Жаңалықтар

Ұстаздар қауымымен кездесті

Қарағанды облысында референдум тақырыбы кеңінен талқыланып, салмағы таразыға түсуде. Осы орайда, облыстық мәслихат депутаттары да ел өміріндегі маңызды белесті жан-жақты бағамдауға белсенді үлес қосуда. Айталық, Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы, «Amanat» партиясының депутаты Серік ӨТЕШОВ Қарағанды индустриалды-технологиялық колледжінің педагогикалық құрамымен кездесті.

Биылғы наурыз айындағы Жолдауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтар талап еткен реформалардың кезек күттірмей жүргізілетінін және мемлекет саясатында елдің тұрақты дамуы әрқашан басты басымдық болатынын атап өтті. Референдум – Президент айтқан реформалардың бастауы деп білеміз.

Мемлекеттік дамудың маңызды мәселелерін халықтық талқылау – демократиялық қоғамдағы стандартты тәжірибе. Тәуелсіз Қазақстан тарихында референдум соңғы рет 1995 жылы өтті. Дегенмен, қолданыстағы Конституцияға қабылданған уақыттан бері өзгерістер мен толықтырулар бес рет енгізілді. Алайда, бәрі тек Парламент арқылы шешілді. Сондықтан, бұл референдумның негізгі мақсаты не екенін және халық үшін қаншалықты маңызды екенін әркім түсінуі керек. Қарағанды индустриалды-технологиялық колледжінің ұстаздарымен кездескен Серік Балғатайұлы референдумның ел өміріндегі терең мәні туралы кеңінен түсіндірді.

Серік ӨТЕШОВ, Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы: «Президент бастаған реформалар тактикалық емес, ұзақ мерзімді және стратегиялық сипатқа ие. Олар іс жүзінде біздің өміріміздің барлық аспектілерін қозғайды. Сондықтан, әрбір қазақстандықтың, бүкіл қоғамның қатысуын талап етеді. Қазіргі реформаның ерекшелігі – Президент өкілеттігін күшейту емес, мемлекетті жетілдіру, жаңғырту және нығайту. Саяси жаңғыртусыз ауқымды әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар мүмкін емес деген нақты түсінік бар. Бұл жолы 30-дан астам бапқа 50-ден астам түзетулер енгізу жоспарланып отыр. Ал, бұл – біздің Конституциямыздың үштен бірі. Қазіргі конституциялық реформа тікелей бүкілхалықтық дауыс беру арқылы жүзеге асырылатыны қуантады. Конституциялық түзетулер жобасы бойынша азаматтардың референдумда дауыс беруі біздің демократиялық қағидаттарға деген берік ұстанымымызды көрсетеді. Мұның бәрі Мемлекет басшысы ерекше назар аударатын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келеді».

Айта кетейік, Қарағанды индустриалды-технологиялық колледжі 1954 жылдың қазан айында құрылды. Колледж 6 жұмысшы мамандығы және қызмет көрсету, тамақтану салалары бойынша орта буын мамандарын дайындайды. Бүгінгі күні мұнда 453 студент оқиды. Оның 22 пайызы – аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мүшелері, жетімдер, қамқорлықтағы және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар. Колледжде әлеуметтік әріптестік бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Қазіргі таңда қала кәсіпорындарымен 30-дан астам келісімшарт жасалды. Бұл құжаттардың 19-ы – дуальді оқытуға қатысты түзілген.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button