Жаңалықтар

Көк жүзіндегі жедел көмек

Денеге дерт дендеп, ауру алқымнан алғанда науқасқа араша бола алатын тек – дәрігерлер ғана. Ажалдың аузынан аман алып қалатын «абзал жан» атануы содан болса керек. Алыс-шалғай аймақтарда ауыр науқасты емдеуге дәрігерлерді ұшақпен жеткізетін санавиацияның (санитарлық авиация) көмегі мол мұндайда. Талай жанның дертін жазып, ауруын емдеуге сеп болған санавиация қызметінің сан қырын ашпақпыз.

ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ АВИАЦИЯ ҚАЙ КЕЗДЕН БАСТАЛДЫ?

2011 жылғы 28 қаңтарда ҚР Президенті Н.Назарбаев адамның күш-қуат деңгейін арттыру және медициналық қызмет сапасын арттырудың маңызды бағытын анықтаған Қазақстан халқына Жолдау арнады. Сол кезде Н.Назарбаев Үкіметке 2015 жылдың аяғына дейін медициналық авиацияның қажеттілігі үшін 16-дан кем болмайтын тік ұшақ жасап шығаруды тапсырды. Осылайша медициналық авиация тарихындағы жаңа кезең басталды. Қазіргі таңда еліміздің әрбір облыс орталықтарында медициналық авиация бөлімшелері жұмыс жасайды. Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық жедел медициналық көмек станциясы» КМК медициналық авиация бөлімі науқастарды тасымалдауда жүйелі қызмет атқарып келеді. Ал, осы санавиацияның АК «Қазавиақұтқару» тікұшағы Eurocopter EC 145 және «Орлан-2000» авиакомпаниясының АН-2 ұшақтары бар.

САНАВИАЦИЯ ҚАЙ КЕЗДЕ ШАҚЫРЫЛАДЫ?

Кез келген адам санавиацияның көмігіне өздігінен жүгіне алмайды. Дәрігерлер науқастың диагнозы ауыр болған жағдайда ғана санавиацияны шақыртады. Сонымен қоса, облыс орталығына жеткізер алдында дәрігерлер науқасқа ем көрсету үшін ауруханалармен келісімге келуі керек. Содан соң санавиация қызметіне қолқа салады. Әсіресе, науқас жол-көлік апатынан жарақаттанса, инфаркт, инсульт алса және шала туған нәрестелер мен жүкті әйелдер үшін дәрігерлер санавиация қызметіне жүгінеді.

Былтыр әуе кемесі 245 рет көкке көтеріліп, 255 азамат облыс орталығына тасымалданған. 6 науқасқа кеңес беріліп, 12 ота жасалған. Ал, жеркөлігімен 770 рет шығып 455 науқас тасымалданса, 192 кеңес жүргізіліп, 92 ота жасалған. Сонымен қоса, 71 науқасқа қан тасымалданған. Ұшақтың әуеге көтерілген саны мен науқастың саны сәйкес келмейтіні бар. Мәселен, жол-көлік оқиғасынан зардап шегіп, жарақат алғандар бірнешеу болуы мүмкін. Бір-ақ рет көтерілген ұшаққа зардап шеккен бірнеше науқас мінгізіледі. Ал, егер науқастың жағдайы ауыр болып, жол көтермейтіндей болса, санавиациямен келген білікті дәрігерлер науқастың өз үйінде шұғыл ота жасайды.

САНАВИАЦИЯ ТЕК КҮНДІЗ ҰШАДЫ

Санавиация ұшағы қонатын әуежай Қарағандыдан бөлек, Жезқазған, Балқаш, Приозерск қалаларында бар. Өкінішке қарай, аудан орталықтарында мұндай әуежай жоқ. Қарқаралы, Қаражал, Жәйрем қалаларына санавиация шақырту алса, ұшқыш қонатын жерді өзі таңдайды екен.

Қарағанды облысының құрамынан Ұлытау өз алдына жеке облыс болып бөлініп шықса да, жыл соңына дейін бұл аймақтарға облыстық санавиация өз қызметін жалғастыра береді. Ұлттық шұғыл медицина орталығының Қарағанды облысы бойынша координатор дәрігері Думан Исабаев: «Жезқазған қаласы медицинасының техникалық базасы, санавиациясы бірден дамып кеткен жоқ. Бұл жерде ең маңыздысы – науқастарға жедел медициналық көмек көрсетіп, өмірін өлімнен арашалау болмақ. Сондықтан, біздің қызметіміз жыл соңына дейін жалғаса береді. Ал, келесі жылы қандай болатыны әзірге белгісіз», – дейді дәрігер.

Жергілікті санавиацияның бір ерекшелігі – тек күндіз ұша алады. Дәрігер Думан Исабаевтың айтуынша, Қарағанды облысындағы дәрігерлер санавиациямен науқасқа көмек көрсетуге кезекшілікке қойылады екен. Әсіресе, облыстық балалар клиникалық ауруханасы, «Облыстық клиникалық аурухана», «Профессор Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана», «№2 көпбейінді аурухананың» мамандары жұмылдырылады. Осылайша мобильді бригада ұйымдасып қызмет атқарады.

– Науқасқа көмек көрсету, денсаулығын сақтау – біздің басты міндетіміз. Егер науқасқа санавиация жіберудің мүмкіндігі болмаса, онда медициналық жедел-жәрдем көлігін жібереміз. Ең маңыздысы – науқасты аман алып қалу, ауруына ем көрсету», – дейді дәрігер.

Әрине, ең басты құндылық – адам өмірі. Науқасты ажалдан арашалауға сеп болатын санавиация қызметінің үлесі орасан.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button