Хасен ақын туралы не білеміз?
Жерлесіміз Хасен Нарымбекұлы БОДЫҚОВ 1891 жылы туып, 1977 жылы өмірден өткен. Қолдан жасалған зұлмат заманның қиыншылықтарын тұстастары сияқты басынан өткерді. Төмендегі аздаған деректер оның ақындығын танытатын, біреу білсе де біреу білмейтін ерекшеліктерін айқындайды. Соған орай кейінгі ұрпаққа ақын деректерін сабақтастықпен жеткізуді парыз санадым.
Өз басым Хасен ақсақалмен қатардағы басы жұмыр көптің бірі ретінде аз да болса түсініскендей болған сонау бір жылдарғы көргендерімді, кездесуімді және кейін сала ол кісі жайлы естігендерімді үзік сыр есебінде оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдім.
Әрине, көзіміз көргенмен жас мөлшері әкеміз құралпы, шығармашылық жолы жұмбақ болып өткен адамның ақындық қуаты жайлы аталы сөз айтып, толымды пікір білдіру қиын екенін түсінемін. Өйткені ақын шығармаларымен жете таныс болмауымыз, кезінде айтыскерлік, төкпелік табиғатынан не тыңдаушы, не оқырман есебінде нәр ала алмауымыз оның ақындық, азаматтық тұлғасы жөнінде болжам айтып, ой түйіндеуге ерік бермейтін, әлі сыры ашыла қоймаған жұмбақ әлем сияқты.
Көзі тірі көнелердің айтуынша Хасен ақсақал соғыстың соңын ала Ақтоғай ауданына келіп, 15-16 жылдай тұрақтапты. Алғашқы кездерде аудандық шикізат дайындау мекемесінде, кейін аудандық байланыс торбында бас есепшілік қызметтерді мінсіз атқарған, есеп-қисапқа жүйрік болыпты. Хасекеңнің орысша таза сөйлеп, сауатты жаза білуі, сондай-ақ түрлі заң жүйелеріне жетіктігі кезінде аяғын шалыс басқан біраз адамдарды түрлі ауыр жазалардан қорғап қалуға септігін тигізіпті. Ақтоғай төңірегінде істі болған адамдардың көпшілігі жоғарғы сот орындарына жолдайтын шағым-арыздарын алпысыншы жылдарға дейін осы Хасекеңмен бірге Таласбайдың Құрмашына жаздырып алады екен. «Қандай әділ шешімін тапты деген сот ісі туралы екі ақынның бірі жазған шағым-арыз түссе олар қайтсе де бұзылып келуші еді», деп еске алады үлкендер.
Сондай-ақ, осы екі ақын ертеректе ұжымдық шаруашылықтардың жылдық есеп-қисаптарының бұрыс–дұрыстығына бақылау жасап, жөн-жосығына бағыт беріп отыратын болыпты.
Хасекеңмен танысуыма екі түрлі жағдай себеп болды. Біріншісі – 1958 жылы бала кезден бірге өсіп, біте қайнасқан досым (марқұм) Көрнейбектегі Қайыркен аудан орталындағы Хасекеңнің үйінде жатып оқыды. Мен түрлі себептермен досым жататын үйге жиі соғып тұрдым. Сол кездерде жасы 70-ке таяп қалған Хасекең маған сида, сұңғақ бойлы, сұлу мұртты, шалқақ кеуделі көрінетін. Қолынан түспейтін имек қара мүйіз таяғын сәнге ұстап жүргендей әсер қалдыратын. Сырт көрінісі кербез, үсті-басы кіршіксіз таза, сәнді киінуші еді. Жалпы кейпі төңкерістен бұрынғы қазақтың оқыған зиялыларының тұрпатын елестеткендей болатын. Ол кездерде Хасекеңнің ақындағы жайлы өз басым ештеңе біле бермейтінмін. Тек Қайыркеннің айтуынша жүйрік ақын деп қана естігем. Үйіне барған кездерде (көбінесе кешкі мезеттерде) қолында қалыңдығы жарты қарыстан астам аты да, заты да біздерге мәлімсіз дүниежүзілік классикалық туындылардың қолынан түспейтінін көріп таңданатынбыз. Қайыркен оқымысты шалдың әкесінің дәулетті болып ел басқарғанын, өзінің орысша оқып, білім алғанын балалық әсермен тамсана әңгімелейтін.
Кейін 1972 жылы қыркүйек айында Хасекең ақсақалды Шет ауданы, «Ақшоқы» кеңшарына арнайы іздеп барып сөз тартып, пікірлескенім бар. Ондағы ой Қазақстан Ғылым академиясындағы «Нарманбет Орманбетұлының папкасымен» танысқанымда Хасеннің әкесі Нарымбекке байланысты деректерге кезігіп, соны анықтау және ұлы ақын Нарекеңнің мұраларын сұрастыру еді. Бұл кездерде Хасекеңнің құлағы ауыр еститін, жүріс-тұрысы қиындап қалған, сексеннің сеңгіріне іліккен шағы екен.
Қария өзінің өмір жолын қысқаша әңгімелей отырып, жас шағында әкесінің Омбыға оқуға апарғанын, бірақ сан мәрте қашып келіп, білім жолына түбегейлі бетбұрыс жасай алмағандығын өкіне еске алды. Сонымен бірге күйзеле айтқаны ақындық талантын дамытуға бөгет болған жағдайлар еді.
«…1926 жылы жаз айында біраз өлеңдерімді алып «Еңбекші қазаққа» бастырмақшы болып, Қызылорда қаласына бардым. Газет қызметкерлері ата-тегімді сұрап білген соң «Сенің өлеңдерңді басуға болмайды. Болыстың баласы екенсің, аман-сауыңда еліңе қайт»,– деді. Үміт үзіліп, апарған өлеңдерімді сонда тұрып қызмет жасайтын өз еліміздің бір адамына беріп: «Біраз уақыт өткен соң мына өлеңді өз атыңнан газетке бер. Менің тегімнен шошып алмады», – деп тастап кеттім. Келер жылы бірлі жарым өлеңдерім аталған газетке жаңағы адамның атымен шықты. Содан кейін ақындықтың соңына түсе қоймадым. Қилы кезеңде ауыз баққанды жөн көрдім. Табиғаттың ерекше тартқан сыйы ма қайдам, көңілге түскен ойларың ұйқасқа құрылып, бәрі бір шумақ болып төгілетін кездері, тасқындап өзіме ерік бермейтін жайттары болады екен. Сондай кездерде кейін ішінара айтыстарға қатысқан кездерім де болды. Ақтоғайда жүргенде «Көзбала» атты ғашықтық дастан жазып аяқтағам едім. Соны осында келген соң Алматыға апарып Сапарғали Бегалинге көрсеттім. Біраз жігіттерге жолығып, кітап етіп шығаруға көмек жасауын өтіндім. Баспадағы жігіттер «Тастап кетіңіз, көрерміз, деп еді, әлі хабар жоқ», – деп терең күрсінген еді сонда Хасен ақсақал.
Халқымыздың «Ат аунаған жерде түк қалады» деген нақылына орай аталмыш ақынның ұзынқұлаққа қарағанда Кенішбай атамызбен айтысынан басқа да бірлі жарым өлеңдері ел жадында сақталып қалыпты. Ертеректе ауылымыздың қадірменді ақсақалы, марқұм Смағұлұлы Бекежан қарияға жолығып Хасекең жайлы суыртпақтап сыр тартқаным бар. Сонда Бекежан ақсақал Хасеннің өз аузынан естіген төмендегі бір өлеңін айта отырып, оның шығу тарихын былайша баяндаған еді:
«…Ертеректе Нілдібаев Алдабергеннің (көп жылдары Ақтоғай ауданының шикізат дайындау мекемесін басқарған) үйінде қонақ болғанымызда сөзден сөз қуалап, бірге отырған Хасекеңе жастық белесі жайлы сұрақ туып қалды. Сонда ол сәл жымиып, мұртын ширатып әңгіме бастады.
–Сонау ертеректе салдық, серілік қуып жүрген кезімде жас мөлшері өзімнен аз-ақ қалыңқы Жанқаштың Хасені деген болыспен бірге елді көп араладым. Кейін оған тілмаш болғаным да бар. Өзі сері, жайсаң азамат болатын. Осы отырған Алдабергенге алыстан қосылатын түпкі аталары бір апасы есепті бір сұлу қызға жанағы Хасеннің көңілі ауып жүретін. Бір жолы сол қыздың үйіне сылтау тауып кештете келіп қондық. Ымырт жабылып, мал сойылды. Сый-сияпаттан соң түн ортасы ауа төр алдында салынған төсекке жатып қалдық. Көз жұмысымен қор ете түссем керек. Қанша уақыт өткенін білмеймін. Бір мезгілде оянсам қасымдағы серігім жоқ. Орны бос қалыпты. Дәуде болса қыз қойнындасың-ау деген оймен оң жақтағы шымылдыққа қарай жамбастап тың-тыңдасам серігім сонда сияқты…
Пері кезім, әртүрлі ой кезіп, көз ілінбеді. Бір жағынан Хасеннің жігітшілігіне ризалық көңіл бар, екінші мұны аяқсыз қалдырмай жұмбақтай жариялап, болысымды састырып алмақ ниетке бекідім. Тәңертен тұрған бетте қыз әкесіне: «Әке жақсы жерге жатсаң жақсы-жақсы түс көресің» деген шын болса керек. Түс көрдім. Сіз де бір аталы ауылдан қалған аруақты ердің жұрағатысыз ғой, түсімді жорыңызшы», – деп төмендегі өлеңді айттым:
Боз таңда бозша үйректі ілді біреу,
Жарасып, жармен ойнап күлді біреу.
Атылас ақ кіреуке шымылдыққа,
Атылып оқ жыландай кірді біреу.
Алқызыл, албыраған ақ алманы,
Алмаспен сырылдатып тілді біреу.
Қара үйрек, сырты қызыл орман түлкі,
Жаздырмай қол-аяғын бүрді біреу.
Қаршыға қасқалдақпен бас қосқанын,
Бақылап бату жерден көрді біреу.
Кілтін алтын сандық ашқандай ғып,
Етегін ақ көйлектің түрді біреу.
Шыбын жан шығып кетпей қалды шыдап,
Сорғанда солқылдатып тілді біреу.
Қарлығаш су сепкендей қанатымен,
Бақылап баспалдақтан көрді біреу.
Қысқа таң сегіз душар болып,
Тұрмады-ау, ұстанқырып күнді біреу, – деп тоқтадым. Шал қолма-қол: «Шырағым түсің жақсы ғой. Боз таңың – келешігің, үйрек пен қызыл алма – жарың мен балаң болар. Ақ кіреуке шымылдық пен қызыл түлкі – алыстан мұнартып көрінер заманың. Өзің сол заманға сыйымды, алымды боларсың. Көкке ұшқанды қаршығаша ілетін, жерге түскенде жыланша атылатын шалымды болады екенсің. Алтын сандығың – ырыс, нәсібің ғой. Солқылдатып сорғаның – сол келер нәсібіңнің келер қуанышы. Су себелеген қанатты қарлығашың – дәулетіңнен дәме қылар ағайындарың ғой. Баспалдақтан бақылағандар – көз, тілден қорғар тума, дос-жарандарың. Ал, сегіз сағат дегенің – Алла Тағаланың саған бұйыртар жас мөлшері – сексен болуға тиіс. Түсіптің көруі, Жүсіптің жоруы болсын, текті жердің тұяғысың ғой, балам, мерейің асып, бағың ашылсын, Аллаһуакпар», – деп бетін сипады.
Менің түнгі оқиғаны тұспалдағанымды аңғармай, түс қып жорығаны бар ғой. Осыдан кейін өлең бозбалалар арасына кеңінен тарап, әзіл-оспаққа айналып кетті».
Жоғарыдағы қария айтқандай Хасен текті атаның ұрпағы. 1906 жылы Семейде өткен бірінші мемлекеттік Думаға депутат ұсыну жайында Арғын-Найман, Уақ-Керей т.б. исі Орта жүздің бас қосқан үлкен мәмілесінде Найман Бердібек шешен Нарманбет ақынмен сөз қағыстыра отырып, өз елінің атақты адамдарын көтере таныстырып өтеді. Сол жолғы сайлауға Қарқаралы уезінен ел атынан барған басшылардың ішінде Хасеннің әкесі Нарымбек болыс та болыпты. Сөз кезегін алған ақын бірге барған серіктерін жағалай таныстыра отырып кезек Хасеннің әкесіне келгенде: «Машай, Бошайдан – Бораншы, Бәйімбет, онан Қашқынбай қолбасы, онан қарасуға орысша оқып дем салса, қатық болып ұйып қалатын Нарымбек болыс осы», – деп таныстырған екен.
Хасеннің әкесі көп жылдар бойы Қояныштағай еліне болыс болып, ел басқарған. Нарманбет ақынмен үзеңгі жолдас, әзіл-қалжыңы жарасқан, сырлас адамдар болыпты. Оны ұлы ақынның «Нарымбекке» деген өлеңі мен өзінің қайын жұрты Жуасбай ақынмен айтысы ішінде кездесетін:
Бабаңа күйеу едім, жиен едім,
Паналы бәйтерек деп ұяладым.
Тасырқап бір жарыстан қалғаның ба?
Көңіліме Жуас еке сүйеу едің.
Бір сәлем бере алмадың қарыс жерден,
Қарқының қайда кетті елден келген?
Нарымбек амандаспай қайтып кетті,
Құрбы жоқ, күле сөйлеп көңіл бөлген, – деген өлең жолдары дәлелдесе керек.
Асылдың сынығындай болып өлеңдері мен айтыстары кейінгі ұрпаққа там-тұмдап жеткен Хасен ақынға атақты Алшынбайдың Мәдиі қашып жүріп кезіккенде:
Саяхат сайраңдаған дәурен қайда?
Қайғырып, қартаймақ та болмас пайда.
Тартылып таразыға бәрі өлшенсе,
Жан ғазиз, Хасен інім, оны да ойла,
Ас теріп қуанбаймын тапқаныма
Өз басым мақтанбаймын шапқаныма,
Қайраңдап, қарсы жалдап шығып жүрмін,
Дүниенің көнбеймін деп қақпанына, – деп сырын екі шумақ өлеңге сыйғызып айтқан екен. Мәди сияқты өнер қайраткері, күрескер адамның жас та болса Хасенді танып, өзіне тең тұтып (сірә ақындық, азаматтық қасиетін бағалағаны болар) басынан өткен қилы кезендерінен елес боларлықтай тағдыр назын айтуы тегін болмаса керек.
Сондай-ақ Кәмен аға деректерінде Хасенің Кенішбайдан басқа Жылқыбаймен де айтысқаны келтіріледі. 1943 жылы республикалық айтыста бірінші орын алған Маясарды төмендегідей өрнекпен құттықтапты.
Сөнбеген шамшырағы жүректегі,
Ақиық алпыс төртте түлектегі.
Абырой құтты болсын алапатың,
Кезеңнен асып келдің тілектегі.
Оздың да облыстан құрдың сауық,
Өлкеден өрлей шықтың, өрлей шауып.
Алғанша астанадан хабарыңды,
Іс қой деп екі талай, қылдым қауіп.
Тарланым, құтты болсын, кері бағың,
Жайланған бақ көтеріп, істің ағын.
Өлім-қашық, өмірің ұзақ болсын,
Сайрасын айыр көмей тіл мен жағын.
Төгіпсін сөзден өрнек әннен шырай,
Барып ең домбранды дуға бурай.
Ауырып үш ай тоқсан азап шегіп,
Құттықтап інің келді сауға сұрай.
Сонау бір кездері Алматыға ала барып, бастыру ниетімен баспаға өткізіп кеткен: «Көзбаласының» қолды болып кетпей, толық нұсқасының Кәмелге жетуі, кейін сала кітап болып шығуы мені ерекше қуантты. Бір кездері Хасен ақынның шаңырағынан дәм татып, ұлағатын естідім, бата алдым. Содан да болар менде де (кейін сала) «жұмбақ шалдың» артында қалған мұраларын қадірлеу, ел аузында сақталған дүниелерін жинастырсам-ау деген ұғым қалыптасты. Кеншібай ақынмен айтысының жазбаша нұсқасын, шамалы өлеңдерін, Орынтай Оспанбаевтың ақын жайлы жазған ой толғамдарын және тоқсаныншы жылдары аймақтық “Арқа” журналын басқарған Тыныштық (Есен) Орынбековтен “Көзбаланың” көшірмесін қолыма түсіргем.
P.S. Жоғарыда аты аталған «Көзбала» поэмасы 2008 жылы Қарағандыдағы «Болашақ – Баспасынан» 300 дана мен жарық көрді. Осы құнды жәдігерді қалың оқырман қауымға жеткізуге бастамашы болған ҚарУ-дың ректоры, ҚР Ғылым академиясының корреспендент мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков бауырыма ризалық сезіммен алғыс айтамын.
Аманкелді ТУҒАНБАЕВ,
нарманбеттанушы.