Руханият

Жынды Ысқақтың балағаты

Сонау сексенінші жылдардың басы болатын. Алматыға бір барған сапарымда жерлесім, ақын Аманжол ҚАНАФИН қонаққа шақырды. Келсем, бірталай адам жиналып қалыпты. Ішінде Ақселеу СЕЙДІМБЕКОВ, Жеңіс Қашқынов және басқа да Алматының екі-үш жас ақыны бар екен. Сонда дастархан басында Ақаңның айтқан әңгімесі еді.

«Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас алаш») Қарағанды және Целиноград облыстары бойынша меншікті тілшісі болып істеп жүрген кезім еді, – деді жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбеков. – Ақтоғай ауданында жынды Ысқақ деген кісі бар дегенді естідім. «Қоңырат» совхозында тұратын Ысекеңнің үйіне әдейі іздеп келіп түстім. Кішкене ғана домаланған қарт екен. Сәлемімді алған соң төрге шығарып, жөн сұрады. Қарағанды қаласында тұратынымды, Жаңаарқа ауданында туғанымды, қазір газет тілшісі екенімді айтып бердім. Содан соң ақсақал үнсіз қалды. Мен де үнсізбін. Бірте-бірте әлгі үйге ауыл адамдары жинала бастады.

Алдына барған адамды Ысекең ретін тауып қайтсе де балағаттайды. Ел соны естуге жиналады екен. Әрі ол кісі бір адамға айтқан теңеуін екінші адамға өмірі қайталамайды ғой. Ысекеңнің алдынан балағат естімей кеткендер де бар. Ондай адамдарды ел құрмет тұтады.

Бір кезде шай келді. Оны-мұны айтып отырып шай ішілді. Бірақ бір арнаға тоғысқан жүйелі әңгіме болған жоқ. Бәрі ақсақалдың аузын бағулы сияқты. Соған қарап мен де шешіле алмай отырмын. Қайткен күнде балағат естімей аттанбақ ойдамын.

Мен келісімен қазан көтерілген екен. Біраздан соң үйме табақ ет те келіп қалды. Сол үйдің келіні болуы керек, бір жас келіншек ет турайтын пышақ пен табақ әкеліп қойып еді, ауыл адамдары төрде, менің жанымда отырған Ысекеңнің алдына жылжытты. Ысекең табақты менің алдыма сырғытып қойды. «Масқара болдым-ау» деп ойладым. Турамайын десем, табан астында балағат естуім мүмкін. Ысекеңнің күтіп отырғанының өзі сол. Сондықтан да табақты алдыма ыңғайлап қойып, етті турауға кірістім. Барынша мипаздап, бар өнерімді салып, жұқалап-ақ турадым. Үйме табақ етті жалғыз өзім турап болып, тұздық құйылды да жеуге кірістік қой. Бір кезде қайдан қалып қойғанын білмеймін, Ысекең алдынан туралмаған бір кесек етті суырып алып шыққаны. «Құрыған жерім осы болды-ау» деп ойлауға шамам да келген жоқ, Ысекең әлгі етті табақтың үстінде салбырата ұстаған беті:

Ей, селеудей болып сорайған бойыңның әкесінің аузын… Жасым тоқсанға тақалғанда мына етке қақалып өлсін дедің бе? – деп «сорғалатып» жібергені.

Сол-ақ екен «Қай жерден ши шығар екен?» деп бағанадан күтіп отырған жұрт қыран-топан болды да қалды. Содан кейін-ақ ақсақал көңілденіп, жұрт та желпініп сала берді. Әңгіме-қаптың ауызы ашылды.

Бір сөз арасында Ысекеңнен:

Ақсақал, боқтауды қалай үйрендіңіз? Оған қандай себеп болды? – деп сұрадым ғой.

Япыр-ай, қарағым-ай, бұрын маған ешкім мұндай сұрақ қоймаған еді, – деп біраз үнсіз отырып қалды да, біраздан соң : – Сұраған екенсің, айтайын, – деп бастады сөзін.

…Балаң жігіт кезімде бір байдың жалшысы болдым. Әлгі бай мені қайда барса да жанынан тастамай алып жүретін. Өзінің ептеген моллалығы бар еді. Бір жолы көп ел жиналған үлкен асқа барып, қонып жаттық. Кешке қарай бай дәрет алуға үйдің сыртына қарай беттеді. Мен ошақ басындағы қыз-келіншектермен қалжыңдасып жүріп, шәугімге жылы су құйғызып алдым. Сөйтіп жүріп бір келіншекпен сөз байласып кеткем. Дәрет су әкеле жатқанымда әлгі шәугімнің түбі күйе екен, жаңада ғана әппақ етіп илеп киген тері шалбарыма үйкеліп-ақ кеткені. Қап-қара күйе болды қалды. Енді қайтып шыдайын:

Қап, әкеңнің аузын… былғағанын қарашы, – деп боқтап жібергенімді өзім де байқамай қалдым.

Мұнымды бай естіп қалып, өзімді жерден алып, жерге салсын.

Һарам болған суға қалай дәрет аламын? Бар, оңбаған, андағыны төк те, «біссімілдә» деп басқа су құйғызып әкел, – дегені.

Әлгі келіншекке енді қайтып барамын? Оған не демекпін? «Төгіп алдым» деймін бе? «Оған қайта су сұрап барғанша өлгенім артық» деп намысқа бастым да:

Өлсең де осы сумен дәрет аласың. Мен енді қайтып су сұрауға бармаймын, – дедім.

Жоқ, мен һарам болған суға дәрет алмаймын, – деп қитықты анау.

Мә, ендеше, суыңның әкесінің аузын… Осы ауылдағы су біткеннің, бұлағындағы суының, өзені мен көліндегі суының әкесінің аузын… Бүкіл жер жүзіндегі су атаулының әкесінің аузын… Ал, бүкіл су атаулы түгел һарам болды, енді өмір бойы дәрет алмаймысың? – деп шәугімді өзіне қарай лақтырып тастап, кеттім де қалдым.

Мұны естіген екінші бір байдың бұл қылығыма қыбы қанып, мені шақыртып алды да, астыма ат мінгізіп, үстіме киім беріп, өзіне қызметші етіп алды. Бұл бай мені өзіне жақпаған адамды боқтап келуге жұмсайды. Мен барамын да оны жақсылап сыбап, қожайынымның өшін алып беремін. Одан соң келесі бір адамға жұмсайды. Оны да боқтап келемін. Міне, сөйтіп жүріп әдет болып кетті, – деп аяқтады сөзін Ысекең.

… – Иә, бұл жынды Ысқақ ақсақалдың балағаты қазақ әдебиетіндегі зерттелмеген, өте қызық, ерекше жанр, – деп еді Ақселеу Сейдімбеков. – Ол кісінің айтқандарын жинастыру керек.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button