Жаңалықтар

Ешбір санатқа басымдық жоқ

4 пайыздық жеңілдетілген автонесиеде ешбір санатқа басымдық берілмейді. Мұны «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Ринат ГАППАРОВ мәлімдеді.

«Бірінші кезекте автосалондағы көлік бойынша өтінім берген адамдар пайыздық автонесие рәсімдей алады. Яғни, бірінші кезекте деп басымдық берілетін белгілі бір санат жоқ. Бәрі кезек негізінде реттеледі», деді ол. Сондай-ақ, 4 пайыздық автонесие рәсімдеудің қысқаша жолын түсіндірді.

«Әуелі адам көлік таңдайды. Егер ол таңдаған көлік түрі автосалонда болмаса, күту керек. Автомобиль келген кезде тұтынушы автосалонға шақыртылады. Сол жерден өзі таңдаған көлікке төлем шотын алады. Шотта көліктің VIN-коды – міндетті. Осы төлем шотын қолына алып, банктен пайыздық несие рәсімдейді. Банк өтінім мен төлем шотын тек VIN-код арқылы ғана алады. Бұрынғы жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша төлем шотында VIN-код талап етілмейтін. Сонда жаңа бағдарлама бойынша несие салонда бар көліктерге ғана рәсімделеді деген сөз. Осыдан кейін несие туралы өтінімді мақұлдау процедурасы жүреді. Егер несие мақұлданса, кепілхат беріледі. Тұтынушы кепілхатты алып, автосалонға келеді. Осыдан кейін ғана көлікті оның атына рәсімдеу басталады», деді Ринат Гаппаров.

Кешеден бастап, Қазақстанда 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие беру басталды.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button