«Отан үшін отқа түс, күймейсің…»
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығында 30 жас офицер қатысқан оқу-әдістемелік жиын өтті. Оқу жиынының бірінші күнінен бастап, жас сардарларға әскери істің қыр-сыры мен қызметтік жауынгерлік тапсырмаларды орындау тәсілдері практикалық түрде үйретілді.
– Қызметке жаңадан тағайындалған офицерлерге командирлік қабілетін көрсетуге әрі шыңдауға барлық мүмкіндік жасалып отыр. Қарамағыңыздағы сарбаздарды үйретіп, оларды Отан қорғаны етіп тәрбиелейтін – өздеріңіз. Сіздерге 3 күн бойы аймаққа берілген қызмет түрі мен бөлімнің жауапты істері көрсетілді. Ата-ана мен Ұлттық ұлан Академиясы оқытушы құрамының үмітін ақтап, өз істеріңіздің маманы болыңыздар. Адал әрі талмай қызмет етсеңіздер, шен де, лауазым да өзі келеді. Іске сәт! – деді өңірлік қолбасшылықтың қолбасшысы генерал-майор Сәкентай Шекарбеков.
Жас офицерлердің арасында 2022 жылдың оқу озаты, «Алтын белгі» иегері Данила Горбуль де бар. Оның осы жылы жоғарғы әскери оқу орнын озат аяқтап, алғашқы офицерлік «лейтенант» шенін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алғанын атап өткен жөн.
– Бізге үлкен үміт артылып отыр, себебі біз сарбаздарды Отан қорғауға үйретіп, алдыңғы шепте жеке үлгі болуымыз керек. Әрқайсыңызға Отан алдында адал қызмет етуге тілектеспін, – деді лейтенант Данила Горбуль әріптестеріне.
Қорытынды жиналыста қолбасшының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Қанат Беляков өз сөзінде «Әрбір сардар үшін ел Конституциясының, заңдары мен әскери жарғының талаптарын сақтау — қасиетті борыш, оны бұзуға ешкімнің қақысы жоқ» деп атап өтті.
Бұдан бөлек, офицерлерге қызмет ету орны мен лауазымдарға тағайындалу туралы бұйрық жеткізілді.
Жәлел ШАЛҚАР.