Жаңалықтар

Әуреге салған ақборан

«Көктем келді» деп сырт киімді тастауға ыңғайланып едік. Биыл қыс аяғы созылып, көктемде қарды тізеден кешіп жүрміз. Ақтүтек боранның, көктайғақтың салдарынан аймақта апаттық жағдайлардың тіркелуі жиіледі. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді.

Департаменттің кешегі мәліметі бойынша, республикалық маңызы бар автожолдардың 11 учаскесінде автокөлік қозғалысы тоқтаған. Әр учаскеге құтқару қызметінің мамандары мен полиция қызметкерлерінен жасақталған 14 бекет қойылып, 131 адам, 73 арнайы техника жұмылдырылған. Нәтижесінде жолға шыққан 500-ден астам автокөлік иесі жол бойында қойылған жылыту пунктеріне орналастырылды.

Мәселен, «Қызылорда-Павлодар» автожолында Жаңаарқа ауданы аумағында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде 7 адам құтқарылды. Оның ішінде 5-еуі – бала. «Нұр-Сұлтан – Қабанбай батыр – Нұра – Теміртау» автожолынан 54 адам құтқарылып, оларды Ахмет ауылының мәдениет үйінде қойылған эвакопунктке орналастырған. «Жезқазған – Петропавл» тас жолынан Ұлытау ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің күшімен 7 автокөліктен 27 адам эвакуацияланды.

Осакаров ауданындағы «Екатеринбург – Алматы» автожолынан авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында 58 адам эвакуацияланды. Оларды Осакаровка кентінің «Жастар» ресурстық орталығына орналастырыпты.

Абай ауданында Сарепті – Есенгелді облыстық маңызы бар автожолынан 10 жеңіл автокөлікке құтқару қызметі барып, 32 адамды аман алып қалды. Солтүстік-Шығыс айналма жолы учаскесінде Үштөбе кенті жағына 5 жүк көлігі мен кептелісте тұрған 3 машинадан 14 адам Қарағандыдағы эвакопунктке жеткізілді. «Екатеринбург – Алматы» тас жолынан Шет ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің күшімен 7 адам құтқарылды. Оның ішінде 2-уі бала. Құтқарылғандар медициналық көмекті қажет етпеген. Бүгінгі таңда облыста авариялық-құтқару жұмыстары әлі де жалғасуда.

Сонымен қатар, қатты желдің салдарынан облыста 5 үйдің шатыры ұшып кетті. Қарой ауылындағы орта мектеп спортзалы ғимаратының шатыры құлады. Сынған шатырдың көлемі – 250 шаршы метр. Приозерск қаласы, Кисунько көшесіндегі 3 қабатты мектептің шатыры бұзылды. Нұра ауданының Изенді ауылындағы 2 қабатты ауылдық клубтың, Қарағанды қаласы, Жекібаев көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйдің, 13 шағын аудандағы 5 қабатты тұрғын үйдің шатыры ұшып кетті. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметкері Нұрайым Кенжехан.

Облыстың басым бөлігінде ауа райы әлі де қалыпқа келмей тұр. Ат құлағы көрінбейтін боранның салдарынан адам да жоғалған.
– Тихоновка қайың тоғайы маңында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күшімен 1982 жылы туған қойшыны іздеу жұмыстары жүргізілді. 29 наурызда мал іздеуге шығып, оралмаған. Бір тәуліктен кейін Тихоновка қайың тоғайынан 2 шақырым жерден табылды. Сонымен қатар, Бұқар жырау ауданы, Жаңақала ауылында 29 наурыз күні 20:00-де тракторымен мал іздеуге шыққан 1969 жылы және 1972 жылы туған бақташылар іс-түссіз кеткен. Департамент қызметкерлері араға 5 сағат салып, ауылдан 5 шақырым жерден тауып, Ботақара кентіне жеткізілді. Медициналық көмек қажет етпеді, – деді Нұрайым Кенжехан.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button