Жаңалықтар

Арқаның алтын тәжінде – алқалы жиын

Өткен жұмада Қарқаралы еліне Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының бас мүфтиі Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ бастаған ғұламалар кеңесі келді. Жай келген жоқ. Қоғамды алаңдатқан өзекті мәселелерді талқылап, ғұламалармен кеңесе отырып, келелі шешімдер шығару үшін келді. Айта кетейік, кеңес мүшелері ХХХІV мәжілісте бас қосып отыр. Дін ғұламаларының Арқаның алтын тәжі саналған Қарқаралыға келіп, кеңес өткізіп отырғанын жақсылыққа баладық…

 Мәжілісте – маңызды мәселелер

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Ғұламалар кеңесі шариғатымыздың негіздеріне сүйеніп, мұсылман қауымын алаңдатқан көкейкесті, түйткілді мәселелерді талқылап, дер кезінде шариғатқа сай пәтуалар мен концептуалды құжаттар қабылдайды. Аллаға шүкір, Ғұламалар кеңесінің жұмысы жыл сайын жанданып келеді. Соның нәтижесінде өткен жылы Пәтуалар жинағының үшінші кітабын шығардық. Сондай-ақ ғылыми жобаларды да қолға алдық. Бүгінгі мәжілісімізде бірқатар өзекті мәселелер талқыланып, бекітіледі» деді мәжілістің ашылу салтанатында.

Иә, жақында ұстаз, ғұламалар кеңесінің мүшесі Бауыржан Әлиұлының қазасы қабырғамызды қайыстырған еді. Мәжіліс жұмысына кіріспес бұрын марқұмның рухына қасиетті Құран аяты бағышталды. Кеңес хатшысы Батыржан Мансұров Құран оқып, Бас мүфти дұға жасады.

«Бауырымыз Бауыржан Әлиұлының қазасы баршамыздың жанымызға ауыр батты. Қайғыдан қабырғамыз қайысты. Алайда Алланың жазуына амал жоқ. Ол Ғұламалар кеңесінің белсенді мүшесі болды. Қаншама шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз еді. Алла Тағала марқұм Бауыржан Әлиұлы бауырымызды рақымына бөлеп, жәннатын нәсіп еткей!» деп еске алды ұстазды Наурызбай қажы Тағанұлы.
Онлайн неке қидыруға немесе өзге дін өкіліне тұрмысқа шығуға бола ма? Құнды қағаздан зекет беру қаншалықты дұрыс? Биржадағы акцияларды сатып алу және сатудың үкімі қандай? Қоғамда қызу пікір тудырған осы және басқа да мәселелер мәжілісте кеңінен талқыланды.
– Қымбатшылықты пайдаланып, кейбір өнімдердің бағаларын аса көтермеу керектігі жөнінде пікір білдіру және соның аясында монополияға қатысты пәтуаны қабылдау Алла қаласа, осы Қарқаралыдағы жиында қаралып, бекітілетін болады. Сонымен қоса, мұсылман емес кісіге тұрмысқа шығу пәтуасы да қаралатын болады. Бұл күні кеңес мүшелері қасиетті Қарқаралы жеріндегі әйгілі Шәйтанкөлдің атауын Әулиекөл деп өзгерту туралы жауапты мемлекеттік органдарға ұсыныс жолдайды. Жалпы, ғұламалар кеңесі шариғат негіздеріне сүйене отырып, қоғамдағы мұсылман қауым арасында туындаған түйткілді мәселелерді талқылап, дер кезінде пәтуалар мен концептуалды құжаттар қабылдап отырады. Осы уақытқа дейін пәтуалар жинағының үш бірдей кітабы жарық көрген. Бүгінгі мәжілістің нәтижесі де қағазға қатталады, – дейді хазірет.

Сонымен қатар, кеңес жұмысында маңызды концептуалды құжатты да талқыға салып, бекіту жоспарланған. Атап айтқанда, «Яссауи кесенесін зиярат ету мәдениеті мен әдебі» құжаты қаралды.

– Қабылданған пәтуалардың барлығы мүфтияттың сайтында арнайы жарияланады. Сайттан кейін жылдың соңына қарай арнайы жинақ кітап ретінде де оқырманға, қоғамға ұсынылатын болады. Алла бұйыртса, киелі жерлерден сұраныс болатын болса, солардың барлығына зиярат етудің әдептері дейтін арнайы хаттар жолдайтын боламыз. Қазір, осы мәселе де өзекті болып отыр. Мысалы, киелі орындарымызға зиярат етудің әдебі бар. Қасиетті жерлерде ашық киінбеу, өздерін тәртіпті ұстау секілді. Біздің өңірімізге сырт елден туристер көп келеді. Соларға түсіндіру жұмыстарын күшейту мақсатында әдеп жөніндегі жобаны ойластырмақпыз. Соны әуелі осы мәжіліс алаңында талқылаймыз, – дейді кеңес мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Қыдыр Төрәлі.

Ғұламалар кеңесінің XXXIV мәжілісінде кеңес мүшелерінің ортақ шешімімен монополия үкімі, мұсылман емес кісіге тұрмысқа шығудың үкімі, биржада акцияны сатып алу және сату үкімі, құнды қағаздан зекет беру үкімі, АХАТ арқылы неке қиюдың шариғи үкімі тақырыбында әзірленген пәтуалар қабылданды. Бекітілген пәтуалардың толық мәтіні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми ақпарат құралдарында жарияланады.

Айта кетейік, Ғұламалар кеңесі шариғат, салт-дәстүр негіздеріне сүйеніп, мұсылман қауымын алаңдатқан көкейкесті, түйткілді мәселелерді талқылап, пәтуалар мен концептуалды құжаттар қабылдайды.

Аудан әкімімен кездесті

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы сапар кезінде Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайынмен кездесті. Кездесуде Ерлан Бейсембайұлы дін ғұламаларының қасиетті мекенге ат басын бұрып, ғибратты жиын өткізгендері үшін алғысын білдірді.

– Ежелден қалың қазақтың рухани орталықтарының бірі болған Қарқаралы жерінде мұндай бәсі биік басқосудың өтуі үлкен мәртебе, мәні зор оқиға екені даусыз. Мәжілісте қоғамымызды алаңдатып отырған бірқатар өзекті мәселелер талқыланып, ғұламалар шариғатымыздың негізінде салиқалы шешімдер шығаратынына үлкен сенім білдіреміз. Сіздерге өлкемізге келіп, еліміз үшін, дініміз үшін шешім қабылдап жатқандарыңыз үшін аудан халқы атынан алғысымды білдіремін, – деді аудан басшысы.

Кездесуде аудандағы діни ахуал талқыланды. Сонымен қатар, басқосуда жастарды жақсы істерге жұмылдыру, жас буын өкілдері арасында діни ағарту, түсіндірме жұмыстарын жүргізу сынды мәселелер сөз болды. Хазірет Қарқаралының рухани өміріне қатысты басқа да көкейкесті мәселелерді шешу бойынша мүфтият тарапынан қолдау білдіретінін жеткізді.

«Қарқаралы ауданында өтіп жатқан Ғұламалар кеңесінің кезекті мәжілісінде еліміздегі мұсылман қауымын алаңдатқан өзекті мәселелер талқылануда. Игі іс-шарамызға қолдау көрсеткеніңіз үшін айрықша алғысымды жеткіземін» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Келелі әңгімеден кейін аудан әкімі Құнанбай қажы мешітінің суретін табыстаса, бас мүфти Алланың 99 есімі көркемделіп жазылған естелікті сыйға тартты.

«Құнанбай қажы» мешітінде

Бейсенбі күні Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қарқаралы аудандық «Құнанбай қажы» мешітінде өткен қайырымдылық іс-шарасына қатысты. Мешіт ауласында өткен ізгілікті шарада 30 отбасыға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік салынған қорапша сыйлады.

«Жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждарды қуанту – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қашан да қайырымдылық іс-шараларды бірінші кезекке қойып, игі істерге ұйытқы болып келеді. Біздің басты жұмыс бағыттарымыздың бірі – қайырымдылық. Бүгінгі іс-шарамыз да – осының айғағы» деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Ертеңінде Хазірет «Құнанбай қажы» мешітінде жұма намазын жүргізіп, уағыз айтты. Әуелі ҚМДБ Төрағасы мешіт жамағатына Қарқаралыда Ғұламалар кеңесі қабылдаған пәтуалар туралы айтып өтті. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жәннат нығметтері жайлы жұма уағызын айтып, жамағатты жақсы істерге үндеді.

«Мұсылман баласы Алланың мейірімімен және жақсы амалдарының нәтижесінде жәннатқа кіреді. Алла Тағала осы өмірдегі шаңның тозаңындай болған жақсы амалдарымызды о дүниеде алдымызға әкеледі. Сондықтан кішкентай амал атқарсақ та оны жақсы ниетпен орындауға тырысайық», – деді Бас мүфти.

Жұма намазынан кейін Қарқаралыдан шыққан тұлғалар рухына қасиетті Құран аяттары оқылып, дұға жасалды.

Сапар соңында Бас мүфти бастаған ҚМДБ қызметкерлері мен Ғұламалар кеңесінің мүшелері Қарқаралы тарихи-өлкетану мұражайындағы тарихи жәдігерлермен танысып, өлке тарихына көз жүгіртіп, үлкен әсермен жолға шықты.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button