліміне сонау ғұн империясынан бастап, үйсін, қаңлы, мемлекеттерімен жалғап, бері қарайғы ел аумағындағы мемлекеттердің тарихын қамтиды да, Қазақ мемлекеттілігінің алтын бастауы, Ақ Орда мемлекетінің құрылуы һәм қалыптасуымен түйіндейді.

Ал, «Түбіміз – түркі, ұранымыз – Алаш» тақырыбындағы келесі бөлімде көне түркілер көсемі Тоныкөк, Күлтегін, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Қожа-Ахмет Яссауи, Жошы хан, Бату хан сынды саңлақтардың өмірі һәм шығармашылығы, ел үшін өткен адал еңбегіне жан-жақты қырынан келіп, өз пайымын айтады.

«Тарих һәм тұлға» атты соңғы бөлімі кемеңгерлік киесі Қаздауысты Қазыбек би, қазақтың соңғы әрі айбарлы ханы Кенесары, Наурызбай батыр, қазақты әлемге танытқан Қажымұқан балуан, қазақ әліпбиінің негізін қалаушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, ұстаздардың ұстазы Ыбырай Алтынсарин және ел тарихында өз орны бар атақты Жақып Ақбаев сынды тұлғалардың өмірі мен өнегелі істері хақында.

Бұл кітаптың ерекшелігі – кітап көпшілік оқырманға арналғандығы. Ең қажетті деген, елдің көңілінде, тілінің ұшында жүрген тың ойлар мен керекті дүниелерді сүзіп, автор елегінен өтіп, ұсынылған. Оқырманды жалықтырмайды. Ойландырады. Әр мақаланы оқыған сайын бірінен-біріне қалай ауысқаныңызды байқамай қаласыз. Өйткені, мұндағы мақалалар бір-бірімен сабақтас. Іштей бірігіп, қабысып, тұтас тарихымыздың тың тұстарын әйгілеп тұр.

Ғұннан тамыр тартқан алтын тұғырлы алыптар жайлы сыр шертетін осынау туындының кез келген оқырманды бейжай қалдырмасы анық.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button