Жаңалықтар

2 см мен 6 мм айырмашылығы

Омыртқааралық жарық, яғни, «грыжаның» қандай ауру екенін көпшілік жақсы біледі. Себебі, ол адамдардың 60-80%-да кездесетін, ең көп таралған аурулардың бірі. Бұл, мамандардың айтуынша, адамдардың бүгінгі өмір салтының нәтижесі. Енді онсыз да ауруы жанына батқан науқасты барынша жеңіл және тез жазылатындай емдеу жаңа эндоскопиялық дискэктомия әдісімен мүмкін болмақ. Профессор Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханасы бұл технологиямен ота жасауды бастап кетті.

Германиядан келген дәрігер Хусейн Өзтүрік аталған ауруханада болып, омыртқааралық диск жарығының эндоскопиялық дискэктомиясын қолдануды үйретіп кетті. Жаңа технологияны қолдануға мүмкіндік беретін жаңа медициналық құралдар да алынды. Клиника дәрігерлері бұл көптен бері жоспарланған шара екенін айтты.

Бұл технологияны 2018 жылы енгізу жоспарланған болатын. Бірақ, пандемия басталып, біз қажетті құрал-жабдықты ала алмадық. Мүмкіндік енді ғана туды. Қазір аталған технология Еуропада ғана емес, барлық әлемде кең таралуда. Ол басқа әдістерге қарағанда науқасқа барынша аз жарақат келтіреді, соның есебінен адамның аяққа тұрып кетуі де тезірек болады. «Грыжа» көлемі үлкен екі науқастың операциясы кеше сәтті өтті. Ауруы басылып, екі-үш күнде үйлеріне шығатын болады. Бұл әдістің жақсысы – келтірілетін хирургиялық жарақаттың аздығында, – деді облыстың бас нейрохирургі Ғабит Махамбаев.

Нейрохирургтың айтуынша, хирургиялық операциялар әдетте еріксіз, айығудың басқа жолы болмаған кезде орындалады.

Әлбетте көпшілік операцияға барғысы келмейді. Онсыз жазылып кетуді армандайды. Бірақ, кейбір жағдайларда операциясыз болмайды. Операция болғанның өзінде оны науқас үшін барынша жеңіл, нәтижелі және тезірек қалпына келетіндей болуы керек. Эндоскопиялық дискэктомия соған мүмкіндік береді. Операцияның ізі де қалмайды. 2 сантиметрлік тілік пен 6 миллиметрдің қандай? – деді дәрігер.

Эндоскопиялық дискэктомия кезінде омыртқаның қандай бар бір бөлігі ауыстырылмайды, тек омыртқа дискісіндегі жарық алынып тасталады, сол арқылы қысылған жүйке талшықтары босап, ауырған жер басылады. Клиникада омыртқа ауруларына жылына 700-800 операция жасалады. Осының жартысына операция эндоскопиялық әдіспен жасалады.

Дәрігер Германиядан алынған медициналық жабдықтың көмегімен жаңа әдіс алдағы уақытта кеңінен қолданылатынын жеткізді.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button