Ақтоғай

Шабанбай бидің мүсіні қойылды

Ақтоғай ауданының Шабанбай би ауылында сөзімен елді аузына қаратқан, ісімен халқын ұйытқан өз заманының аса ірі тұлғасы, қазақтың көрнекті қайраткері – Шабанбай би Қалқаманұлының бюсті ашылды. Ақтоғай өңіріндегі Ақсораң тауының етегін ен жайлаған ауылдың тұрғындары бас қосып, кешегі ел тұтастығы, қазақтың ауызбірлігі жолында өлшеусіз еңбек сіңірген қасиетті аталарының есімін тағы бір жаңғыртты.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Орнатылған бюстің тастұғырымен есептегенде жалпы биіктігі – 4,4 метр, мыстан құйылған. Бабаға арналаған нысанның қос қапталына Жидебай батырдың биге берген бағасы мен бидің Жақсы Жанқұттыға берген батасы жазылған. Бюстің авторы – танымал мүсінші, ҚР Мәдениет қайраткері Бейбіт Мұстафин. Суретшісі – Ислам Кенежанов. Ал, баба бейнесін алғаш қағаз бетіне түсірген алаштанушы Қайырбек Сәдуақасов екен. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, Шабанбай би ауылының 1982 жылы мектеп бітірген түлектері мен ұрпақтары орнатқан бюст аумағы үлкен саябаққа айналмақ.

Мүсіннің ашылу рәсіміне қатысқан ел ағалары Шабанбай бидің бір ауылдың немесе бір рудың ғана емес, бүткіл халықтың перзенті екенін еске алды.

– Сіздерді бүгінгі, «Рухани жаңғыру : Туған жер» бағдарламасы аясында ауыл азаматтарының бастамашы тобының демеушілігімен бой көтерген Шабанбай би бабамыздың бюстінің ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын. Бюсттің ашылу рәсімі осы ауылдың қазығын қағып, шыбығын қадап кеткен алдыңғы буын аға-әкелеріміздің аманатына деген адалдық деп білеміз. Ауылдың іргесін сетінетпей, түтінін түзу ұшыру бүгінгі ұрпақтың парызы әрі борышы. Сіздер сол аға буын алдындағы парыз бен борыштарыңызды адал атқарып, Шабанбай би ауылының дәулеті мен сәулетіне тамшыдай болса да өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Оның айғағы бүгінгі мына ауылымызда бір кісідей атқарып жатқан іс-шараларымыз. Ақтоғай ауданының халқының және өз атымнан бүгінгі игі іске бастама болған өр тұлғалы азаматтарға үлкен ризашылығымды білдіремін, – деді алғашқы болып сөз алған Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуова.

Сөз сөйлеген Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нілдібаев, ел ағалары Қарағанды облысының Құрметті азаматы Сағадат Дүйсебеков, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, алаштанушы Қайырбек Сәдуақасов, Шабанбай би ұрпақтары қауымдастығының президенті Ғабиден Есембеков, би мүсінін орнатуға бастама көтерген Әлімхан Ермеков атындағы мектептің 1982 жылғы түлектерінің өкілдері Серікхан Құлтаев, айтыскер ақын Қуаныш Мақсұтов бидің өнегелі өмір жолына терең тоқталды. Бүгінгі ұрпақтың міндеті біртуар тұлғалардың есімін тарихта мәңгі қалдыру болып табылатынын атап өтті.

Айта кетейік, Шабанбай би бабамыз туралы ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев жоғары бағаларын беріп, ғалымдар Б.Адамбаев, Н.Төреқұлов, А.Нысанбаев рухани мұраларын зерттеп, қаламгерлер Ж.Қашқынов, Қ.Байсеркин, Қ.Қалкенов, Т.Сәдуақасов, Қ.Сәдуақасов өз кітаптарында баба жайлы тың деректер келтірген болатын.

Шара соңы «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблінің концерттік бағдарламасымен жалғасты. Ұлы би әруағына құран бағышталып, ас берілді.

Шара жайлы толығырақ ақпаратты газеттің бейсенбілік санынан оқи аласыздар.

Нұрдос КӘРІМ

АҚТОҒАЙ ауданы.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button