«Қазаққа әлі сенің берерің көп…»
Қасиетті Арқа даласы таланттарға кенде емес. Шет ауданы, Үңірек ауылынан түлеп ұшып, бүгінде Алаштың айбоз ақынына айналған Тілеген ӘДІЛ солардың бірі һәм бірегейі. Оның айтыстағы төкпе мақамы мен жазба поэзиядағы арынды жырлары оқырманын баяғыда тапқан. Бұғылы бағы болған, Тағылы тағылым берген «Тілеген жырау» атанған арқалы ақын туған ауылы Үңіректің 90 жылдығына арнап, есеп беру кешін өткізіп, ағайынға қуаныш сыйлап қайтты.
Туған жерге туын тігіп, туған елге тағзым жасап, халқының батасын алды. Ауылдағы ақ көңіл ағайынның көңілін көтеріп, әсем әнмен тербетіп, ауыл кешін көңілді қылды. Кешті қазақтың белгілі айтыскер ақыны, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы, Тілеген ақынның жан досы Айтбай Жұмағұл жүргізіп, сәнін кіргізді.
– Бұл кешті – туған ауылыма есеп беру, кездесу кеші деуге болады. Өйткені, есеп беруді кіндігімнің қаны тамған туған ауылымнан бастағанды жөн деп санаймын. Ал, Үңірек ауылымның 90 жылдық дүбірлі тойы алдағы уақытта сән-салтанатымен өтпек. Біздікі – осы мерейтой аясындағы еліме, жеріме рухани ләззат сыйлап, ауылдың ақ жарқын адамдарымен кездесу. Осы жауапты шарада қол ұшын берген барлық өнерпаз аға-бауырларыма шын жүрегімнен алғыс айтамын, – деп ағынан жарылды Тілеген ақын.
Айтулы кеш қонақтан да кенде болған жоқ. Алаштың аяулы әншісі Сейіл Аяған бастаған бір қауым өнерпаз өнер көрсетті. Қасиетті өнерге сусындаған қаракөз елдің шөлін басты. Құлақ құрышын қандырып, бір рахатқа бөледі.
Атап айтсақ, қазақ дәстүрлі ән өнерінің орта буынында көш бастап жүрген Арқа ән мектебінің дүлдүлдері Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркенов және эстрада жанрында жастарға үлгі болып жүрген Қуаныш-Гүлзар, Амангелді-Зағпыран дуэтінің өнерін осы кештен тамашалады жұрт. Ал, аузымен құс тістеген от ауызды, орақ тілді айтыскер ақындар, Арқаның мақтаныштары Төлеген Жаманов, Мақсат Аханов, Дидар Қами мерейтойға орай айтыс жасап, сөзден дауыл тұрғызды. Таң қалдырды, тамсандырды.
Ару қала Алматыдан, Алатау бөктерінен арнайы келген қазақ эстрадасының белді өкілдері Тоқтар Серіков пен Қазыбек Әдікей, Ершат Қайроллалар да есті әннің ең үздіктерін шырқап, ауыл халқына бар жүрегін ақтарып салды.
Мерейлі кештің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Үңірек ауылының әкімі Бектас Мұхамбетбекұлы бастаған азаматтарға ел риза болды. Оларға ауылдың ақсақалдары батасын берді.
Тілеген Әділ ағамыздың ақындығы, жыраулығынан бөлек биік азаматтық тұлғасын терең таныдық осы кеште. Өйткені, оны өнер дейтін киелі өлкедегі аға-бауырлары ақ көңілімен жақсы көріп, құрметтеп, қадір тұтатынын іспен дәлелдеді.
Сөзімізді Айтбай ақынның аяқасты суырып-салып, осы кеште оқыған мына бір жыр жолдарымен аяқтағанды жөн көрдік:
«Мақтаймын Тілегенді «Еренім!» деп,
«Ешкімнен қаймықпайтын беренім!» деп.
«От ауыз жыраулардың жалғасысың,
Абайдай поэзияда тереңім» деп.
Ауылын біреу сүйсе, сендей сүйсін,
Арнаған туған жерге өлеңін көп.
Келген жоқсың, әрине, «аламын» деп,
Шайырсың жүрген елге «беремін» деп.
Аман бол, Тілеген дос, ақын, жырау –
Қазаққа әлі сенің берерің көп!..»
Жәлел ШАЛҚАР.