Жаңалықтар

Грант ұт та, кәсіп аш

Жастар әрдайым жаңа идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші болып табылады. Сондықтан, біз жас ұрпақтың осы әлеуетін дұрыс бағытта бағыттап, оны тиімді пайдалануымыз керек. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР Президенті.

Жастар кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға Үкімет тарапынан үнемі қолдау бар. Осы мақсатта мемлекет 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске қосты. Оның аясында әр адамға 1 миллион 200 мың теңгеден астам өтеусіз грант алуға болады. Былтыр «Еңбек» бағдарламасының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға облыс бойынша 595 адам жіберіліп, оның 480-іне грант тағайындалған. Биыл грант иегерлерінің саны 385-ке барып, 489,7 млн. теңге тағайындалған. Бұдан бөлек, «Жастар кәсіпкерлігін дамыту мен қолдауға облыс әкімінің гранты» өңірлік жобасы іске асырылуда. 2020 жылдан бастап облыс әкімі грантының жалпы сомасы 10 млн. теңгеден 100 млн. теңгеге дейін ұлғайды. Осы жылы 200 млн. теңгеге (адам басына 2 млн. теңге) дейін көтерілмек.

КӘСІПКЕРЛІК НЕГІЗДЕРІН ОҚЫМАЙДЫ

Қайтарымсыз грант 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде беріледі. Оның ішінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында 400 АЕК көлемінде грант қарастырылған. Грант иелену үшін үміткердің жасы – 18-29 аралығында болуы керек. Ең басты шарт – жұмыссыздар тізімінде тұру немесе өтініш берген сәтте мәртебесін ресімдеу мерзімі 1 жылға дейінгі кәсіпкер болуы шарт. Алайда, биыл аталмыш жобаның шартына өзгертулер енгізіліпті.

– Бүгінгі таңда кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына өзгеріс енгізілуде. Бұған дейін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 3 апта оқытатын. Енді үміткер кәсіпкерлік негіздеріне оқымайды. Бұдан былай үміткер бірінші грант алуға жұмыспен қамту орталығына өтініш білдіреді. Ал, жұмыспен қамту орталығы оның мәртебесін анықтайды. Содан кейін үміткер бизнес жоспарды үлгіге қарап әзірлейді. Толық құжат тапсырған соң үміткер комиссия отырысында жобасын қорғайды. Егер, жобаңызды комиссия құрамы мақұлдаса, грант – сіздікі, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы еңбек нарығын талдау және мониторингі бөлімінің бас маманы Нұркен Әшімханов. 1230

ГРАНТТЫҢ 10-Ы КЕРІ ҚАЙТАРЫЛҒАН

– Халықты жұмыспен қамту орталығы 3 айдан кейін гранттың қаражаты игерілгені жөнінде тексеріс жүргізеді. Барлық грант иегерлеріне барып, жұмыс барысын, құжаттарын тексереміз. Егер, өзі қорғап шыққан жобада сатып алуы керек дүниелері алынбаса, сұрау саламыз. Тіпті, негізсіз жұмсалса, алған грантын Үкіметке қайтарып беруді талап етіп, заң аясында жұмыс істейміз. Былтыр бағдарлама аясында 1230 грант берілді. Оның ішінде 10 гранттың ақшасы бюджетке қайтарылды. Жоғарыда айтқандай, үміткерлердің ұтқан гранты негізсіз жұмсалған, – деді Нұркен Мейрамханұлы. Мемлекеттің қайтарымсыз гранты – несие емес. Оны қайтарудың қажеті жоқ. Тек, бар болғаны орнымен жұмсасаңыз болғаны.

– «Кәсіпкерлік грант – маған берілген қаржылық қолдау. Мен оны әртүрлі бағытта жұмсауға мүмкіндігім бар. Тойымды жасаймын, автокөлік аламын немесе несиемді жауып, қажетіме жұмсаймын» деп ойлайды. Ал, бұл – дұрыс емес. Бөлінген қаржы сенікі емес, ол сен секілді салық төлейтін азаматтардың ақшасы. Қаржыны тиімді қолдану керек. Кәсіпке салып, нәтижесінде, жұмыс орнын ашып, жұмыссыздарға жұмыс ұсынуыңыз қажет. Екіншіден, өзіңіз тұрып жатқан қаланың немесе ауданның салық бюджетін толықтырсаңыз, сол кезде жұмсалған әрбір қаржыдан әлеуметтік тиімділік көреміз. Яғни, жауапкершілік тек билікте ғана емес, халықта да болу қажет, – деді облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов.

Ербол ЕРБОЛАТ. 

Басқа материалдар

Back to top button