Жаңалықтар

Веложиһанкез жастармен жүздесті

Торғайдан Түркияға велосипедпен барған Ернат Мелсұлы Қарағандыға келді. Өзі қанат қаққан Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің басшылығымен кездесіп, жастармен жүздесті.Ернат Мелсұлы

Алдымен Ернат Мелсұлын университет ректоры Нұрлан Дулатбеков қабылдады. Алғыс хат тапсырып, алдағы жоспарларына сәттілік тіледі. Бұдан кейін университеттің №3 оқу ғимаратында жастармен кездесті. Іс-шара тізгінін ақын Салтанат Смағұлтегі ұстады.

– Осы велошеруге Астанадан 3 қыркүйекте таңғы сағат 6-да аттандық. Уақыт көпшілік үшін ыңғайсыз, ерте болғанына қарамастан университеттің бір топ ұстазы шығарып салды. Сол кезде Нұрлан Орынбасарұлының арнайы делегация жібергеніне шын көңілден разы болдым. Республикада Қарағандыны кадрлар ұстаханасы деп біледі. Оның ішінде, Бөкетов университетінің шоқтығы биік. Терең тарихы бар оқу орнында білім алып, үлкен өмірге қадам басқанымды мақтан тұтып, әрдайым айтып жүремін, – деді кездесуде Ернат Мелсұлы.

Университеттің биология-география факультетінің деканы Серікболат Талжанов велосипедшінің бұл сапары жастар үшін ерекше өнеге екенін айтты.

– Ернат Мелсұлы осы сапары арқылы кейінгі буынға үлгі көрсетті. Еңбекқорлықтың, табандылықтың арқасында көп жетістікке қол жеткізуге болатынын дәлелдеді. Біздің студенттер осы Ернат ағалары сияқты азаматтарға қарап, бой түзеуі қажет. Келешекте ойға алған істеріңіз оңынан жүзеге асуына тілектеспін, – деді Серікболат Алдоңғарұлы.

Веложиһанкез сапар барысындағы қызықты оқиғалар мен қиындықтар туралы әңгіме өрбітті. Шет мемлекеттерде көргені мен түйгені жайлы сөз қозғады. Өз кезегінде жастар сауалдарын ортаға салды.

Кездесуден кейін велосипедші заманауи үлгіде жабдықталған ғылыми кітапхана жұмысымен танысты.

Естеріңізде болар, Ернат жерлесіміз Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай 55 күндік веломарафон ұйымдастырған-ды. Ұлт ұстазының кіндік қаны тамған Қостанай облысындағы Сарыөзек ауылынан Ыстамбұлға дейін 5555 шақырымды жалғыз жүріп өтті. Мұстафа Өзтүріктің зиратына барып, Құран бағыштады.

Тағы бір айтып өтері, келесі жылы Мысырды билеген Бейбарыс сұлтанның туғанына 800 жыл толады. Осыған орай, Ернат Мелсұлы Әлихан Бөкейхан дүниеге келген Ақтоғай ауданынан Каир қаласына велосипедпен жолға шықпақ. Ал, кеше сол сапарға дайындық ретінде 800 шақырымдық марафонды бастады. Бастапқыда күніне 3 шақырымнан жүгіреді. Кейін қашықтық 5, 10 шақырымға дейін ұлғаяды. Сөйтіп, алдағы ақпан айының соңына дейін 800 шақырымды еңсеріп тастамақ.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button