Жаңалықтар

АУЫЛ ТЕАТРЫНЫҢ ТҰҒЫРЫ МЫҚТЫ

Қазақ театр өнерінің қарлығашы, КСРО Халық әртісі Шолпан ЖАНДАРБЕКОВАНЫҢ туғанына бір ғасыр толуына орай Қарағанды облысы бойынша халық театрлары байқауының шымылдығы түрілді. Өнер додасы театр өнерін дамыту, орындаушылық шеберлікті шыңдау, репертуар мен сахналық костюмдерді жаңартуды көздейді. Қарқаралы ауданынан басталған байқаудың қазылар алқасының көшпелі керуені Шет, Ақтоғай аудандарына ат басын тіреді.

Байқау жеңімпаздары бас жүлде және І, ІІ, ІІІ орындар бойынша, сондай-ақ, «Үздік ер адам рөлі», «Үздік әйел рөлі», «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі», «Екінші пландағы үздік әйел рөлі», «Үздік режиссерлік жұмыс» номинациялары бойынша марапатталады.

27 сәуірде Шет аудандық халық театры өнерін көрсетті. Театр алғашқы жұмысын 1975 жылы драма үйірмесінен бастаған. Драмалық үйірменің мүшелерінің қатысуымен ең алғаш жазушы С.Жүнісовтың «Ажар мен ажал», «Қыр гүлі» спектакльдерін қойды.

Халық театры жылдан жылға өз репертуарын түрлі тақырыптағы пьесалар мен драмалармен жандандырып келеді. Ұжым уақыт өткен сайын жаңа құраммен толығуда.

Сонымен қатар, байқауға Ақадыр кентінің халық театры қатысты.

Шет аудандық халық театры заманымыздың заңғар жазушысы Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Табалдырығыңа табын» драмасын, Ақадыр халық театры Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды Шынарым» лирикалық драмасының сахналап, өнерсүйер қауымның қошеметіне бөленді.

Сенбі күні ақтоғайлық өнерпаздар өнер көрсетті. Жалпы, өнердің қай түрінен болсын Ақтоғай қамшы салдырып көрмеген. Бұл жолы да «Шалқар» халық театрының шығармашылық ұжымы сахна шеберлігін танытып, өнерсүйер қауым мен қазылар алқасының сынынан сүрінбей өтті.

Шабанбай би ауылының «Шалқар» халық театры батыр Бауыржан Момышұлының «Запура мен Зәуре» әңгімесінің желісі бойынша дайындалған «Жазықсыз жабылған жала» спектаклін (режиссері М.Құлымжанов), Ақтоғай халық театры жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Табалдырығыңа табын» атты туындысын (режиссері Н.Жақанбаев) сахналады.

Кез келген шығарманың оқиғасы өмірден алынады. Ал, шығармаға жан бітіретін драматургия екені екі бастан белгілі. Бұл тұрғыдан келгенде Шет, Ақтоғай халық театр ұжымдары өздерінің мақсаттарына жетті деп айта аламыз. Ақтоғай халық театрының актерлері Еркебұлан Рысбек (Жәкен), Сымбат Қожамбаева (Ханым) өз кейіпкерлерін асқан шеберлікпен, асқан шынайылықпен орындап, трагедиялық туындыны сәтті алып шықты. Бұл – біздің пайымымыз. Ал, нақты баға – байқау қазылары мен театр сыншыларының еншісінде.
Бастысы – тұғыры мықты ауыл театры өнердің туын жықпай, халыққа қызмет етіп отырғанына көрермен де, қазылар да куә болды. Біз соған қуандық.

Байқау эстафетасы Ақтоғайдан шығып, ұлт ұясы Ұлытауға жол тартты.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button