«Өзіңді-өзің зертте!»
27 шілде – Дүниежүзілік бас және мойын қатерлі ісігіне қарсы күрес күні аясында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатынан осындай ой түюге болады. Себебі, мамандар қатерлі ісік түрлері арасында бас және мойын қатерлі ісігіне шалдыққандар көбіне-көп ауруды асқындырып жүгінетінін айтады. Сондықтан да, дәрігерлер әр адамға өз денсаулығына қарап, қандай да бір өзгерістер байқалса, бірден медициналық көмекке жүгіну қажеттігін қатаң ескертеді.
Облыс орталығындағы №3 көпбейінді аурухананың бас және мойын қатерлі ісігі бөлімінің меңгерушісі Ерғали Шәуеновтің айтуынша, былтыр анықталған 820 жағдайдың жартысына жуығы, нақтыласақ, 40%-ы аурудың асқынған шағында келген.
– Бұл шараның басты мақсаты – облыс тұрғындарына бас және мойын қатерлі ісігі туралы ақпар беру. Себебі, көпшілік ауыз бен мұрын қуысының, қалқанша бездің қатерлі ісігі кезінде кеш келеді. елде қабылданған 2018-2020 жылдарға арналған онкологиялық ауруларға қарсы күрес бойынша кешенді жоспарға сәйкес осы аурулар туралы ақпараттандыру үшін апталық ұйымдастырылады. Өкінішке орай, біздің тұрғындардың бұл аурулар туралы хабары аз. Сол себепті де, бұл мәселе өзекті болып тұр, – деді Е.Шәуенов.
Дәрігер ауру белгілері ретінде ауырсыну, ауыз қуысы жарасы, қалқанша безде пайда болған түйіндерді атады.
– Адам бойында мұндай өзгерістерді өздері көріп, анықтай алады. Ауыз қуысының кілегей қабатының ісігі әркім өзі байқай алатын жайт. Тәжірибеде бір жеті немесе 10 күн ішінде ауыздағы жара кетпесе, онда міндетті түрде жергілікті емханаға барып, дәрігерге көріну керек. Ісік анықталса, бізге жібереді. Мұндай адамдар неғұрлым ертерек келсе, емдеу нәтижелері жақсы болады. Баста ісік болса, дер кезінде алынады, – дейді дәрігер.
Ерғали Солтыбекұлы бұл қатерлі ісік түрінің пайда болуына бірден-бір әсер ететін нәрсе – темекенің түтіні екенін атап өтті.
– Темекі тартса, тастасын, ауыз қуысында созылмалы аурулары болса, емделсе, ол ісікке айналмайды. Қайталап айтамын, ертерек келсе, толығымен жазылып кету мүмкіндігі жоғары. Төртіншісі сатыда үміт күту қиын, – деп ашығын айтты.
Бүгінде 30 орынға арналған стационардың 15-20%-ында науқастар жатыр екен.
Брифинг барысында жұмсақ тіндердің саромасы жайлы аурухананың бөлім меңгерушісі Андрей Панибратц айтып берді. Дәрігердің айтуынша, барлық онкологиялық аурулардың ішінде 1%-ы осы жұмсақ тіндер саркомасы үлесіне келеді.
– Жұмсақ тіндер саркомасы тері астында, жұмсақ тіндерде пайда болады. Олар әдетте көзге бірден көрінеді. Адам мұндай ісікпен ұзақ уақыт бойы жүруі мүмкін. Бұл жағдайда қозғалыс кезінде ауырсыну сезіледі, қозғалтпай қалуы мүмкін. Кейде ісік мөлшері бірден үлкейіп кетуі де ғажап емес. Зерттеу әдістеріне келсек, бұл, қарап, көру, басып көру. Сонымен қатар, УДЗ, рентген тексерулері, КТ, МРТ, ПЭТ КТ зерттеулерін жүргізуге мүмкіндік бар. Соңғы диагнозды пункциялық биопсия нәтижесінде ғана қоюға болады, – дейді Андрей Панибратц.
Ісік, қол-аяқта, арқа мен кеуде тұста көбірек шығады екен. Бұл ауруды емдеудің ең негізгі жолы – ота саналады. Одан бөлек, ем барысында химия және сәулелік терапия қолданылады. – Мұнда да ісік қатерлі және қатерлі емес түрге бөлінеді. Дегенмен, қатерлі емес ісіктерді де болашақта қатерлі түріне айналып кетпес үшін отамен алып тастау қажет болады. Ісік ертерек анықталса, оны метастаза бермей тұрып алып тастау науқастың тезірек жазылуына септігін тигізеді. Бұл дерт былтыр 60-қа жуық адамда анықталды. Негізі, жылына 60-80 адамға ота жасаймыз. Қатерлі ісік балаларға қарағанда ересектерде жиі кездеседі, – деп түсіндірді дәрігер.
Дәрігерлер қашанда қатерлі ісіктің емі бар екенін және ол науқастың қаншалықты ерте келуіне байланысты екенін айтудан жалыққан емес. Алайда, бүгінгі брифингте айтылғандарға қарағанда өз денсаулығын күтетіндер әлі де аз сияқты.
Жансая ОМАРБЕК.