Бас тақырыпМәселе

БАЛАБАҚШАДАҒЫ БАҚЫЛАУ: қандай нәтиже күтеміз?

Енді елдегі балабақшаларға қойылатын талап күшейеді. Бұл жайлы Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВТІҢ мәлімдегеніне көп бола қойған жоқ. «Баланы анау балабақшада ұрыпты, мында соғыпты» дегенді жиі естіп үрейленген ата-аналар әлбетте, бұл шешімді қолдары анық. Алайда, күшейтілген талапқа сай келмеген жекеменшік балабақшалар жабылып қалса, ондағы балаларды мектепке дейінгі мекемемен қамту мәселесі туындайтыны анық. Онсыз да кезекте тұрған 15 мың баланың үстіне бала қосуға ешкім де мүдделі емес. Сонда бақылауды күшейту не береді?Әңгіме жекеменшік балабақшадағы бүлдіршіндерге қолайлы жағдай жасалмауы, оқу-тәрбие жұмыстарының мемлекеттік білім беру стандартына, қауіпсіздік техникасы, өрт және санитарлық нормалардың талаптарға сәйкес келмеуі, тәрбиешілердің қол көтеруі және басқа да келеңсіз фактілер туралы болып отыр. Министрдің айтуынша, балабақшалардың жартысы техникалық, санитарлық талаптарға сай келмейтін ғимараттарда, білікті мамандарсыз және қауіпті жағдайларда ашылған. Ел бойынша балабақшалардың 80%-ы мемлекеттік аттестациядан өте алмаған. Сондықтан да, министрлік бұл талапты бес бағыт: лицензиялауды мемлекетке қайтару; балабақшаларды аттестациялаудан өткізу; мемлекеттік тапсырыстарды орналастыруға қойылатын талаптарды күшейту; мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін арттыру және мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі бойынша бағдарламалардың мазмұнын жаңарту бойынша жүргізбек. Бірақ, ондай өзгерістен қандай нәтиже күтетініміз белгісіз. Жалпы, мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік балабақшалар мемлекеттік балабақшалардың деңгейіне жетуі тиіс. Күтілетіні де осы. Яғни, мемлекеттік балабақшаларда қолданылатын оқыту әдістемесі, тиісті мамандармен қамтылуы, жиһаз бен ойыншық жекеменшікте болуы міндеттеледі.

– Облыс бойынша 47 мыңдай бала мемлекеттік балабақшаларға, 10 мыңдайы жекеменшік балабақшаларға барады. Облыс әкімінің қаулысымен бекітілген сома бір балаға 41 717 теңге, ауылдық жерлерде ол сома – 45 869 теңге. Коррекциялық бағыттағы балабақшаларда бір бала үшін 74 318 теңге, ауылдық жерлердегі коррекциялық топтарға 82 966 теңге бөлінеді. Дәл осындай қаражат мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік балабақшаларға да төленеді. Бұл балабақша қызметкерлерінің еңбекақысына, коммуналдық төлемдерге жұмсалады, – дейді облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және орта білім бөлімінің бас маманы Әсел Кәукенова.

Маманның айтуынша, өзгеретін Білім және ғылым министрінің 122 бұйрығына сәйкес, басқарма мамандарының құзыреттілігі артпақ.

– Осыған дейін біз жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыспен орналастырып отырсақ та оларды тексере алмайтын едік. Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, олар қарсы шығатын. Балабақша ашылған кезде ғана құжаттарын қабылдап алып, жай қарап-тексеріп өтетін едік. Тіпті, олардағы штат көлемі де тексерілмейтін. Енді осы талаптар күшейтіліп, педагог кадрлардың сәйкестігі, орналасу жерлері, жадбықталуы, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келуін қадағалай аламыз, – деп түсіндірді маман.

Қазір 2-3 пәтерді қосып алып немесе пәтерде, коттеджде балабақша ашып алғандардың бар екені жасырын емес. Ондай «көлеңкедегі» балабақшаларды мемлекеттік мекемелердің ешқайсы да тексере алмайды. Себебі, олар мемлекеттен ақша алмайды тек ақылы түрде ғана қызмет көрсетеді. Үздіксіз білім берудің қазақстандық қауымдастығының Қарағанды облысындағы филиалы төрағасы Гүлнара Сейсембекова көпшілік жекеменшік балабақшалар дегенде осылар деп қа былдайтынын айтады.

– Жекеменшік сектордағы барлық балабақшалар еш бақылаусыз жұмыс істеп жатқан сияқты көреді. Олай емес, мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшалар тиісті стандарттарға сәйкес жұмыс жасайды. Күшейтетін талап нормалары бойынша балабақша ғимаратының жекеменшік болуы немесе кемі 5 жылға жалға берілуі тиіс болады. Алайда, қазір Қарағандыдағы жекеменшік балабақшалардың 80%-ы ғимаратты жалға алып отыр. Олардың бірден 5 жылға жалдап алуы мүмкін емес. Қазір 5 жыл тұрмақ, келесі жылы не болары белгісіз. Сондықтан, осы себептен бірқатар балабақшалар жабылып қалуы ғажап емес, – дейді Гүлнара Майданбекқызы.

Оның айтуынша, жекеменшік балабақшалар да бақылаудың күшейгеніне қарсы емес. Тек лицензиялау бұл мәселенің шешімі бола алмайды деп санайды.

– Лицензиялау құжатын СЭС қорытындысы сияқты ала салуы мүмкін. Онымен бұл мәселе шешіледі ме? 3, 5 жылда бір өткізілетін аттестация мамандардың кәсібилігін арттырады. Қазір балабақшаларда тәрбиеші тапшылығы өткір тұр. Жастар бармайды. Біздің қауымдастық жүргізген мониторингтің нәтижесіне сәйкес, біздегі жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің 10%-ы ғана мамандық бойынша жұмысқа орналасады. Негізінен олар бала тәрбиелеуден қорықпайды, жастар ата-аналардан талабының қандай екенін білесіздер, – дейді Г.Сейсембекова.

Бауыр еті – баласы үшін ата-ана тек жақсыны қалайды. Оның үстіне, тегін беріп отырған жоқ. Сол талап үдесінен шыққаны ата-анаға да, мүдделі тұлғаларға қажет. Сол себепті де, білім басқармасындағы мамандар жекеменшік балабақша иелеріне наурыздан бері кәсіптерін реттеу қажеттілігі туралы ескертіп келеді екен.

– Бұл мәселенің көтеріліп жатқанына біраз болды. Сондықтан біз кәсіпкерлерге алдын ала айтып, дайындап отырмыз. Себебі, балабақшалардың жабылып қалғаны бізге де керек емес. Бүгінде облыс бойынша 1-6 жас аралығындағы 15 мың бала кезекте тұр. Бірақ, индиго қосымшасының дерегі 6 мың бос орын бар екенін көрсетеді. Осы бағдарлама арқылы ата-аналар өздері қалаған балабақшаны таңдауға құқылы. Қазір ата-аналардың барлығы Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықтағы балабақшаларды таңдайды да, қаладағы осындай мекемелер толмай қалады. Бізге жаңа балабақшалар салу қажет, – дейді Әсел Талғатқызы.

Он жыл бұрын балабақшалар санының жылдам өсуін ынталандыру үшін жекеменшік балабақшаларды лицензиялаудан, кейін мемлекеттік бақылаудан, мониторингтен және олардың қызметін реттеуден бас тарту туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде, балабақша саны артқанымен, сапа төмендеді. Енді, сапаға жұмыс істейтін уақыт келді.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button