Бас тақырыпРесми

ТАРИХИ СӘТ Ұлытау облыстық мәслихатының сессиясы өтті

Кеше киелі ұлт ұясында жаңғырған жаңа Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласында облыстық мәслихаттың бірінші сессиясы өтті. Он екі депутаттың он бірі қатысқан ұйымдастыру сессиясына облыстық мәслихат депутаты Бекзат АЛТЫНБЕКОВ төрағалық етті. Сондай-ақ, сессияның хатшылығы, есеп комиссиясы, редакциялық алқасы бір ауыздан сайланды.

Үлкен жауапкершілік жүктелетін мәртебелі лауазым – Ұлытау облыстық мәслихатының хатшысы болып бірауыздан «AMANAT» партиясының мүшесі, депутат Бауыржан Шыңғысов сайланды. Күн тәртібіндегі тақырыпқа қатысты бірнеше депутат сөз алды.

– Бауыржан Қабденұлы көп жылдар бойы мемлекеттік, оның ішінде, жауапты қызметтерде, Жезқазған және Сәтбаев қалаларының әкімі болып жемісті еңбек етті, елдің ыстық ықыласына бөленді. Білімді, тәжірибелі, еліне жанашыр азамат екенін ісімен көрсетті. Сондықтан, оған депутаттар тарапынан зор сенім көрсетіліп отыр, – деді депутат Ерболат Сатыбалдин.

– Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа үш облыстың құрылуы туралы Жарлығы ресми түрде күшіне енді. Ұлытау облыстық мәслихатының алғашқы сессиясы осындай тарихи сәтте өтіп отыр. Бауыржан Қабденұлы бастаған депутаттық корпус жаңа облыстың өркендеуіне, өндірісі ілгері озып, әлеуеті артуына лайықты үлес қосатынына кәміл сенемін, – деді депутат Ерден Балтабайұлы. Әріптестерінің пікірін қызу қолдаған депутаттар Бауыржан Шыңғысовқа жаңа қызметте сәттілік тіледі. Сессия тізгінін қолына алған Бауыржан Қабденұлы зор сенім көрсеткені үшін әріптестеріне алғыс айтып, күн тәртібіне көшті. Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиялары құрылып, олардың құрамы мен төрағасы сайланды. Бюджет және қаржы жөніндегі тұрақты комиссияға – депутат Ерболат Сатыбалдин, Әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияға – депутат Бекзат Алтынбеков, Өнеркәсіп, кәсіпкерлік, аграрлық және тұрғын үй-коммуналдық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияға Силар Қияқбаев бірауыздан төраға болып сайланды.

Сессияда «Облыстық мәслихаттың аппараты» ММ құрылып, облыстық мәслихат аппаратының құрылымы және облыстық мәслихаттың Регламенті бекітілді. Ұлытау облысының алғашқы құрылған мәртебелі ұйымының алғашқы шешімі қабылданды. Ұлытау облыстық мәслихатының І ұйымдастыру сессиясы осымен өз жұмысын аяқтады.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ҰЛЫТАУ облысы

Басқа материалдар

Back to top button