Ресми

Қарағандылық оқушы Мадияр Қасымалыға 4 млн тг ақшалай сертификат табысталды

Халықаралық пәндік олимпиадалардың жүлдегерлері қомақты ақшалай сыйлықтарға ие болды. Сыйақының жалпы сомасы 76 млн теңгеден асады. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов беделді халықаралық олимпиадалардың 27 жеңімпазына ақшалай сертификаттар мен еліміздің ЖОО-да оқуға білім гранттарын табыстады. Жүлдегер оқушылардың арасында Қарағанды облысынан Мадияр ҚАСЫМАЛЫ да бар. 

Мадияр Қасымалы
Фото: облыстық білім басқармасы

Қарағанды облысындағы «№1 Білім-инновация» лицей интернатының оқушысы Мадияр Қасымалы және жеңімпазды дайындаған ұстазы Абылай Саматов ақшалай сертификатқа ие болды. 

Айта кетейік, дарынды балаларға қолдау көрсету Мемлекет басшысының тапсырмасы болатын. Биыл оқушылар қазақстандықтардың халықаралық пәндік олимпиадаларға қатысу тарихында рекордтық медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынында 3 алтын, 15 күміс және 9 қола медаль бар.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды балаларды қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. Биыл Президент халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздарына біржолғы ақшалай сыйақы төлеу ережесін қарастыратын заңға қол қойды. Осылайша оқушыларымыз халықаралық зияткерлік сайыстарда жеңіске жеткені үшін алғаш рет ақшалай сыйлық алып отыр. Алтын медаль алған оқушылар 1 500 АЕК, күміс медаль 1 000 АЕК, қола медаль 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйлық алды.

Оқушыларды жарысқа дайындаған ұстаздар да бір реттік сыйақы алды. Онымен қоса, халықаралық олимпиада жеңімпаздары қазақстандық жоғары оқу орындарына түсу үшін автоматты түрде грант алады», – деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

Министр балаларды жеңісімен құттықтап, жаңа жетістіктер тіледі.

«Алтын, күміс, қола медальдар саны мен жалпы ұпайлар саны бойынша сіздер жаңа рекорд орнаттыңыздар. Бұл еліміз үшін өте маңызды жетістік. Сіздердің жауапкершіліктеріңіз, табандылықтарыңыз және ұзақ жылғы қажырлы еңбектеріңіз марапатқа лайық. Сіздерді мақтан тұтамыз.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауының арқасында дарынды балаларға қолдау көрсетуді жалғастыра береміз. Қазір 7 олимпиададан тұратын халықаралық беделді олимпиадалар тізімі келесі жылы тағы 7 олимпиадамен толықтырылады», – деді Оқу-ағарту министрі.

Өз кезегінде оқушылар мен олардың ата-аналары Президент пен Мемлекеттің қолдауына ризашылықтарын білдірді.

Басқа материалдар

Back to top button