Жаңалықтар

Қашанғы “эконом класс”?

Қазақстанда әйелдердің көбі маңдай терімен тапқан ақшасын өзіне емес, өзгеге жұмсайтын көрінеді. Бұл әсіресе, тұрмыстағы әйелдерге қатысты. Жаңа киімді тек жаппай сатылымда немесе жылына бір рет қана алады. Сұлулық салондарына баруды артық шығын деп қарайды. Бірақ, мәселе күйеуі мен балаларына, жақын туыстарына келгенде ақша аямайды. Өз қажетіңе жұмсалған шығын үшін өзіңізді кінәлі сезінсеңіз, ойыңызды өзгертетін уақыттың келгені. Психологтар адамның өз-өзінен үнемдеуі зиян екенін айтады.

Қазіргі қымбатшылық па, әлде басқа ма, әйелдер өз-өздеріне келгенде сараң екені рас. Одан да шайға тәтті-дәмді, үйіне бір керегін немесе баласына киім алғанды артық санайды. Мұны біздің үнемшілдік деп қабылдарымыз заңды. Алайда, психологтар оның астары басқа дейді.

– Жоқшылықта өткен балалық, ата-анасының сөздері бұған бірден-бір себеп болуы мүмкін, – дейді психолог Айғаным Ахметова.

– Отбасы таршылық көріп өскен қыз өсе келе сол ұстаныммен өмір сүруге дағдыланады. Ата-анасының: «Біз бай емеспіз», «Алғың келіп тұрса, қайтейін, ертең-ақ сындырып тастайсың», «Ақшамыз жетпейді» дегені де санада «установка» болып сақталып қалады. Әйел басқалар үшін үнемдеп, өзінің ала алмай қалғанына жақындарын жазғыруы мүмкін. Одан бөлек, апатия, жалпы шаршау, күйзеліс кезінде де ештеңеге құлқы соқпауы мүмкін. Өзіне көп үнемдейтін әйелдерді «эконом-класс» деп те атайтындығы жасырын емес. Олар өмір бойы өздерін «бизнес-класпен» ұшуға лайықсызбыз» деп санап, барға қанағат қылады. Егер өзіңізден ақша аясаңыз, киім-кешек алмайсыз немесе сирек аласыз, СПА-ға, фитнес-клубқа немесе мейрамханаға барғаннан гөрі отбасымен айналысқанды жөн көрсеңіз, онда сіз жоғарыда айтылған «эконом-класс» өкілісіз. Жағдайды қалай өзгертеміз? «Көңілім қалап тұр» деп қалтадағы соңғы тиынға дейін жұмсап, несиеге белшесінен батып отырған да жөн емес. Психологтар қымбат заттар сатып алмай-ақ көңіл-күйді көтеруге, серпілуге болады дейді.

– Егер өзіңізді жақсы көрмесеңіз, онда ешкім сізді жақсы көрмейді. Сіз ең жақсысына лайықсыз! Балаларыңыз бақытты ананы, ал, күйеуіңіз жарқыраған әйелді көргісі келеді. Осылай ойлап үйрену керек. Ойды өзгертсе, әрекет те өзгереді. Көңіліңізге қуаныш сыйлайтын заттардың тізімін жазып, күнделікті оларды өзіңізге сыйлап отырыңыз. Ол қымбат зат болмауы мүмкін. Күнде бір уақытты белгілеп, өзіңізді еркін сезініп, сүйікті ісіңізбен айналысыңыз. Сырт келбетіңіз бен денсаулығыңызға, шаштаразға, маникюрға, жаттығу залына, азық-түлікке үнемдеуді доғарыңыз. Гардеробты бірден емес, біртіндеп жаңартқан жақсы. Көп шығыннан пайда жоқ. Өз қажеттіліктеріңіз бен қалаған заттарыңызды соңғы орынға емес, бірінші орынға қойыңыз. Сіз өзгерсеңіз, айналаңыз да өзгереді, – дейді Айғаным Ахметова.

Психологтар кеңес береді. Ал, әрекет ету әркімнің өзіне байланысты. Мүмкіндігіңіз болып тұрса, өз-өзіңізден аямаған абзал. Шариғатта садақаның өзін əуелі өзінен бастау керектігі туралы айтылған.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button