Жаңалықтар

Бақытгүл Хаменова 7 жылға бас бостандығынан айырылды

Атырау қалалық №2 сотында облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты үкім шықты. Сот шешімімен ол ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлімінің 2-тармағымен (Ірі көлемде пара алу) кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. 

«Сот Бақытгүл Хаменованың қабылдаған антты бұзу арқылы қылмыс жасағанын – жазаны ауырлататын жағдай деп таныды. Жеңілдететін мән-жай ретінде жас балаларының бары ескерілді. Сотталушыға өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Екі жас баласының болуына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес жазаны өтеу мерзімі 3 жылға кейінге қалдырылды», – делінген соттың хабарламасында.

Сондай-ақ, Бақытгүл Хаменова «Құрмет» орденінен айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Атыраудағы №2 қалалық сотта Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот отырысы 11 тамызда басталған еді. Айыптау актісі 55 беттен тұрады.

Сот отырысында айыпталушы өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ.

Қазанның 31 күні өткен сот отырысында прокуратура өкілі Бақытгүл Хаменованы 7 жылға бас бостандығынан, «Құрмет» орденінен айыруды ұсынды.

Бүгін, 14 қарашада өткен сот отырысында Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға соңғы сөз берілді.

«Менің бұл қылмыстық оқиғаға қатысым болған жоқ. Осы іс бойынша заңға сәйкес ақтау үкімі шығарылуы мүмкін», – деді Бақытгүл Хаменова.

Айыпталушының соттан кейінгі сөз сөйлеген видеосын “Орталық Қазақстан” газетінің инстаграм парақшасынан көре аласыз. 

Басқа материалдар

Back to top button