Нұр-Сұлтанда – «Жанұя», Қарағандыда – «Шаңырақ»
Өзгеріп отыратын тұрақсыз қоғамда тұрақты жұмыстың болғаны жақсы. Күнделікті жұмысың, ай сайынғы еңбекақың, сәйкесінше үздіксіз аударымдарыңның болуы көңілге сенімділік ұялататыны жасырын емес. Жұмысқа орналасу мәселесі әсіресе, халықтың осал топтары арасында – өзекті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ел азаматтарын жұмыспен қамту шараларына ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе, осал топтарға жататын мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуға айрықша мән берілген. Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бұл бағытта біршама істі қолға алған.
Басқарма берген мәліметке сай биыл облыстың 80 кәсіпорны оның ішінде, ауруханалар, мектептер, жеке ұйымдар, коммуналдық шаруашылықтар мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа алуға бекітілген. Оларда еңбек ететін 14 369 жұмыскерден бөлек, 207 адамға квота белгіленген. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша 244 мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналасқан. Оның ішінде квота бойынша – 24.
Басқарманың еңбек нарығын талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Айнагүл Ермағанбетованың айтуынша, Ұлттық жоба аясында 1 шілдедегі мәлімет бойынша 816 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасуға өтініш білдірген.
– Оның 735-і жұмысқа орналасты, – дейді Айнагүл Ермағанбетова. – Бос жұмыс орындарына – 324 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 26, қоғамдық жұмыстарға – 343 адам орналасты. Жастар арасында жастар практикасына 8 адам қатысса, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына – 4 адам, кәсіптік оқытуға 30 адам жіберілді. Айдың басындағы жағдай бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдардың жұмыспен қамтылуы 36,1%-ды құрайды. Жоспар асып орындалды, ол бойынша 28,5% болатын.
Теміртау қаласының тұрғыны Бақыт Ибраева – І топ мүгедегі. Бақыт Омарқызы жыл басында жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп барған екен. Арада бір апта өткенде орталық жұмыс тауып беріпті.
– Әуеліде қаладағы Мәдениет үйінде қоғамдық жұмыс ұсынылды. Одан кейін сол жерден тұрақты жұмыс таптым. Қазір қойма меңгерушісімін, алайда, денсаулығыма байланысты толық ставкада емеспін. Гемодиализге барамын. 38 жыл осындағы комбинатта жұмыс істедім. Мүгедектік бойынша зейнетке шығып, бос отырған едім. Жұмыспен қамту орталығы жұмыс тауып беруге көмектесті, – дейді Бақыт Ибраева.
Бұдан бөлек, Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында отбасын қолдау және сүйемелдеу арқылы да осал топтарды жұмыспен қамту жолға қойылуда.
Нұр-Сұлтанда – «Жанұя», Алматыда – «Бақытты отбасы» отбасы институтын қолдау орталығының тәжірибесі бойынша облыста осындай алты орталық құрылып, жұмыс істеп жатыр. Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанындағы «Шаңырақ», «Асыл Ана», «Қамқор» көпбалалы отбасыларды қолдау орталықтары бар. Аталған орталықтарда заң, психологиялық, әлеуметтік, білім беру, тұрғын үй және басқа да бағыттар бойынша ақпараттық-консультациялық, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, азық-түлік және қаржылық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, оларда ұлттық киімдер, кесте тігу және құрақ құрау, тоқу, клининг, ұн өнімдері мен ет тағамдарын дайындау бойынша тегін курстар өткізеді. Облыста 19 277 көпбалалы ана бар. Соның 11 мыңға жуығы осы орталықтармен байланыста.
Басқарма берген мәліметке сәйкес, биыл тағы осындай 5 орталық ашу жоспарланып отыр екен. Бұл тағы да 3,5 мың көпбалалы ананы қамтуға мүмкіндік береді. Бұл мақсатта Теміртау қаласы мен Бұқар жырау ауданында байқау жарияланыпты. Ал, Шет ауданындағы байқауды «Талбесік» қоғамдық бірлестігі жеңіп алды. Абай және Ақтоғай аудандарында қаражат бөлу мәселесі мәслихат сессиясында қаралатын болады.
Өткен жылы осындай орталықтар 3 мыңға жуық отбасыға қолдау көрсетті. Ал, биыл 1 250 қызмет көрсетілді. Орталық мамандары өз ісін ашуға қолдау көрсету арқылы отбасыларды өмірлік қиын жағдайдан шығаруға септігін тигізуде.
– Бұл орталықтарда көпбалалы аналар жұмыс істейді, – дейді «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының директоры Ләззат Қожахметова.
– Көпбалалы аналарға қолдау қажет. Ол қолдауды біз үнемі көрсетеміз. Оның ішінде жаңа мамандықтарды меңгеруіне көмектесеміз. Көпбалалы аналар шаштараз, аспаз-кондитер, тігінші сияқты мамандықтардың курсына қатысып, үйде отырып табыс таба алады. Сол сертификатпен бизнес бастауға арналған әкім гранты конкурсына да қатыса алады. Былтыр 45 ана осындай курстардан өтті. Биыл да осынша адамды қамту жоспарда бар, – деді ол.
Сонымен қатар, меценаттар мен демеушілік қаражат арқылы орталықтар әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтуға себепші болып жүр. Мысалы, өткен жылы 7 отбасы өз баспанасына қол жеткізсе, биыл да осынша отбасын қуанту жоспарланған.
Жұмыс істеп тұрған орталықтардың тәжірибесі жаңа орталықтарға негіз болады. Ал, халық үшін атап айтқанда, әлеуметтік осал санаттар үшін жақсы демеу.
Жансая ОМАРБЕК.