Жаңалықтар

ПОТАНИН ТОҚТАҒАН ҮЙ Қарқаралыда қайта жаңғырды

Қарқаралы – тарихи көне ғимараттарға бай қала. Соның бірі – 1913 жылы орыс саяхатшысы, этнограф Григории ПОТАНИН тоқтаған үй. Бүгінде Қасым Аманжолов атындағы аудандық модельді кітапхана орналасқан бұл нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

1870-1880 жылдар аралығында орыс көпесі Василий Рязанцев қызыл кірпіштен салдырған. Дәл осындай күйдірілген қызыл кірпіштен салынған бірнеше үй бір көшенің бойында орналасқан. Потанин Қарқаралыға тұңғыш келіп, ел арасындағы аңыз-жырлардың сан алуан нұсқаларын жинап, қазақ фольклорын зерттеумен айналысқан. Өзінің жолжазба естеліктерінде, Қарқаралыда болғанында Василий Рязанцевтің үйіне тоқтағанын жазған. Кітапхана ғимаратының сыртында мұнда ғалымның тоқтағаны жазылған мемориалдық тақта ілулі тұр.

– Ғимарат мемлекеттің қорғауындағы мәдени-тарихи ескерткіштер қатарына жатады. Кеңес үкіметі жылдарында халық игілігіне қызмет ететін әр түрлі мекемелер отырды. 1920 жылдың аяғында кітапхананың абонент бөлімі, 1979 жылы орталықтандырылған кітапхана, 2004 жылдан бүгінгі күнге дейін моделді кітапхана. Облыстық тарихи мәдени мұраны қорғау инспекциясы арқылы 74 млн теңге қаржы қарастырылып, «Тұран» ЖШС-н келісімшарт жасалып, реставрациялық жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, ғимараттың шатыры ауыстырылып, сылау-сырлау жұмыстарымен қатар, екі жөртелесіне күрделі жөнделуде. Ішкі бөлмесінің сылақтары жаңартылды. Электр сымдары, есік-терезелер, едені ауыстырылады,-дейді кітапхана директоры Бағдат Бейсенова.

Сонымен қатар, ғимараттың кіре берісіне жаңа баспалдақтар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус қойылады.

Ұлттың рухани азығы болған кітапхана қорында 35 мың тарихи-әдеби кітап, 39 мерзімді баспасөз бар.

Халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан тарихи орын ғимарат желтоқсан айында жаңарған қалыпта оқырмандарына есігін ашпақ.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button