«Қазақмыс» Ұлытау облысын дамытуға 35 миллиард теңге бөледі

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы және «Kazakhmys Holding» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай Ұлытау облысының әкімдігі мен «Қазақмыс» компаниясы арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Ortalyq.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Ұлытау облысы Жезқазған қаласы
Ұлытау облысы, Жезқазған қаласы

«Kazakhmys Holding» ЖШС қызметі Жезқазған, Сәтбаев қалалары және Ұлытау ауданында жалпы сомасы 35 млрд. теңгеге 22 жобаны іске асыру жолымен әлеуметтік тұрақтылықты күшейту туралы келісімге қол қойылды. Меморандум аясында Жезқазған қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, музыкалық драма театры мен балабақша секілді әлеуметтік-мәдени тұрмыстық нысандар салынады.

Сондай-ақ, «Қазақмыс» мемлекеттік техникалық университеттің ашылуына және Ұлытау ауданында Мемлекеттік рәміздер алаңының құрылысына қаржылай демеушілік білдіреді. Компания есебінен ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған екі ғимарат сатып алынады. Шаруашылық суының көтергіш сорғы станциясына жөндеу жүргізіліп, 320 орындық балабақша құрылысына көмек береді.