Мықты маман міндетіне мығым
Жастар кәсіпкерлігі – елдегі шағын бизнесті дамытудың басым бағыттарының бірі. Жыл сайын осы бағыт бойынша түрлі жобалар іске асырылуда. Яғни, ондағы басты мақсат жастар кәсіпкерлігін қолдау ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашу. Осы мақсатта облыс әкімінің 1 млн. теңге көлеміндегі қайтарымсыз гранты дәстүрлі түрде беріліп келеді. Былтыр аталмыш жобаға бюджеттен 100 млн. теңге бөлінген. Биыл бұл соманы 2 млн. теңгеге ұлғайту жоспарлануда.
Былтыр грант алуға облыс бойынша 18-29 жас аралығындағы тұрғындардан 306 бизнес жобасы келіп түскен. Комиссия шешімі бойынша оның 59-ы – қала, ал, 41-і – аудан жастарына берілген.
Жалпы, облыс әкімінің жастар кәсіпкерлігін қолдауға және дамытуға арналған грантын беру жөніндегі жобаның қызметін ұйымдастыру үшін облыс әкімдігінің «Қарағанды облысы әкімінің жастар кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға арналған гранттарын беру жөніндегі конкурстық комиссия құру туралы» қаулысы бекітілген. Комиссияның жұмыс органы – облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы. Аталмыш мекеме грант беру тәртібін регламенттейтін құжатты әзірлеуді қамтамасыз етеді. Және мониторинг жүргізуді де назарда ұстайды.
– Грант алушы жұмыс органы, конкурсты ұйымдастырушы және жастар ресурстық орталығымен 4 жақты шарт жасайды. Кейін кәсіпкер аяғынан тұрып кеткенше тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Грант иегерлері бюджет қаражатын уақытылы игерулері қажет. Егер, грант жеке бас қажеттілігіне жұмсалса, міндетті түрде кері қайтарылады. Облысымызда әкім грантын кері қайтарғандар тіркелген жоқ. Бүгінде өткізілетін жобаның алғышарттары мен құжаттар тізімі, ережесі, комиссия мүшелері бойынша мәселелер пысықталуда. Бірқатар өзгертулер күтілуде, – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Біржан Әлімжанов.
Облыс әкімінің грантын жеңіп алған жастардың бірі – Қасымхан Айтбеков. Бұқар жырау ауданы, Көкбекті ауылынан «Каратэ» үйірмесін ашып, ауыл балаларын спортқа баулып жүр. Бұған дейін жаттығу жұмыстарын өткізу үшін мектеп залын кешкілік уақытта пайдаланып келген. Бүгінде өз алдына жеке ғимарат жалдап, сүйікті ісімен айналысуда.
– Грант жайлы ауыл әкімі Айдын Досмақовтан естідім. Грантты ұтқаннан кейін ғимарат тауып беріп, жан–жақты көмектесті. Ақшаға жаттығуға қажетті құрылғылар алдық. Қазір ауыл балаларының бәрі осы жерде. Жас ерекшелігіне қарай 3 топқа бөлдім. Әу баста қажет дүниелерімді алуға шамалы уақыт берді. Қажет құралдарымды алған соң құжаттарымды арнайы құрылған комиссия мүшесіне жібердім. Алғашқыда әр 3 ай сайын мониторинг жүргізіп, қадағалап отырды. Қазір бәрі ойдағыдай. Бастаған жұмысым берекелі, жүріп жатыр, – дейді Қасымхан Ойратұлы.
Ал, осыдан 2 жыл бұрын грант иеленген Әлішер Тәженов бүгінде Vet-Expert ветеринария клиникасының жетекшісі. Қазір Әлішер басшылық етіп отырған мекемеде хирург, екі дәрігер мен ультра дыбыстық зерттеу маманы жұмыс істеуде.
– Бұл көптен бері ойымда жүрген жұмыс еді. Облыс әкімінің гранты жайлы естіп, бақ сынап көрдім. Қарағанды қаласының өзінде мұндай клиниканың саны 10-ға жетпейді. Ал, мұндай мамандардың қызметіне жүгінетін қала тұрғындары көп. Грантты ұтқаннан кейін бірден УДЗ аппаратын сатып алдым. Қалтамнан ақша шығарып, мамандарды жұмысқа тарттым. Алдағы уақытта басқа да жобаларға қатысып, рентген аппаратын алсам ба деп отырмын – дейді Әлішер Хасанұлы.
Аталмыш жобаға өтінім бергендердің саны жыл сайын артуда. Бұдан жастардың құлшынысын көруге болады. Жастайынан еңбекке бейім өскен жанның болашағы – айқын. Алдағы уақытты бұлардан үлкен жетістікке жеткен кәсіпкер шығатыны сөзсіз. Ал, жеке кәсіпкерлер санының артуы мемлекет дамуына айтарлықтай үлесін қосары анық!
Ербол ЕРБОЛАТ.