Жаңалықтар

Биыл 1 миллион тал егіледі

Қазақстанда 2 млрд. тал егу жоспары қарқынды жүруде. Біздің Қарағанды аймағына да жасыл желекті отырғызу жұмысы жүйелі жүріп жатыр. Былтыр қала аймағында 1 миллиондай тал отырғызылыпты. Биыл тағы да осы межеден асып түсуді көздеп отыр жауапты орган. Бұрын-соңды мұндай көлемде тал отырғызу көрсеткіші болмаған.

Қарағанды орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі шаруашылығы мекемесінің директоры Мақсат Мұқанов аталған жобаға қомақты қаражат, яғни 200 миллион теңге бөлінгенін мәлімдеді.

– Жұмыс былтырдан бастап жүргізілді. Бөлінген қаражатқа түрлі техника, қажетті құрал-жабдықтар алдық. Атап айтсақ, екі тал егетін машина, үш жаңа трактор, үш культиватор алынды. Былтыр 370 гектар жерге 1 миллиондай тал егілді. Биыл 374 гектарға көшет отырғызу жоспарда бар. Келер жылы 1000 гектар, одан арғы жылы үш мың гектарға жасыл желек отырғызамыз. Көлем – өте үлкен. Жалғыз Қарағанды емес, Теміртау, Абай, Саран, Шахтинск маңындағы мемлекеттік орман қорының жерлеріне егудеміз. Мұндай үлкен көлем Кеңес үкіметі кезінде де егілмепті. Көктемде 192 гектар ектік. Күзде 182 гектарды жоспарлап отырмыз, – дейді Мақсат Мұқанов.

Айта кетейік, тал егу жұмыстарына 50 студент тартылды. Қазіргі уақытта студенттер тұқымбақта арамшөп жұлып жүр. Және көшеттерді суарады. Көбіне қарағай, үйеңкі көшеттері.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің дерегінше, елде орман дақылдарын отырғызу материалдарын көбейту мен өсіруді жүзеге асыратын 44 тұрақты және 158 уақытша тәлімбақтар мен ұйымдар жұмыс істеуде. Онда қарағай, шырша, балқарағай, қайың, шегіршін, сексеуіл, үйеңкі, шаған, емен және басқа да ағаш түрлерінің 1-3 жастағы көшеттері бар. Барлығы – 165,5 млн. түп. Жобада басқа елдерден көшет сатып алу жолы қарастырылмағанын айта кетейік.

Иә, Қазақстан орман алқабы аз мемлекеттер қатарына жатады. Орман қорына жататын жерлердің жалпы көлемі 30 млн. гектарды құрайды. Яғни, ел аумағының 11 пайызын ғана алып жатыр. 2030 жылға қарай елдегі орман алқабы көлемін 5 пайызға дейін ұлғайту жоспарлануда.

Комитеттің хабарлауынша, шамамен 610 мың сексеуіл, 555 мыңнан астам қарағай, 193 мыңнан астам үйеңкі, 132 мыңнан астам шегіршін, 100 мыңнан астам қайың және басқа да ағаштар отырғызу жоспарланған.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button