Жаңалықтар

Қарыз жабуға емес, кәсіпкерлікке

400 АЕК – 1 225 200 теңге болатын мемлекеттік гранттарға өтінім беру 8-тамыздан басталады. Бизнес идеяларды жүзеге асыруға бағытталған грант 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында беріледі. Құжат тапсыру Business.enbek.kz порталы арқылы 21-тамызға дейін жалғасады.

Дегенмен, грант конкурсына әркім қатыса алмайды. Оған қол жеткізу үшін бірнеше талаптарды орындау керек. Грантқа үміткер жұмыссыз ретінде тіркелген, жеке кәсіпкерлер (тіркелгеніне кемі 3 жыл) немесе бірыңғай жиынтық төлем төлейтін адам болуы керек. Одан бөлек, үміткер 18-29 жас аралығындағы жастар, мүгедектер және мүгедектерді тәрбиелеп отырған отбасылар, қоныс аударушылар, қандастар, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы алушылар, сонымен бірге, атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасылардың мүшелері санатынан болуы тиіс. Жалпы, мемлекеттік грант – жастар мен осал топтарды қолдауға арналған қайтарымсыз капитал. Әр қатысушы оны бір рет ала алады.

Қарағанды қаласының жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сәйкес, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу мақсатында гранттар берудің бүкіл процесі электронды форматқа ауыстырылды. Бұл ретте «Бастау Бизнес» курсын бітіргені туралы сертификаттың болуы – міндетті. Гранттарды халықты жұмыспен қамту орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді. Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды. Бағалау кезінде бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру сияқты критерийлер негізге алынады.

Грант көпшілік ойлайтындай, тұтынушылық мақсатта, несие қарызын жабуға, жылжымайтын мүлік, жер сатып алуға берілмейді. Аталған қаражатқа бизнеске қажетті құрал-жабдықтар, технологиялық құралдар, мал, құс, көшет, тұқым алуға болады.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button