Жаңалықтар

Атырауда суға батқан аудан әкімі әлі табылған жоқ

Атырау облысында Жайық өзеніне батып кеткен аудан әкімі әлі табылған жоқ. Сүңгуірлер іздестіруді жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Ortalyq.kz Қазақпарат-қа сілтеме жасап. 

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Махамбет ауданының әкімі 31 шілдеде сағат 20:30 шамасында Жайық өзеніне суға түскен. Алайда, өзеннен қайта шықпай қалған.

Аудан әкімі Ринат Жанғылыштың Махамбет ауданындағы Ортақшыл ауылы маңында Жайық өзенінің жабдықталмаған тұсында суға түскені белгілі болып отыр. Бүгін, 1 тамызда жергілікті уақытпен сағат 6:10 шамасында іздестіру жұмыстары басталды. Іздестіру жұмыстарына төтенше жағдайлар департаментінен 9 қызметкер мен 2 жүзу құралы тартылды. Аудандық полиция бөлімінен 10 қызметкер, туыстарынан 10 адам көмекке келген.

«Жергілікті уақытпен сағат 13:00-ге дейін аудан әкімінің денесі табылған жоқ. Сүңгуірлер су астынан іздеуді жалғастырып жатыр», – деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Ринат Жанқылыш Махамбет ауданының әкімі лауазымына 2021 жылғы ақпан айында тағайындалған. Ол 1982 жылы 2 желтоқсанда Атырау қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары, 2003 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетінде, 2011 жылы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінде, ал 2017 жылы Атырау мұнай-газ университетінде заңгер, экономист және мұнай-газ ісі мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын 2005 жылы Алматы қалалық экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде тергеуші болып бастаған. 2006-2018 жылдары бірнеше жеке кәсіпорында басшылық еткен. Ал, 2018-2019 жылдары Атырау қаласы мәслихатының хатшысы, 2019-2020 жылдары Атырау қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған. 

Басқа материалдар

Back to top button