Асылдар ардақталып, ас берілді
Ұрпақ парасаты ата-ана рухы алдындағы парыздың өлшемінде жатыр. Біздің қоғам ұлттық құндылықтардан алшақтап, отбасы құндылығы ойрандалып жатқандығымен дараланып бара жатқаны жасырын емес. Кеше көтерілген екі шаңырақтың біреуі бүгін құлап жатыр. Қарттар үйі тұрғындарының саны кеміген жоқ. Міне, осының барлығы ата-ана өнегесін дәріптеп, олардың рухы алдындағы перзенттік парызды адал атқаруға деген ниеттің жоқтығынан секілді. Бұлай кете берсек, ұрпақ сабақтастығы мүлде үзіліп, ұлттық құндылықта құн қалмайтын шығар…
Бізде – бар. Құндылық та бар. Көпке үлгі ететін көп-көрім отбасы, жарастық салтанат құрған әулеттер бар. Ата-анасын ардақтап, адалдығынан айнымай келе жатқан азаматтар да баршылық. Сондай асыл азаматтың бірі – Қазақстанның Құрметті теміржолшысы, Қарағанды магистральдық жол желісінің директоры Назыр Қабылдаұлы Қосыбаев. Назыр ағаның асқақ абыройы, азаматтық болмысы жайында біздің «Орталық» аз жазып, кем толғап жүрген жоқ. Жылдағы баспасөзге жазылу науқаны барысында Арқадағы бірегей қазақ басылымын қолтығынан демеп, қолдау көрсетіп жүрген жанашырымыз. Абзал ағаның жомарт жүрегінің жоралғысын талай көргенбіз.
Жалпы, Қосыбаевтар – теміржолшылар әулеті. Бұл әулеттің теміржол саласындағы еңбек өтілі – 250 жылдан асып барады. Ұшан-теңіз ұлағаттың ұясындай болған өнегелі әулеттің өмір жолындағы ғибратты ғұмыры жылмен өлшенбейді. Қосыбаевтар әулетіндегі өрісті өнегенің мәңгілікке айналып кеткеніне жуырда тағы куә болдық.
Назыр аға өзі бас болып, бауырлары қош көріп, ардақты әке Қабылда Қосыбайұлының туғанына – 110, асыл ана Жәмила Орынбекқызының туғанына – 100 жыл толуына орай ас берілді. Ата-ана рухына бағышталған бұл шара әдеттегідей ас ішіп, аяқ босатар мазмұннан әлдеқайда биік деңгейде ұйымдастырылды. Арқаның сал-серілері Сұрыптау кентіндегі Теміржолшылар Мәдениет сарайын ән думанына бөлеп, ақындары шабыттана жыр оқыды. Залда ине шаншар орын қалдырмай жиналған тілекші қауым Жақсыкелді Кемалов, Сейіл Аяған, Дәуренбек Әркенов, Ардақ Мұқышев сынды ән дүлдүлдерінің өнерін тамашалап, жас ақындар айтысымен серпілді.
Кеш тізгінін ұстаған «Арқа» айтыскерлер мектебінің жетекшісі, айтыс өнерінің ақберені Айтбай Жұмағұлов Қабылда атамыз бен Жәмила анамыздың өнегелі өмірі мен ел игілігі жолындағы ерен еңбектеріне шолу жасап, көзкөргендер естеліктерімен бөлісті. Кештің қадірлі қонағы Алаш жырының ардакүреңі Ғалым Жайлыбай ағамыз бен ақын, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Жәнібек Әлиман жырдан шашу шашты.
Айтысқа қатысқан жас ақындар өз кезектерінде отбасы құндылығы, ұрпақ сабақтастығы тақырыптарын тереңінен толғап, шымыр шумақтарымен сарай төрін салтанатқа бөледі. Қабылда әкеміздің қарапайым еңбек адамы ретіндегі жасампаздығы мен кісілік келбеті айшықты жырланды.
…Қабылда Қосыбаев – бар ғұмыры қос рельс бойында өткен теміржол тарланы. Майданнан да Қорғаныс министрінің арнайы бұйрығы негізінде броньмен қалып, ауыр күндерде халқымен бірге болған қажырлы азаматтың өнегелі өмірі ақындар жырына арқау болып, естелік болып туған халқымен қайта қауышты. Шара соңында асылдар рухына Құран бағышталып, ас берілді.
Иә, бір күнгі шара. Жинақы ұйымдастырылып, ас қонақтары кәусар өнерге сусын қандырды. Әр жүректе өлшеусіз өнеге, ұшан-теңіз ұлағат ұялағанын аңғардық. «Әкеге – құрмет, Анаға – тағзым» деп аталған сауапты һәм салтанатты шараның маңызы мен олжасы осында жатыр. Күйкі тірліктен сансырап кеткен саналарға сәуле түсіріп, қаншама жүрекке рухани азық сыйлады.
Ерсін МҰСАБЕК.