Бас тақырыпМәселе

Мектептегі мемлекеттік тіл: Мұғалімдер не дейді?..

Біраз уақыт бұрын Парламент Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева Ресейдегі ішінара мобилизациядан кейін бас сауғалап, Қазақстанға үдере көшкен көрші елдің азаматтарына қатысты пікір білдірген еді. Бұқаралық ақпарат құралдарының бірқатары жариялаған пікірде депутат ханым: «Ресейліктерге айтарым, Қазақстанда қонақ екендеріңізді ұмытпаңыздар. Жергілікті халықтың өз дәстүрі, тұрмысы, ішкі жандүниесі бар, өзінің дүниеге деген көзқарасы бар. Біздің өз менталитетіміз бар. Олар біздің бұл құндылықтарымызға міндетті түрде құрметпен қарауы керек. Ресейліктердің дені транзитпен басқа мемлекеттерге кетеді. Ал, біздің елде қалғысы келгендерге айтарым, мемлекеттік тілді үйреніңдер. Егер қазақ жерінде қаламын десе, осыны қаперлерінде ұстасын. Өйткені, тілге құрмет – елге құрмет!» – деген.Депутаттың бұл мәлімдемесінен соң біз ел ішіндегі мемлекеттік тілдің ахуалына, нақты айтқанда өзге тілде білім беретін мектептердегі қазақ тілінің оқытылу жайына қайта бір үңілуді жөн көрдік.

Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 3,7 млн. бала оқитын 7,6 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді. 4 мыңға жуық қазақша білім беретін мектеп болса, 1 мыңнан астам орыс мектебі, 2 мыңнан аса аралас мектеп бар. «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні орыс сыныптарында 1-4-сыныптарда – 12 сағат, 5-9-сыныптарда – 20 сағат, 10-11-сыныптарда 10 сағат оқытылады. Бұл сағаттардың қазақ тілін үйретуге қаншалықты ықпал ететінін білу үшін Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы, Қарағанды қалаларындағы орыс сыныптарына сабақ беретін мұғалімдерге хабарласып, мынадай сауалдар жолдадық.

– Балалардың сабаққа деген ынтасы қалай? Ауызша, жазбаша ойын толық, жүйелі жеткізе ала ма? Диктант жазғанда қандай бағаға жазады?

– Мектеп бітіргенде қазақ тілін қай деңгейде біліп шығады, күнделікті қарым-қатынаста сұрақ қойып, жауап бере ала ма?

– Қазақ тілін оқытуда қандай қиындықтар бар? Оқулықтардың тіл дамытуға ықпалы бар ма?

АУЫЗЕКІ СӨЙЛЕГЕНМЕН, ЖАЗУДА ҚАТЕ КӨП

Мейрамгүл Оразбайқызы, Талды­қорған қаласындағы №14 ор­та мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

1. Балалардың ынтасы көп жағдайда мұғалімнің шеберлігіне, оқушылардың пәнге қызығушылығын оята білетін оқыту әдісіне байланысты. Қазақ тілі пәні орыс сыныбында оқитын балалар үшін негізгі болып есептелмейді, дегенмен 1-сыныптан бастап оқытылатын пәнге оқушылардың ынтасы жоғары. Оқыту орыс тілінде жүретін сыныптардағы білім алушылардың көбі қазақ балалар, өзге ұлт өкілдері аз. Қазақ тілі екінші тіл ретінде оқытылса да, көп бала үшін ол – ана тілі. Оқушылар ойын ауызша жеткізе алады, ал жазбаша тек қазақ тілінде ғана емес, орыс тілінде де көп қате жібереді (сауатты жазуға үйрету, ережелер, теорияны үйрету мәселесі бөлек жазылатын, айтылатын, көтерілетін мәселе. Оны балалардың Whatsapp-тағы СПС, КАК ДЕЛ, ПЖ, ЛП, т.с.с. жазбаларынан байқау қиын емес). Жаңартылған бағдарлама бойынша тілді оқытуда бірінші орынға коммуникативтік дағдылар қойылған, бұрынғыдай диктант жазбайды. 2. Мектеп бітірген балалар қазақ тілінде өзіне керегін сұрай алады, жауап бере алады. Осы тұста айта кететін жайт, балалар қазақ тілі мен орыс тілін қоя тұрып, ағылшын тіліндегі сөздерді жиі қолданады. 3. Қазақ тілін оқытуда басқа пәндердегідей қиындықтар бар. Балалар кітап оқымайды, содан тілі шорқақ, қосымша ақпаратты өздігінен іздемейді. Ал, ең маңыздысы қоғамда қазақ тілінде сөйлеу еш жерде талап етілмейді. Оқытуға барлық жағдай жасалған: оқулықтар жаңа, әдістемесі жаңартылған, педагогтер білім деңгейін арттыру курстарынан жиі өтеді.

ТІЛДІ ҮЙРЕТЕТІН – ТІЛДІК ОРТА

Шолпан Сәметқызы, Петропавл қаласындағы Сәбит Мұқанов атын­дағы №32 орта мектептің мұ­ғалімі:

1. Балалардың сабаққа деген ынтасы өте жақсы деп айта алмаймын. 10-11-сыныптарға сабақ беремін, бұл сыныптағы оқушылардың жауапкершілігі мол, өз деңгейінде сөйлеу біледі. Бірақ 6,7,8-сыныптардың дәрісіне қатысып жүргенде олардың алған білімін өз дәрежесінде қолдана алмайтынын байқадым. Орта буында оқушылардың жауапкершілігі азайып кететіні бар. Ал 9-11-сыныпқа барғанда есейіп, жауапкершілігі арта түседі. 9-сыныптар мемлекеттік емтихан тапсыру керек болғасын, ауызша ойын жақсы жеткізе алады, жазбашаға аздап қиналады. Диктантты орта буын орта деңгейде жазады, жоғары сынып тәуір жазады. 10-11-сынып балалары Ресейге оқуға барсам қазақ тілін, Абайдың, Мағжанның өлеңін жатқа білуім керек деп айтып жүреді. Ал, орта буындағы балалар ондайды түсіне қоймайды.

2. Мектеп бітіргенде балалар қазақ тілін орта деңгейде біліп шығады. Олардың арасында қазақ тілінде сөйлегісі келіп, жаны қалап сөйлейтіндері бар, бірақ өте аз. Сөйлеу үшін тілдік орта болуы керек. Кез келген қоғамдық орында орыс тілі қолданылады. Тек қазақ тілін ғана емес, кез келген тілді үйрену үшін теориялық біліммен қатар, тілдік орта қажет. Біз қазақ мектебін бітірсек те, қоғамдық орта орыс тілінде қарым-қатынас жасаған соң тез үйреніп кеттік.

3. Қазақ тілін оқытудағы қиындық – оқулық мәселесі. Мен алдымен шет тілі факультетін бітіріп, сосын қазақ тілі пәнінің мұғалімі мамандығында оқыдым. Шет тілін оқытқанда белгілі бір тақырып, тақырыпқа сай жаттығу беріледі, соңында қорытынды сабақ болады. Ал, біз бір тақырыпты өтіп, оны қорытындыламай, екіншісін бастап кетеміз. Әрине, сабақты бағдарламаға сай өткіземіз, бірақ қосымша материалды өзіміз іздеп табамыз.

Оқулықтардың тіл дамытуға ықпалына қатысты сұраққа жауап беру қиын. Себебі, қазіргі оқулықтардың бала тілін дамытуға ықпалы аз. Мектепте 30 жыл жұмыс істеген тәжірибем болған соң, шет тілін оқыған кездегі әдіс-тәсілдерді білгендіктен, жаңартылған бағдарламаны түсініп, балалардың тілін дамытуға бар күшімді саламын. Алайда, оқушылар сабақта үйренгенін айтып, тақылдап тұрғанмен, күнделікті қолданбағасын еш нәтиже болмайды. Дүкенде, кинотеатрда, вокзалда, басқа да қоғамдық нысандарда қазақша қызмет көрсетілсе, балалар сабақта үйренгенін ұмытпай сөйлеп кетер еді. Бұл тіл үйренудің бәріне мәлім қарапайым жолы. Мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мектеп бағдарламасымен ғана шектеліп қалды. Ал, біз мектеп бағдарламасымен шектелмедік. Балаларға кінә қоюға болмайды, оларға тілдің қажет екенін сезінетін орта керек. Шет тілін оқыту әдіс-тәсілінің пайда болғанына 100 жылдан аса уақыт болды, ал қазақ тілін оқытудың әдіс-тәсілін қолға алғанымызға 30 жыл. Оның үстіне, жаңартылған бағдарлама енгізіліп, әдіс-тәсіл тағы өзгерді. Сауатты жазу дағдысын қалыптастыруда тек қазақ тілін ғана емес, барлық тілді оқытуда қиындық бар. Өйткені, мектеп оқулықтарында ол қамтылмаған. Балалардың кітап оқымайтыны, материалдың барлығын интернеттен алатыны тағы бар.

ҰСТАЗДЫҢ ЕҢБЕГІМЕН ОҚУШЫНЫҢ ТАЛАБЫ ҰШТАССА…

Айман Болатқызы, Алматы қаласындағы М.Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

1. Балалардың сабаққа, тіл үйренуге деген ынтасы жақсы. Өз ойын толық қазақ тілінде жеткізеді деп айтсам артық болар, дегенмен, барынша ауызекі стильде сөйлеп, ойын жеткізуге тырысады. Диктант жазуда қазақ тіліне тән дыбыстар қиындық тудырады, десе де балалардың талпынысына қарап қуанамыз.

2. Қалада жүргенде дүкеннен, автобустан қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерін кездестіріп қаламыз. Менің ойымша, «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, сол кісілерге қазақ тілін үйреткен, сөйлеу деңгейіне жеткізген – білімді де талапшыл ұстаздары. Өзім білім беретін орыс тіліндегі мектептің түлектері сұрақты түсініп, жауап беруге ынталы.

3. Қазақ тілін оқыту – машақаты мен қызығы аралас өте күрделі процесс. Біздің тіліміз әуезді, төл дыбыстарымызды ажырату қиын әрі оқушылардың көбінің орфоэпиялық тұрғыда қиналатыны тағы бар. Қарапайым әріптерді дұрыс айтуды үйретудің өзі бірнеше сабақты қамтиды. Сол себепті, ұстаздың ерен еңбегі мен шәкірттің талпынысы бәрін жеңеді деп айта аламын. Оқулықтың тіл дамытуға ықпалы орасан зор. Бала күнделікті суретке қарап әңгіме құрай отырып сөздік қорын молайтады. Ережені жаттап отырып, тапсырманы өз бетінше орындайды. Жаңа сөздерді жаттап, мәтінді оқиды. Оқулықтың да, қосымша реквизиттің де тіл дамытуда алатын орны ерекше.

 

АУЫЛ МЕН ҚАЛА АРАСЫ

Данияр Дидарұлы, Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі (орыс сыныбы):

1. Мектепке келгенде барлық баланың оқуға ынтасы керемет болады. Дегенмен, әр баланың қабілеті мен қабылдауы әртүрлі. Мұғалім олардың ерекшелігін ескеріп оқытуы керек деп санаймын. Бір сыныпта беске оқитын да, төртке, үшке оқитын да бала бар. Диктант жазғанда да қабілетіне қарай жазады.

2. Ауылдық жер болғасын мен сабақ беретін балалардың шамамен 80%-ы қазақша жақсы біледі, сауатты жазады, 20%-ы қазақ тіліне шорқақтау, десе де өзі ойын қазақша анық жеткізе алады.

3. Қазақ тілі ғана емес, көптеген пәннің оқулықтары баланың қарым-қабілетін ескермей жазылған. Жаңартылған білім мазмұнына сәйкес балалардың барлығы бірдей деңгейде сабақ оқуы керек. Көбіне осы жағынан қиындық туады. Оқулықтағы кей тапсырманы мұғалімнің көмегімен орындайтын оқушы да бар, мұғалімнің көмегінсіз орындайтын оқушы да бар.

Оқулықтың тіл дамытуда маңызы зор. Орыс сыныбында жаңа сөздер, көне сөздерді жазғызып, аударма жасатамыз. Бұл тапсырма қазақ сыныптары үшін қарапайым тапсырма болуы мүмкін, ал орыс сыныбы үшін өте тиімді.

МҰҒАЛІМДЕР ЖАҢА ӘДІС-ТӘСІЛДІ ҚОЛДАНА БАСТАДЫ

Ардақ Тілеуқабылқызы, Қарағанды қаласындағы №15 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

1. Балалардың сабаққа ынтасы әрқалай, жақсы оқитын баланың ынтасы жақсы, орташа оқитын баланікі орташа. Ойын ауызша, жазбаша жеткізу де баланың деңгейі не байланысты. Қазақ тілінде балалар екі топқа бөлінеді, бір топта 15 оқушы десек, оның бес-алтауы ойын жақсы жеткізеді. Оның өзі күнделікті тақырыпты меңгергенін көрсету үшін ғана. Қазіргі талап бойынша диктант жазғызбаймыз. Бұрын диктант, шығарма жаздыратын кезде қатесіз жазуға көп мән беретінбіз. Қазір эссе жазады, онда грамматикалық қатеден бұрын, ойын анық жеткізгеніне мән береміз.

2. Мектеп бітіргенде қазақ тілінде ойын толық жеткізуді үйреніп шығатын бала аз, өйткені күнделікті қазақ тілінде сөйлемейді ғой. Мәселен, «дүкен» деген сабақта қарым-қатынасқа керек сөздің барлығын үйретеміз. Сыныпта бала барлық сөзді дұрыс айтқанымен, есіктен шыққасын ұмытылып қалады.

3. Қазақ тілін оқытуда қиындық бар деп біржақты айтуға болмайды. Оқулықтардағы кей мәтіндер жақсы, жатық, енді бір мәтіндердің тілі өте күрделі. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні деп аталғанмен, әсіресе жоғары сыныптарға арналған оқулықтарда биотехнология, физика, аспан денелері, индустрия тақырыбында жазылған мәтіндер бар. Бұл – жалпы білім алуға қажет болғанымен, тіл дамытуға көмектеспейді.

Кейінгі кезде Қарағанды қаласы білім басқармасының әдіскері қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне шет тілін оқытудың әдіс-тәсілдерін үйрететін курстар өткізіп жүр. Оған қатысқан мұғалімдер үйренген әдіс-тәсілдердің тиімді екенін айтуда.

Материал дайындау барысында қазақ тілінен басқа тілде оқытатын 11 жылдық жалпы білім беретін мектептің әр сыныбына арналған оқулықтарды шолып шықтық. Бастауыш сынып оқулықтарына – «Балапан», 5-7-сыныпқа – «Бәйшешек», 8-9-сыныпқа – «Бәйтерек», 10-11-сынып оқушыларына «Тіл-Байрақ» деп айдар тағылған кітаптар бағамдай алған адамға ғалымдардың қажырлы еңбегінен хабар береді. Ондай ауқымды істің аз уақытта жазылып бітпейтіні де анық.

Дегенмен, оқулықтардан қазақ тілін жетік білетін адамның өзіне ауыр күрделі мәтіндерді, газеттен алынған салалық мақалаларды көзіміз шалды. Әдетте қоғамның әр саласына қатысты кәсіби мәтіндер, жоғары оқу орнында, кәсіби шет тіліндегі дәрістерде кездеседі. «Ал мектеп оқулығында мұндай қиын сөздермен жазылған мәтіндердің көп болуы пәнге деген қызығушылықты төмендетіп жібермей ме?» деген сауал көкейімізде қалғаны жасырын емес… «Бір жоқты бір жоқ табады» дегендей, бір мәселеге үңілу біраз сұраққа жауап берсе де, көп сауалға әкеп тіреді… Мәселеге үңілу бізден, ой түю оқырманнан болсын…

Назым ДҮТБАЙ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button