Ерекше балаларға ерекше құрылғы

Облыстық балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында әртүрлі психоневрологиялық патологиялары бар 3-18 жас аралығындағы 162 бала бар. Сол балалардың игілігіне Томатис-терапияға арналған жабдықтар сатып алынды.

Аталмыш орталық күндізгі стационарда жұмыс істейді.

– Балалардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін, ересек кезде өздерін еркін сезініп, қалыпты өмір сүре алулары үшін барлық заманауи тәсілдерді қолдануға тырысамыз. Әрқайсысымен жеке жұмыс істейміз. Сондықтан, олар үшін жеке жоспар құрып, бағытын айқындаймыз, – дейді директордың әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Гүлшат Шәріпова.

Ал, дефектолог Гүлнара Маханбетчина:

– Құрылғы сенсорлық-моторлық аспектіні қамтуға мүмкіндік береді. Бірақ Томатис-терапия бәріне бірдей сәйкес келе бермейді. Балалар толық медициналық тексеруден өту керек. Невропатологтың мақұлдауынан кейін ғана жұмысқа кірісуге болады. Қазірдің өзінде балаларда оң динамиканы байқадым. Табандылық пайда болды. Агрессия азайып, стресс деңгейі төмендеді, – деді.

Ербол ЕРБОЛАТ