Жаңалықтар

Мерекелік жоспар бекітілді

Мамырда болатын мерекелер облыста қалай тойланатыны белгілі болды. Мәселен, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай 200-ге жуық іс-шара өтеді. Оның қатарында індетке байланысты екі жыл қатарынан өтпеген «Индустриальная Караганда» газетінің дәстүрлі эстафетасы бар. Оған 3000-ға жуық адам қатысады деп жоспарлануда. Қазақстан Қарулы Күштерінің 30 жылдық мерейтойына орай 7 сәуірден өңірлерде қорғаныс-бұқаралық және патриоттық шаралар айлығы өтіп жатыр. Оның аясында ерлік сабақтары, ардагерлердің жастармен кездесулері өтіп, жастар әскери бөлімдерге барды. Ал, Жеңіс күні қарсаңында ардагерлер жергілікті бюджеттерден әрқайсысы 1 миллион теңге мөлшерінде бір реттік жәрдемақы алады.

1 мамырдағы 200-ге жуық іс-шара аясында төмендетілген бағадағы әлеуметтік жәрмеңкелер, қайырымдылық акциялары, ағаш отырғызу және көгалдандыру бойынша экологиялық акциялар, концерттер, мерекелік шаралар өтсе, мектептерде тақырыптық сынып сағаттары, байқаулар ұйымдастырылады. Іс-шараларды өткізуге үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени және жастар бірлестіктері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары тартылады. Одан бөлек, қалалар мен аудандарда жергілікті шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттер, мерекелік-сауда, спорт жарыстары өтеді.

Ал, Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнін мерекелеу барысында патриотизмге тәрбиелеуге ерекше ден қойылады.

Бүгінде облыста Ұлы Отан соғысының 25 қатысушысы болса, соғысқа қатысушыларға теңестірілгендер саны – 2475. Қаза болғандар мен соғыс мүгедектерінің жесірлері – 221 адам болса, марапатталған тыл еңбеккерлері – 159 адам. Ал, 5598 адам кемінде 6 ай тылда жұмыс істеген. Осы орайда Ұлы Отан соғысының барлық қатысушылары коммуналдық қызметтерді төлеуден босатылғанын айту керек.

Ал, іс-шаралар жоспарына келетін болсақ, 4-9 мамырда облыстың қалалары мен аудандарында ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін қабылдау өтеді. 9 мамырда билік өкілдері қалалар мен аудандардағы ардагерлерді үйлерінде құттықтайды.

Бұдан бөлек, білім және мәдениет мекемелерінде тақырыптық іс-шаралар өтеді. Олар ерлік сабақтары, таңертеңгіліктер, концерттер, спектакльдер мен фильмдердің көрсетілімдері және тағы сол сияқтылар.

9 мамырды гүл қою рәсімінсіз елестету мүмкін емес. Биыл да бұл шара облыс орталығында «Мәңгілік алау» мемориалдық кешенінде өтеді. «Батырларға тағзым» акциясы өткен жылғыдай онлайн форматта өтеді.

Республикалық акция платформасын ұйымдастыратын «Тенгриньюс» ақпараттық агенттігі. Азаматтар қазірден бастап агенттікке жариялағысы келетін ақпараттарын жібере алады.

Ал, облыста бұл акцияны “Saryarqa aqparat” ЖШС ұйымдастырады. Жиналған бейнематериалдар мереке күндері қала және аудандардың LED-экрандарында көрсетіледі.

Салтанат ІЛИЯШ. 

Басқа материалдар

Back to top button