Жаңалықтар

Шетелдік нөмір: тіркеу мерзімі бір жылға ұзартылды

Шетелдік нөмір таққан көліктердің мәселесіне әлі нүкте қойылмады. Жыл бұрын аталмыш мәселе Үкіметте талқыланып, соңында шетелдік нөмір таққан жүргізушілерден мемлекеттік тіркеуге тұруын талап еткен-тін. Бірақ, тіркеу құны халықтың қалтасына салмақ түсірген жайы бар. Ал, жауапты орган бұл мәселені қайта қарап, тек Армениядан әкелінген көлік құралдарын тіркеу құқығының мерзімін 2023 жылдың 1 наурызына дейін ұзартты. Ал, мұның көрші Ресей мен Қырғыз елінен кіргізілген көліктерге қатысы бар ма?

Алғаш қырғыз нөмірлі көліктердің дауы 2011-2012 жылдары болса, 2014-2015 жылдары Ресейден әкелінген көліктермен тағы дүрлікті. Кейінірек, бұл тізімге Армения қосылды. Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың наурызынан бастап Армениядан әкелінген көліктерге уақытша тіркеу нөмірін тағуға рұқсат беріле бастады. Алайда, шет елден кіргізілген көлікті уақытша тіркеуге қоймағандардың қатары артуына байланысты, былтыр Үкімет «Шетел нөмірін таққан көліктер жаппай уақытша тіркеуге алынсын» деп Парламентке ұсынды. Бірақ, көптің наразылығынан кейін тіркеу мерзімі 1 жылға шегерілді. Ал, бұл – халық үшін бір мүмкіндік. 2021 жылдың желтоқсанындағы деректерге сүйенсек, өңірге Армения нөмірін таққан 728 көлік әкелінген. Оның 483-і уақытша тіркеуден өтсе, 69-ы түрлі мақсатта автобөлшекпен сатылыпты. Ал, рулі оң жақта орналасқан темір тұлпардың саны – 176. Оның 110-ы тіркеуден өтсе, 66-сы әлі сол күйінде жүр.

– Бүгінгі таңда 2019 жылдың ақпан айына дейін кіргізілген көліктерді уақытша тіркеуге алып, оң рульді көліктерді арнайы тексерістен өткізіп, жарамдылығы жайлы сертификат берілді. Осы уақытқа дейін ел азаматтары Армениядан көлік алып келуі үшін сол жақтың азаматы ретінде техникалық құжат жасатып жүрді. Ал, бұл құжаты бар азамат елге келіп, көлігін уақытша тіркеуге қоя алады. Ал, олар бұл шартты орындамады. Сондықтан, елде осындай шара қолға алынды. Армения мемлекеті болса, шетелдік тұтынушыларды өз азаматы ретінде уақытша тіркеуге алудан бас тартты, – деді облыстық әкімшілік полиция басқармасының басшысы, майор Әкім Исабеков. Уақытша тіркеу нөмірі үшін 13-15 мың теңге аралығында қаржы төлейсіз. Оның ішінде нөмір, техникалық құжат пен тіркеуге алынғанын растайтын құжаты кіреді.

– Армения нөмірін таққан жолаушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тіпті, утилизация құны да екі есе түсті. Бұл – мемлекеттік нөмір алуға жақсы мүмкіндік. Көліктің бәрі сенімхат арқылы әкелінген. Сондықтан, көлік иесі 12 айдан кейін шекара сыртына шығып, қайта кіруі қажет. Яғни, Еуразиялық экономикалық одақ аумағында тіркелген көлік құралдары Қазақстан аумағында 1 жылға дейін жүруге жарамды. Қазір көлік иелері уақытша тіркеуден өтіп немесе бақылау мекемесіне барып мемлекеттік нөмір алуға мүмкіндігі бар. Тұлпары 2019 жылдың ақпанына дейін Армениядан әкелінген болса, онда олар уақытша тіркеуге алынып, «сары нөмір» беріле Себебі, олар ауада тұр. Көліктердің бәрі сол жақтың азаматтығын алған қазақстандықтардың атында. Ал, Ресей нөмірін таққан көлік иелері уақытша тіркеуден өтпейді. Себебі, Ресей мен Қырғызстаннан келген көліктер сол елдің азаматтарының атында тіркеуде, – деді майор Әкім Исабеков.

Арменияда көлік неге арзан? Себебі, 2014 жылы Еуразиялық экономикалық одақ құрамына кіруінде. Одақ құрамына кіргенге дейін Арменияға кіргізілген көліктер одақтың тауарына айналды. Ал, бұл мерзімнен кейін сырттан кіргізілген көліктерден кедендік тексеруден өтіп, салық төлеуі талап етілді. Ішкі істер министрлігінің «шектеудің Беларусь пен Ресейге еш қатысы жоқ» деп мәлімдеуінің сыры – осы. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі утилизациялық төлемін есептеу әдістемесіне 3 мамырда өзгерістер енгізді. Сәйкесінше құны екі есе төмендеді. Төлем көліктің қозғалтқыш көлеміне тікелей байланысты. Мәселен, жаңа өзгеріске сәйкес 1 000 куб үшін – 229 725 теңге, 1 001-ден 2 000 кубқа дейін – 536 025 теңге, 2 001-ден 3 000 кубқа дейін – 765 750 теңге төлейді. Ал, одан жоғарылар – 1 761 225 теңге шамасында береді. Жол ережесін бұзып, жылдамдықты асырған шетелдік нөмірлі көліктер де құзіретті органдардың назарында.

– Қала ішінде жол ережесін бұзған шет ел нөмірін таққан көліктер бейнекамераға түсіп жатады. Олар «айыппұл төлемейміз» деп ойлайды ғой. Қазір жол ережесін бұзған шетелдік нөмір таққан жолаушыларға сақтандыру полисі арқылы айыппұл салынады. Біз сақтандыру компаниясына немесе жетекшілік ететін Ұлттық банктен сұрау саламыз. Олар белгілі бір уақыт ішінде көлік және қожайыны жайлы барлық ақпарат береді, – деді Әкім Қанатұлы. 2021 жылдың қараша айындағы деректерге сәйкес, Ресей мемлекетінен 210 мыңнан астам көлік кіргізілген. Оның 88 мыңнан астамы Ресей тіркеуінен шыққанымен біздің тіркеуге қойылмаған, яғни, ауада тұр. Ал, оның 3 209-ы – Қарағанды облысында.

– Көлікті сатып алғаныма аз ғана уақыт болды. Жол ережесін бұзып, жылдамдықты асырған уақытым болған жоқ. Әрі тәртіп сақшылары да тоқтатып, құжаттарымды жиі сұрамайды, – дейді ВАЗ 2110 көлігін тізгіндеген Құдайберген есімді азамат. Ал, Армениядан әкелінген Toyota Estima көлігін мінген Дмитрий мемлекеттік тіркеуге қоюға ниетті.

– Тұлпарымды алғаныма жарты жыл уақыт болды. Көлігімді уақытша тіркейін десем – тиімсіз. Көліктің жаңа қожайыны менімен қашанғы байланыста болады? Сондықтан, мемлекеттік нөмір аламын ба деп отырмын. Утилизациялық алымның да бағасы төмендеді. Келер жылға дейін ақша жинап, мемлекеттік нөмір тағамын, – дейді ол. Талай жылдан бері күрмеуі шешілмеген мәселенің түйінін тарқатар уақыт келді. Ал, Үкімет бұл мәселенің шешімі – «осы» дегендей. Дұрыс не бұрысын – халық айтар.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button