Қоғамға әділ сайлау қажет

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан ӘБДІРОВ жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келіп, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Студенттер мәдениет сарайында жұртшылықпен кездесті. Сайлау үдерісіне қатысты халықты қызықтыратын мәселелерді талқылап, оны жетілдіру бойынша ұсыныстарды тыңдады.

Жиынға қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, сайлау комиссиясының мүшелері, ақсақалдар алқасының, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған сайлау реформалары кеңінен талқыланды. Электрондық дауыс беруді енгізу, аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары жұмысының ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету, ауыл әкімдерін сайлау кезінде пікірсайыстар өткізу және әлеуметтік желілерді үгіт алаңдары ретінде пайдалану жөнінде пікірлер болды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында еліміздегі саяси реформалар туралы өзінің ұстанымдарын, тапсырмаларын, ойларын нақты айтқан болатын. Соның ішінде қомақты бөлігі сайлау процесіне байланысты айтылды. Орталық сайлау комиссиясының ел аралап жүргені жаңа үрдістің, жаңа жолдың бір белгісі деп санаймын. 16 ақпандағы кездесуде Президент маған нақты тапсырма берді. «Алдағы барлық сайлау ашық, заңға сүйене отырып өтуі керек», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президент «Ел аралаңыз, Қазақстанның бүкіл өңіріне барыңыз, сайлау процесін қалай жаңғырту керек, қалай дамыту керек осы жөнінде елдің айтар нақты ұсыныстары болса тыңдаңыз, ескеріңіз, пысықтаңыз, қажет болса заңға да енгізейік» деген болатын. Осыған дейін 15 өңірді аралап шықтық. Бүгін аяғымыз Қарағандыға тиіп отыр, – деді Нұрлан Әбдіров. Сайлау комиссиясы мүшелерінің айтуынша, былтырдан бері 995 ауыл әкімінің тікелей сайлауы өткен. Сонымен қатар, 2021 жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы 2024 жылдан бастап аудан әкімдері тікелей сайланатынын жеткізді. Ал, биыл «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатында 2023 жылы пилоттық жоба ретінде басталатынын хабарлаған болатын. Мұның бәрі сайлау комиссияларының жауапты кезеңде тұрғанын көрсетеді.

– Мемлекет басшысы «Саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру» деген болатын. Алдағы уақытта Парламент пен мәслихаттардың рөлі күшейеді, әкімдердің басым көбі халықтың тікелей қалауымен сайланады. Бұрын партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. «Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі», – деді Мемлекет басшысы.       

Айтайын дегенім, алдағы уақытта Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстық және республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Сондай-ақ, аудандар мен қалалардағы сайлау толығымен мажоритарлық жүйеге көшеді. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырады. Оған қоса, елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады.     Императивті мандатқа көшу де депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түседі. Бір сөзбен айтқанда, енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады, – деді Нұрлан Әбдіров.

Сайлау комиссиясының төрағасына алдағы уақытта сайлау электрондық форматта өте ме деген де сұрақ қойылды. «Сайлау жүйесіндегі әділдікті қамтамасыз ететіндер – орталық, аумақтық, округтік, учаскелік комиссиялар. Олардың жұмысында адалдық пен ашықтық болмай, әділ сайлау болмайды. Ал, сайлау жүйесіндегі электронды формат деген әрине жаңашылдық, қаржыны және уақытты үнемдеу деп іске қосуға болады», – деді ол. Айта кету керек, сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде аумақтық сайлау комиссиялары да маңызды рөл атқарады.

– Жақында «Amanat» партиясының съезі өтті – «Adal» партиясымен біріктірілді. Жалпы, саяси партиялар енді сайлауға тең бәсекелестік күресте қатыса алады – оларға тең мүмкіндіктер жасалған. Іс-шарада атап өтілгендей, барлық саяси реформалардың басты міндеті – қоғамда сайлау процесіне қатысушы азаматтарды барынша белсенді болуға шақыру, – дейді Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Қадиша Оспанова. Кездесуде айтылған барлық талап, тілек, ұсынысты таспалап алған Орталық сайлау комиссиясының мүшелері алдағы уақытта оның бәрі заңға өзгерістер енгізуде ескерілетінін жеткізді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.