Нұра

Нұра ауданында тұратын Әлімбаевтар жанұясы “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының лауреаты атанды

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Нұра ауданында тұратын Әлімбаевтар жанұясы “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының лауреаты атанды. Финалистер Астанадағы “Қазақстан” орталық концерт залында марапатталды.

Биыл жыл сайын өтетін ұлттық байқауға 2542 отбасы қатысты. Олардың жартысынан көбі – ауылдық аудандардың тұрғындары, 1166 – көпбалалы және ерлі-зайыптылардың жасы 29 жасқа толмаған 501 жас отбасы. Финалға аймақтық турларда жеңіске жеткен 20 отбасы қатысты.

Қарағанды облысында Нұра ауданы Кертінді ауылының Әлімбаевтар отбасы үздік атанды. Олар елордада аймақтың намысын қорғады.

83 жастағы отағасы Тельман Әлімбаев өмірінің басым бөлігін мемлекеттік қызметке арнаған. Мектеп оқып жүрген кезінде жұбайы Күлпанмен кездескен. Олар бір сыныпта оқыған. Ерлі-зайыптылар 60 жыл бірге тұрып, алты ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсірді.

– Жұбайым екеуміз өмір бойы еңбек еттік. Мен мемлекеттік қызметте түрлі лауазымдарда жұмыс істедім, Құрылыс және ауыл шаруашылығы мәселелеріне жетекшілік еттім, “Балықтыкөл” совхозын басқардым. Жұбайым өмір бойы медицинада жұмыс істеді. Ол “Күміс алқа” және “Алтын алқа” иегері, – дейді Тельман Әлімбаев. – Сегіз баламыз, 24 немереміз және шөберелеріміз бар. Біз балаларымыздың бойына кішкентай кезінен еңбекқорлықты сөзбен емес, өз мысалымызбен сіңірдік. Барлық бос уақыттарын оларға арнауға тырыстық. Оларды көршілерге көмектесуге, үлкендерге қарсы келмеуге үйреттік. Біздің еңбегіміз зая кеткен жоқ деп ойлаймын. Барлық балалар жетістікке жетті, өмірден өз орнын тапты.

Тельман атаның ұлдарының бірі – Алпыс Әлімбаев – Нұра ауданында шаруа қожалығын басқарады, 10-ға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Ол қайырымдылықпен де айналысады.

“Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде оған 20 мыңнан астам отбасы қатысты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

Басқа материалдар

Back to top button