Теміртау

Теміртаулық спортшы Даяна Федосова парадзюдодан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

Теміртаулық Даяна Федосова парадзюдодан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Спортшы 57 келі салмақ дәрежесінде медаль жеңіп алды, деп хабарлады Облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Біріншілік Бакуде (Әзірбайжан) өтуде. Оған 41 елден 270 балуан қатысуда. Қазақстанның намысын 18 спортшы қорғайды.

Жаттықтырушының айтуынша, Даяна Федосова алтын аламын деп оқталып барған екен.

– Ол әлемдік рейтингте екінші орында. Күн сайын бес сағат жаттығып, қарқынды дайындалды. Бірақ, өкінішке орай, ол испандықты жеңе алмады. Алда Токиодағы беделді Grand Slam рейтингтік турнирі күтіп тұр. Парадзюдо бойынша әлемдік рейтингте үздік үштікте қалу үшін бар күшімізді саламыз. Біздің алдымызда басты мақсат – 2024 жылы Парижде өтетін Паралимпиада ойындары, – дейді спортшының тәлімгері, Дзюдодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сергей Дмитриенко.

Қазіргі уақытта ҚР Ұлттық құрамасының қоржынында екі алтын және екі қола медаль бар. Жарыстың алғашқы күнінде Олжас Оразалыұлы мен Даяна Федосова қола, ал алтын медальді Ерғали Шамей мен Ақмарал Науатбек жеңіп алды.

Басқа материалдар

Back to top button