Жаңалықтар

Қылқалам әлемінде – қала кебеті

«Балқаш өңірі» газетінің 90 жылдығына орай жыл басынан бері игілікті іс-шаралар қолға алынуда. Жақында оқушылар арасындағы «Менің сүйікті қалам» атты жас суретшілер байқауы мәреге жетті.

«Балалар жылы» аясындағы байқауға қала мектептерінен 50-ге жуық оқушы қатысты. Әрбір қатысушы «Менің сүйікті қалам» тақырыбында Балқаш қаласының көрікті жерлерін (жекелеген ғимараттарды, алаңдарды, нысандарды) қылқалам немесе майлы бояумен қағазға түсірді.

Суреттер газеттің «Instagram» парақшасында жарияланды. Ережеге сәйкес, ең көп лүпіл жинаған, пікір жазылған және арнайы комиссияның жоғары бағасына ие болған 10 суреттің авторы бағалы сыйлықтар, арнайы дипломдармен марапатталды. Байқау қорытындысында оқырманның зор ықыласына ие болған Диана Шәкішева (С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназия) топ бастады. ІІ орынға Гүлназ Омарова (Б.Момышұлы атындағы №8 мектеп) лайық деп танылды. ІІІ жүлделі орынды Камила Мұхатаева (Әл-Фараби атындағы №16 мектеп) иеленді.

Ал, КАМИ оқушылары – Назерке Қасымбекова, Дильнұр Дәріғұлова, Жандос Сатыбалды, Арнұр Өсербай, Әл-Фараби атындағы №16 мектеп оқушылары – Сабина Ерғазы, Әлия Болатбек, Назерке Жеңіс Алғыс хаттармен марапатталды.

Марапаттау салтанатында газеттің Бас редакторы Қуаныш Аманқұлов атап өткендей, келешекте балалар байқауы дәстүрлі түрде өтіп тұрмақ.

Сурет байқауы алдында «Балқаш өңірінің» 90 жылдығына арналған жеңіл атлетикалық жарыс ұйымдастырылған еді. Қалалық ша­раға мектептер мен колледждердің оқушылары, жекелеген еңбек ұжымдары қатысты. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар та­бысталды.

Өз тілшімізден.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button