Жаңалықтар

Кондуктор әзір кетпейді

Былтырдан бері автобустарға электронды төлем аппараты орнатылды. Қарағандылықтар онлайн төлемге үйренісіп қалды. Бүгінде жолаушылардың 65-70%-ы жол ақысын электронды түрде төлейді екен. Әрине, бұл кімге де болса ыңғайлы. Ал, жүйе жақсы жұмыс атқарып тұрса, кондукторлар не үшін жүр? Бұл сұрақ «Атамекен» Қарағанды Кәсіпкерлер палатасының алаңында билік өкілдері мен автопарк басшыларының қатысуымен өткен кеңесте кеңінен талқыланды.

Желтоқсаннан бастап ONAY! төлем жүйесі тестілік режимде жұмыс істей бастағаны белгілі. Бастапқыда «төлем картасы болмаған жолаушыларға жол ақысы – 150 теңге, барына – 80 теңге» деп көпшілікті құлақтандырған-тын. Егер, бұл жүйе толық іске асса, «автобуста кондуктор емес, тек бақылаушы болады» деген сөз де шықты. Алайда, осы күнге дейін қолма қол ақша төлесеңіз де тариф құны 80 теңге. Әділет министрлігінде тариф туралы қаулы әлі келісілмегендіктен, автопарктер кондукторларды жұмысынан алып тастай алмайды. Сондықтан, бұйрық шыққанша кондукторлар жұмысын жалғастыра береді.

Жүйенің қолайлылығы неде?! Біріншіден, жолаушылардың белгілі бір санаты қай бағытта, қандай маршрутта көп қатынайтынын көріп отырамыз. Екіншіден, Қарағандының маршруттық желісін оңтайландыру болып табылады. Қазірдің өзінде жолаушылардың онлайн төлемге оңай ауысқанын көріп отырмыз. Дегенмен, жолаушылардың біраз бөлігі жол ақысын қолма-қол төлейді. Оларды да түсінуге болады. Әр адамның жағдайы әрқилы ғой. Әзірге кондукторлар жұмысын жалғастыра береді, – деді №3 автопарк басшысы Артур Григорян.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button